АСҚАҚ АРМАНЫН АЯЛАҒАН АХМЕТ

АСҚАҚ АРМАНЫН АЯЛАҒАН АХМЕТ

Үстіміздегі жылы 5 қыркүйекте Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Ұлттың рухани көсемі аталған тұлғаның мерейтойын тойлау қазіргі кезден-ақ басталып кетті. Талғар ауданы әкімдігінің және Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұйымдастыруымен Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Алаштың Рухани көсемінің ұлағаты» атты ғылыми конференция өткізілді.

Конференцияға алаштанушы Аманқос Мектепов, Амонолла қажы, Нияз қажы, жазушы Маруана Хамзақызы, профессор Ғарифолла Әнес, жазушылар Бейбіт Қойшыбай, Дәурен Қуат, Мырзан Кенжебай, Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса және өлкетанушылар, қоғам белсенділері, өнер қайраткерлері, журналистер қатысты. Жиында ғұлама ғалымның өмірбаны, еңбектері жөнінде тың деректер айтылып, алдағы уақыттағы атқарылар істер жайы сарапқа салынды. Іс-шара соңы Жаңалық ауылындағы жаңадан салынған мешітте Ұлт ұстазына араналған құран бағыштауға ұласты.

Кешегі күнге дейін Ұлт ұстазының туған күні нақтылан­бауы себепті белгісіз болып келген-тін. Ғалымдардың тынымсыз ізденістерінің арқасында оның өз қолымен толтырылған құжат­тары табылып, өзінің көрсетуі бойынша жазылған туған күні 5 қыркүйек екендігі анықталды. 2017 жылғы қараша айында қазақ ағартушысы, ғалым, әдебиет зерттеушісі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан Республикасының тілдері күні болып жарияланды. Осы күн сол уақыттан бері атаулы дата ретінде мерекеленіп келеді.

Ахмет Әулиекөл ауылында орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жүрген Александра Ивановнамен танысып, көңілдері жарасқан соң Троицкте мұсылман дәстүрімен некелерін қиған. Атақты дін қызметкері Зейнолла ишан Александраны татар қызы ретінде Бадрисафа Мұхамедсадыққызы Байтұрсынова деп жазып алған. Бадрисафа осы мешітте 2 – 3 ай болып, шариғат­ты игеріп шыққан.

Ахмет Байтұрсынұлының ел үшін еткен еңбектерін санап тауысу мүмкін емес. 1905 жылы жазылған «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі болды. 1912 жылы қазақ жазбасын қайта құрастырып, қазақ тілінде қолданылмайтын араб әріптерін қолданыстан шығарды. Қазақ тіліне тән жаңадан ерекше әріптерді қосты. «Жаңа емле» атты бұл әліппені қазірде Қытай, Ауғанстан, Ирандағы қазақтар әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Ол «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы болды. Сол кездері басылымның үш мыңнан астам жазылмандары болған. Өз елімізден бөлек, Қытай, Ресей қазақтары да алдырып оқыған. Газет беттерінде Байтұрсынұлы қазақ тілінің даму мәселелерін көтеріп, халықты бірлікке және саяси күреске шақырған. 1917 жылғы революциялар толқынында қазақтың ұлттық мүддесін көздеген Алаш қайраткерлері тобының басында жүрді. Зиялылар қауымының рухани көсеміне айналды. Әлихан, Міржақып секілді айнымас серіктерімен бірге қазақ халқының еркіндігі жолында тайсалмастан ұлы күреске түсті.

Алашы үшін аянбай еңбек еткен Ұлт көсемі 1937 жылы 8 қазанда соңғы рет тұтқындалып, бірнеше айға созылған тергеу­ден соң 1938 жылы ақпан айында атылған. Қамауда отырған шағында тергеушілердің сұрақтарына:

«Менің арманым – мүмкіншілігінше қазақ халқының дәулеттілігін, мәдениетін жоғары деңгейге көтеру. Ол ізгі іс енді ғана басталып тұрғандықтан мен басымды тек қана менің тілегімді қанағаттандыратын билікке иемін», – деп жауап берген көрінеді.

 

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ