«Талғар қаласы әкімі сенбілік жасайды» деп қол астындағы қызметкерлері хабарласып айтқан соң «Керемет! Жаңа әкім тазалықты жаны сүйетін жігіт екен! Барып көрейік, газетке берейік, жұртқа көрсетейік» дедік. Жаңа сайланған жас әкімнің қолына пакет ұстап, қоқыс тазалап жүрген сәтін көз алдымызға елестетіп, фотографқа: «Сондай тұстарын жіберіп алма, түсіріп ал, халыққа көрсетейік, еңбегіне обал жасамайық жұрттан жасырып», – деп алдын ала тапсырма да беріп қойған едік.
Уағдаласқан сенбі күні де келіп жетті. «Сағат тоғызда басталады» деген соң алып-ұшып айтылған уақытында Әуезов пен Арман ықшам аудандарында орналасқан орталық зиратқа жетіп бардық. Барсақ, қала әкімінің орынбасары сол баяғы Серік Думчибаев пен бір-екі адам тұр екен. «Жарайды, басқа жұртты жинап келе жатқан болар жаңа әкім» деп таспамызды дайындап тосып тұрдық. Жарты сағат өткенде сенбілікке қатысуға тиісті 30 шақты әкімдік қызметкерлері жиналды. Басым бөлігі мұғалімдер боп шықты. Жұмысшы қолғабын киіп алып, күні кеше ғана қалам ұстаған ұстаздар тырма көтеріп, бұйрық күткен солдаттардай тағы жарты сағат тікесінен тік тұрды. Сенбілік қоршаған ортаның тазалығы үшін емес, әкімнің мәртебесі үшін арналып ұйымдастырылғандай болды. Өйткені Бақыт Күрішбеков төбесін көрсетпегенше ешкім орнынан қозғалмады. Осылайша тоғызда басталады делінген сенбілік қала әкімі келгенде сағат 10-да барып бір-ақ басталды.
Зираттың оң жағы – христиандардың, сол жағы – мұсылмандардың мәңгілік мекені екен. Қызметкерлер тазалайтын аумақты өзара бөлісіп алды. Сөйтіп бәрі қоқыс жинауға қызу кірісті. Бірақ әкімнен басқасы. Сенбілікке спорттық киім киіп келгенімен, 32 жастағы жас әкім қолына қолғап та кимеді.
«Әкіммен бірге иық тірестіріп, орталық зиратты тазалаймыз» дегендер қоқысты оның орынбасарымен қосылып тазалады. Талғардың үнемі «отынан кіріп, күлінен шығып жүретін» орынбасар Серік Думчибаев өзгелермен тең қолына тырма алып, зираттың маңайын қоқыстан тазартты. Жиналған сенбілікшілер бір сағатта шөмеледей қоқысты үйіп, жинады.
Ал киіміне шаң жұқпаған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков тұрғындардан шағым көптеп түскен соң осы орталық зиратта сенбілік өткізуді жөн санағанын айтты.
– Біз тазалық жұмыстарын жасап, содан кейін мемлекеттік жер актісін жасаймыз. Бейіттің жан-жағына қоршау қоямыз. Бұл зиратта орын мүлдем жоқ. Санитарлық тазалық сақталмайды. Бейітті қарайтын да адам жоқ екен. Жердің құжатын алып, зиратты қоршағаннан кейін, бейіттің ішіне асфальт төсеп, байқау арқылы жерлеу агенттігіне өткіземіз. Бұл бейітті Кеңсай сияқты саябақ жасаймыз», – деді қала әкімі.
Бейітте жерлейтін орын қалмағандықтан тұрғындар амалдарының жоқтығынан өлгендерді жеке шаруа қожалықтың жеріне жерлеп жатыр екен. Бақыт Күрішбеков сұхбатында әр сенбі сайын қалада сенбілік жүргізетінін атап өтті. Естеріңізге салсақ, Талғардың қақ ортасындағы балалар алаңында ересек адамның бойымен бірдей болып өскен тікендер мен аулалардың қоқысқа толғаны туралы жазған болатынбыз. Оған қала әкімі былай деп жауап берді.
Келесі аптадан бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастаймын. Әр аулада өзім жиналыс жасап шығамын. Бұл жұмысты бір аптада істей алмайсың. Жәй күндері тұрғындар жұмыста. Сенбі, жексенбі күндері кешке қарай босап жатады. Әр демалыста 3-4 ауладан бастаймыз. Халыққа түсіндіреміз, әркім өз ауласын өзі тазалау керек деп».
Осылайша Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков тұрғындарды тазалық жұмыстарына атсалысып, қаламыздың ажарлана түсуіне үлес қосуға шақырды.
Кәусар Әбдікерім