Талғар қаласының Рысқұлов көшесі бойындағы 270-үйдің маңында тұрғындар шағым жасап, Экокеңес мүшелерін шақырып жатыр екен дегенді ести сала біз де атқа қондық. Тұрғындардың қандай мәселе бойынша Экокеңеске шағым жасап жатқандығын білу бізді де қызықтыра түсті. Аталмыш жерге жеткенімізде бір топ адамның арасынан Экокеңестің төрағасы Мирас Алмазұлы Байсейітов, Экокеңестің мүшесі, аудандық маслихат депутаты Ержан Игібаевты көрдік. Талғар қаласының әкімі Бақыт Қуатбекұлы Күрішбеков та осында болып шықты. Тұрғындарды дүрліктірген мәселенің мәнін шет жобалай сұрастырып білдік.
Жергілікті белсенді тұрғын Айман Жарлықасымова: «Барлығыңыз да көріп тұрғандай, Рысқұлов көшесінің бойындағы 270-үйдің жанында жобамен 5 сотықтай қуыс жер жатыр. Төменгі жағында Тополевка өзені ағады. Сол өзен мен көшеге дейінгі аралықты алып жатқан жерге біреулер топырақ төсеп, тегістеп, құрылыс жүргізгелі жатқанын маған тұрғындар айтты. Мұны тұрғындар есік алдындағы жер телімдерін суаратын арықты тазалауға келгенде байқаған. Келіп көрсем, өсіп тұрған ағаштар оталып, топырақ төселіп қойыпты. Содан осындағы тұрғындарды ұйымдастырып, Экокеңес мүшелерін шақырып, мәселенің мәнін толықтай ашуды ұйғардық», – дейді белсенді.
Жиналғандардың арасында әлгі жерге топырақ төсеп, тегістеп жүрген азамат та бар екен. Ол өзін Виталий Юрьевичпін деп таныстырды.
«Талғар қаласында кәсіпкерлікпен айналысамын. Рас, бұл жер қала әкімшілігіне қарайды. Мен оны жекеге немесе жалға да алған жоқпын. Айналасын тал-дарақтар қоршаған осынау қуыс жер наркомандар мен алқаштардың тұрағына айналыпты. Міне, қараңыздар, анау өзен жағасына төсеніштер төсеп, жатын орынға да айналдырып тастаған. Осы жерде неше түрлі қылмыстар да жасалады екен. Маған қала әкімшілігі ұсыныс жасады. Сол себепті де бұл жерді мен тегістеп, айналасына қарағай, қайың секілді әсем де көрікті талдар егіп, шағын демалыс саябағын, балалар ойнайтын алаңша жасап бермек болдым. Бұл жерге қатысты менің қолымда ешқандай да құжат жоқ. Құжат болмаған соң, ол жер менікі емес деген сөз. Менің бар мақсатым – әкімшілікке көмектесу, қаланы абаттандыруға, көріктендіруге үлес қосу. Нақтырақ айтқанда, менікі жасап беру. Қалғанын қала әкімшілігі шешеді», – дейді кәсіпкер.
Тұрғындардың көпшілігі осы жердегі өсіп тұрған қараағаштарды кесуге наразы екен. Кәсіпкер болса, үлкен қараағаштардың кесілмегенін, тек қана тегістеген жерде бұталардың болғанын, оның орнына әлгінде айтқанындай қарағай, қайың секілді көрік беретін ағаштарды отырғызатынын айтады. «Қалталы біреулер сатып алып, ойларына келгенін жасағалы жатыр» деп ұғып қалған тұрғындар қала әкімі мен кәсіпкердің әлгіндегідей түсіндірмелерінен кейін сабасына түскендей болды. «Осы орайда дүрбелең салмас бұрын тұрғындар әкімдікке хабарласып, мән-жайды анықтап алса, мұндай түсініспеушілік туындамаған болар еді», — дейді Экокеңес. Түбі қайырлы болған іске біз де сәттілік тіледік.
Кенже СЕРІКБАЙҰЛЫ