Өздеріңізге белгілі, күн ыстықта ағзадағы қышқылдық-сілтілік баланс бұзылады. Сондықтан бұл уақытта адам аз, бірақ жиі тамақтануы керек. Жаздың аптап ыстығы да басталып кетті. Мұндай кезде күні бойы далада жұмыс істемек түгілі, тыныстау қиындай түседі. Бастан күн өтіп, ауырып қалмауға мән беру керек. Сондай-ақ, ыстық күндері сергек жүрудің де өзіндік сырлары бар. Оның бірі — дұрыс тамақтану. Ыстық уақытта жеген тамақ пен ішкен сусынға жіті мән беру маңызды. Күні бойы сергек жүру немесе өзіңді жайсыз сезінуге ас себеп болуы мүмкін. Олай болса, қандай тағамдарды жеуге, қандай сусындарды ішуге болмайды? Осы сұраққа жауап ретінде Алматы қаласындағы мықты диетологтардың бірі — Аида Якутбекқызынан сұхбат алған болатынмын.
– Тамақты қатты тойып ішпеген дұрыс. Ыстық күнде асқа тәбет болмайды, сондықтан ағзаны қинап ішудің қажеті жоқ. Ондай кезде ұйқыдан тұра сала бір стақан су ішіп алған дұрыс. Шөлді көк шаймен, газы жоқ минералды сумен, сонымен қатар қайнаған су араластырылған шырынмен басу керек. Квас немесе лимон мен бал қосылған су да жақсы сергектік сыйлайды. Күн ысығанда айран, йогурт секілді сусындар да өте пайдалы. Бұл кезеңдерде қатты диета ұстамаған абзал. Егер арықтағыңыз келсе, тек аз калориялы тағамдар тұтыныңыз. Аптап ыстықта тәтті және ащы тағамдарды аз жеу керек. Колумбия университетінің мамандары ыстық уақытта қандай тағамдар жеу керек екенін арнайы зерттеген. Олар аптап ыстық болатын күндері тәттіден бас тартуға шақырады. Қанты көп газды сусындар ішпеуге, майлы тоқаштар, ақ нан, қант, печенье мен тортты көп жемеуге кеңес береді. Сондай-ақ, ащы тағамдарды да аз жеуді ескертеді.
– Сіз диетадан бас тартқан жөн дедіңіз, соған тоқталсаңыз, диетаның түрі көп қой?
– Тұзсыз диетадан бас тарту керек. Тұзы жоқ немесе тұзы аз тағамдарды ғана жеп, диета ұстайтын жандар бар. Ыстық күндері тұзды тағамдар жеген пайдалы. Әрине, шамадан тыс емес. Күнделікті норма бойынша жарты шай қасық болу керек. Жазда, өздеріңізге белгілі, қатты ыстықтан жүрек айну немесе бас айналу болып тұрады. Ми қайнатар ыстықта өзімізді әлсіз сезінетініміз рас. Мұндай болмас үшін банан, қаражемісті шетен, қарақат жеп, морс, асжапырақ пен жалбыз қосылған тағамдарды тұтынған абзал. Салқын табиғи сусындар да пайдалы.
– Аздап тамақтану керек дедіңіз, соның бір мөлшері бар ма? Өйткені көбіміз қарын тоймағанша дастарханнан тұрмаймыз.
– Ең бастысы – асқазанға көп күш түсірмеу. Ақуызы мол, сондай-ақ майлы тағамдар жай қорытылады. Оған ағзамыз көп энергия жұмсайды. Ыстықта қан қоюланып, зат алмасу баяулайды. Біз – диетолог мамандар жеміс-жидек, балық, көкөніс, күріш, сұлы, жүгері өнімдерін жеуге кеңес береміз. Түрлі пайдалы жапырақтар қосылған салат түрлері де ыстықта сергек жүруге көмектеседі. Бірақ оларды тоңызытқышта сақтамаған абзал. Азырақ жасап, тауысып жеген жөн. Егер тоңазытқышта сақтап қойған болсаңыз, құрамындағы пайдалы заттар күшін жояды. Бәрімізге белгілі, жаз айында аптап ыстықтан адамның ұйқысы қашып, мазасызданады. Ұйқы сергек болсын десеңіз, ұйықтар алдында тамақ ішпеген жөн. Әсіресе, еті бар астан бас тартқаныңыз абзал. Ұйқыңыз тыныш болады. Ал тыныш ұйқы – келер күні сергек жүрудің кепілі.
– Айраннан бөлек тағы қандай сусындар ішуге кеңес бересіз? Қанша дегенмен қазақтар шайға жақын.
– Кофе ішпеуге тырысыңыз. Көп адамдарда кофе ішу – күнделікті дағды. Ыстық күндері одан бас тартқан жөн. Оның орнын айранмен алмастырып көріңіз. Ыстық шай да сергектік сыйлайды. Ауа температурасы жоғарылаған сайын организмдегі қышқылдың үлесі арта түседі. Сондықтан жаз айларында сүт өнімдерін көбірек тұтынған дұрыс. Жоғарыда айтып өткенімдей көкөніс пен жеміс-жидектерді күнделікті тұтынған абзал. Жаз айында адам барлық дәрумендерді қабылдай алады. Жазда жоғарыда аталған өнімдердің барлығы қолжетімді, әрі табиғи, балғын болады. Ауа температурасы көтерілгенде аз-аздан, күніне 4-5 мәрте тамақтану қажет. Күніне 2-2,5 литр су ішу керек. Кешкісін денеңіз ісініп кетпес үшін суды түске дейін ішкен жөн.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәусәр Әбдікерім