«БІЗ ТІЛІМІЗДІ САҚТАЙ АЛМАСАҚ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДЕН НЕ ҚАЙЫР?»

«БІЗ ТІЛІМІЗДІ САҚТАЙ АЛМАСАҚ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДЕН НЕ ҚАЙЫР?»

ТАЛҒАРДА ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ АЛАШ АРДАҚТЫСЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІН ДҮРКІРЕТІП ТОЙЛАДЫ

Тіл – халықтың жаны, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Сондықтан әр ел өз тіліне қызмет етеді. Керек болса, күреседі! Қазақтың тілі – өзінің даласындай кең, тыңдаушысын бірден ұйытып әкететін үндестік пен әсем ырғаққа бай тіл. «Адамның тіліне аспандағы бұлт үйіріледі» демей ме халқымыз. Ия, біздің тіліміз аспандағы бұлтты үйірердей өткір де құдретті! Осындай мерейлі мемлекеттік тіліміздің мерейін өсіруге мүлтіксіз еңбек етіп жүрген Талғар ауданы әкімдігіне қарасты ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі Тілдер мерекесі, әрі қазақ ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде «Тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» атты кеш өткізді.

Мерекелік кеш басталмас бұрын жиналған қауымға Талғар ауданы кітапханасының қызметкерлері тілге қатысты кітап көрмесін ұйым­дастырып, рухани азық беретін құнды кітаптардың мәні мен маңызы туралы айтып өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште аудандық маслихаттың хатшысы Әлібеков Мұхит Бейсембекұлы, «Aманат» партиясы Талғар аудандық филиа­лының атқарушы хатшысы Думчибаев Серік Кеңесұлы, соны­мен қатар Тал­ғар аудандық ішкі сасясат, мә­де­ниет, тілдерді да­мыту және спорт бөлі­мі­нің басшысы Беген­баева Фарида Мамырбекқызы көпшілікті мере­ке­мен құттықтап, сөз сөйледі. Елге қыз­мет етіп жүрген аза­маттар сөз бары­сында «туған тіліміз барша қазақ­стандықтардың ортақ тіліне айналу үшін атқарылатын барлық жұмыстарды перзенттік жанашыр­лық пен жауапкершілікпен адал іске асыру – елін, жерін сүйетін әр азаматың борышы» екенін атап өтіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жүрген тіл жанашырлары мен бүкіл қазақ елін қос мерекемен құттықтады. Мерекелік кештің маңызды бір ауқымды бөлігі ауданымызда тіл үшін елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттау болды. Еңбектері еленіп, ел алдында құрметке бөленген қызметкерлер Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіхановтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Атап айтсақ, Тал­ғар аудандық кітап­хананың қызметкері Сәуле Кәрібозова, аудандық қазынашылық басқармасының бас­шысы Күлшакира Әжі­баева, Тұздыбастау ауылдық округі аппаратының бас маманы Жанар Қалмұрзаева, Қарабұлақ ауылы №22 жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Кристина Гончарова, Тұздыбастау ауылы Әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін орта мектебінің ұстазы Әйгерім Досбосыновалар құрметке ие болды. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың «Алғыс хатымен» ақын, сазгер, Талғар аудандық «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының директоры Камнұр Тәлімұлы, ақын Бексұлтан Көлбаевтар да марапатталды. Ал аудандық «Аманат» партиясының «Алғыс хаты» Талғар аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Әукеновке, Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Сембаевқа, Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдаулетовке тапсырылды. Талғар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Алғыс хатымен» мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы, ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлері, кітапханашылар және тағы басқа салаларда адал еңбек етіп жүрген жандар да марапаттады. Ұлт көсемін ұлықтаған мереке ән-бисіз өтсін бе? Халықтық «Әжелер шуағы» ансамблі халық әндерін тамылжыта шырқап, ме­ре­ке­нің мерейін асыр­ды. Талғар аудандық мәде­ниет үйінің қыз­меткері Надыхан Манай­ұлының Тіл туралы айт­қан әні көпті сүйсіндірді.

Қазақ тілінің мәртебесін өсіру үшін аудан көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Солардың бірі – этнос өкілдері арасында «Абай» атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы және «Сауатты жарнама –тіл тазалығының көрнісі» атты аудандық онлайн байқауы.

Осы байқауларға белсенді қаты­сып, орын алған өзге ұлт өкіл­дері және жеке кәсіпкерлер де марапат­тан қағыс қалмады. Жастар атынан сөз алған Қарабұлақ ауылдық №22 мектебінің мұғалімі Кристина Гончарова: «Мейлі, біз қай ұлттың өкілі болсақ та, қасиетті қазақ жерінде туып-өскендіктен қазақ тілін білуге, қазақ елін құрметтеуге міндеттіміз. Қазақстан – ортақ Отанымыз. Біз, жастар, бәсекеге толы мына заманда сол ортақ отбасымыздың гүлденіп, көркейуі үшін еңбек етуге тиістіміз!» – деді барша қазақстандықтарды қазақ тілінде сөйлеуге шақырған орыс қызы. Өзге ұлт өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзінді оқып, Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін жатқа айтты. «Желсіз түнде жарық ай» әнін залда отырған көпшілік қосылып шырқады. Әр ұлттың балалары бір үйдің баласындай мемлекеттік тілде сөйлеп, қазақ тіліне деген құрметін көрсетті.
Тіл жанашыры, ақын Бексұлтан Көлбаев бізге берген сұхбатында тіл туралы өз ойын былай білдірді: «Біз тілімізді сақтай алмасақ, тәуелсіздігімізден не қайыр? Ең бірінші, ұлт болып тұру үшін тіл керек! Әлемде қаншама ұлт жоғалып кетті. Әлі де ұлт ретінде жойылып кету қаупі басым ұлттар көп. Тілі мен ата дәстүрінен айырылған ұлт жаһанданудың құрсауында өзінің бөгенайы бөлек болмысынан толықтай айырылады. Біз тілімізді ортақ тілге айналдыру үшін басқа этнос өкілдеріне қазақ тілінде сөйлеуіне тура келетін қажеттілік тудыруымыз керек. Қажеттілік туған кезде ғана өзгелер өздігінен қазақ тілінде сөйлей бастайды. Ол үшін біз экономикасы дамыған, ғылым мен білімді жеттік меңгерген ел болуға ұмтылуымыз керек. «Отанды сүю отбасынан басталады» дегендей, тіл тәрбиесі де отбасынан басталады. Әр қазақ баласы ана тілінде сөйлеп, өз құндылығымен тәрбиеленіп, ер жетуі қажет», – деп шегелеп айтты.

Тіл мерекесі – жалпыхалықтық мереке. Ол елдің рухани ұстанымын нығайтып, азаматтарды татулық пен бірлік идеялары төңірегінде топтасуға, отансүйгіштік пен ынтымақтастыққа қызмет етеді. «Кемедегінің жаны бір» демекші, ортақ тіл – ортақ мүдде, ортақ мақсат! Тілдің татулық пен бірлікке шақыратыны шындық. Кеш қонақтары дәл осы құндылықты терең ұғынып қайт­қаны даусыз.

Зорагүл Әбдіқадір