Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген екен. «Ковчег» жеке меншік балалар үйі Талғар қаласында орналасқан. Бұл жерде балалардың бірі әке-шешесі өмірден өтіп, жетім атанса, енді бірі — әке-шешесі бар бола тұра «тірі жетімге» айналған. Бұл балалар үйінде дені сау балалармен қатар мүгедек балалар да тәрбиеленіп келеді. Балалар үйінің жұмыс істеп келе жатқанына 22 жылдан астам уақыт болды. Балалар үйінің директоры Марина Сугакованың айтуынша, қазірде олар қанатының астына 32 баланы алған. Ал пандемия кезінде 52 бала болған екен.
«Ковчег» балалар үйінің ерекшелігі – мұнда тігін цехы бар. Бұл цехты болашақта балалар бір кәсіп иесі немесе кейін нанын тауып жейтіндей болсын деп ашқан екен. Әсіресе, бұл қуыршақ тігетін цех мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өте қолайлы екен. Марина Анатольевнаның айтуынша, балалар үйіне келіп жүрген достары ұл-қыздардың қолмен тіккен ойыншықтарын көріп, тәнті болып, сонда алғаш рет жәрмеңкеге қатысуды ұсынған екен.
Алғаш рет отбасы күнінде балалардың өз қолымен жасаған ойыншықтарын қала тұрғындары сатып ала бастады. Балалардың қуанышында шек болмады. Осы жолмен біз балаларды шеберлікке үйретіп, қызығушылығын арттырдық. Қазір де біз жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз. Жәрмеңкеден бөлек бізге, тіпті, тапсырыстар да түсе бастады. Осылайша біз балаларды шеберлікке ғана емес, кәсіпкерлікке де үйретіп жатырмыз. Келісім-шартқа қалай отыру керек, оны қалай орындау керек? Бағаны қалай қою керек? Әрі қарай не істеу керек? Осыларды үйретеміз. Мүмкін болашақта осы балалардың ішінен біреуі жеке кәсіпкер болатын шығар. Мұның бәрін балаларға ақырындап тәжірибе арқылы үйретеміз. Бізге 11 жастағы ұл бала келген болатын. Ол әріп танымайтын еді.
«11-дегі баланы қалай бірінші сыныпқа береміз?» деп үшініші сыныпқа бердік. Біз ол балаға оқуды, жазуды үйреттік. Бала өте ақылды болып шықты. Айтқаныңды лезде қағып алып отырады. Сонымен ол жаздай дайындалып, емтихан тапсырып, екі сыныпқа жоғарылап отырды. Қазір ол 18 жаста. Келесі жылы 11 сыныпты аяқтайын деп отыр. Міне, біздің балаларымыз еңбекқорлығы мен төзімділігінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отыр», — деп мақтанды балалар үйінің директоры.
Расында, Маринаның мақтанатындай жөні бар. «Ковчег» балалар үйінің басқа жетімдер үйлерінен айырмашылығы — бұл жерде тәрбиеленіп отырған балалар өздері нанын тауып жей алатын жасқа келгенше осы жерде қамқорлықта болады. Кәмелеттік жасқа толған балаларға өздері жұмыс қарастырып, тұрақты жұмысқа орналастырып береді екен. Жалақысын алып, бәрі жақсы болса, өзі баспана жалдай алатындай жағдайда болса ғана еркіне жібереді екен.
Енді «Ковчег» балалар үйінің тігін цехына қарай жол тарттық. Тігін тігуді үйрететін арнайы шеберханасы бар. Ойыншықтарды тігуге арналған маталарын өздері сатып алады екен. Арасында еріктілер де әкеліп беріп тұрады дейді балалар. Жасөспірімдер алдымен матаның бетіне қалаған пішінді сызып алып, сол арқылы қиып, кейіннен пішіп, сосын тігеді. Балалардың ауызбіршілігі сондай барлығы топпен жұмыс жасайды екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын балалар кішкентай бүлдіршіндерге арналған киім де тігіпті. Көйлек, кеудеше, белдемшеге дейін тіккен. Тіпті, мұндағы балалар ойыншық тігіп қана қоймай, өздеріне де киім тігіп алады екен. Жүрегі мейірімге толған жасөспірімдер анасындай болған Марина Анатольевнаға балалар күнінде көйлек тігіп беріпті. Бұл істе тәрбиеленуші қыздардың ғана емес, ұлдардың да қызығушылығы арта түскен. Цехтың ішіне кіргенде ерекше сезімде болдым. Балалардың жасаған жұмыстарын көріп, таң қалдық. Біз кіріп барғанда балалар тапсырысқа ойыншықтар тігіп отыр екен. Цехтың ішінде оннан астам тігін машинасы бар. Жеке меншік балалар үйінің директоры алғашында 2-3 қана тігін машинасы болғанын айтады. Кейіннен серіктестері тігін машиналарын толықтырып беріпті. Түрлі компаниялар іс-шаралар өткізгенде міндетті түрде «Ковчег» балалар үйін жиі шақырып тұрады екен. Жәрмеңкеден олжалы қайтқан балалар өздері тапқан қаражатқа керек-жарағын алады. Бізге ілтипат ретінде балалар шын жүректен өздері жасаған ойыншықтарын сыйға тартты.
Кәусар Әбдікерім