ТАЛҒАРДА ҚАТЫГЕЗДІК БЕЛЕҢ АЛЫП БАРА ЖАТЫР — ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ ЕРКЕБҰЛАН ҚАСЕНҰЛЫ СӘРСЕНБАЕВ

ТАЛҒАРДА ҚАТЫГЕЗДІК   БЕЛЕҢ АЛЫП БАРА ЖАТЫР — ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ ЕРКЕБҰЛАН ҚАСЕНҰЛЫ СӘРСЕНБАЕВ

23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Осыған орай Талғар ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Еркебұлан Қасенұлы СӘРСЕНБАЕВ мырзаға жолығып, аз-кем сұхбаттасып қайтқан едік.

– Еркебұлан Қасенұлы, 23 маусым сіздердің төл мерекелеріңіз, құтты болсын дегіміз келеді!

– Рақмет. 2007 жылы президентіміз 23 маусымды ҚР полициясы күні деп жариялап, содан бері жыл сайын атаулы дата ретінде мерекелеп келеміз. Күн демей, түн демей еңбек ететін біз секілді қызметкерлерді үкіметіміздің елеп-ескеріп, арнайы күнді мереке етіп бергеніне де шүкіршілік айтамыз.

– Енді әңгімеміздің негізгісіне көшсек. Үстіміздегі жылды да орталатып тастадық. Осы уақыт аралығында ауданымызда қылмыс көбейді ме, әлде азайды ма?

– Үстіміздегі жылғы жасалған қылмыстарды өткен жылмен салыстыра айтатын болсақ, 1 пайызға төмендеді деуге болады. 2021 жылы осы уақытқа дейін 1058 қылмыс оқиғасы тіркелсе, осы жылы 1047 қылмыс тіркеліп отыр. Былтыр 283 аса ауыр қылмыс түрі тіркелсе, биыл 356 аса ауыр қылмыс түрі тіркелген. Осыған қарап үстіміздегі жылы аса ауыр қылмыс түрінің өскендігін байқай аламыз. Қылмыстың жалпы деңгейі өткен жылмен салыстырғанда биыл аз болғанымен, ауыр қылмыс түрлері артып кетуде. Бұл қатыгездіктің белең алып бара жатқанын көрсетеді, сол себепті күштің басым бөлігін аса ауыр қылмыстарды болдырмауға салып жатырмыз.

– «Қолыңмен жасағанды, мойныңмен көтер» деген қазақ. Сақшыларыңыз қанша қылмыскерді заң алдында тізе бүктіртті?

– Үстіміздегі жылы 1047 қылмыс тіркелген болса, оның 65 – 70 пайызы ашылды. Аса ауыр қылмыстардың аудан бойынша 90 пайызы ашылды. Мұндай дәрежеге жету қызметкерлеріміздің тынбай еңбек етуінің, іскерлігінің арқасы деп айта аламын.

– Негізінен көп жасалатын қылмыс түрлері қандай?

– Бізде ең күрделі, әрі көп жасалатын қылмыс түрлері – пәтер ұрлығы мен алаяқтық. Алаяқтық негізінен интернет жүйесі, яғни Инстаграм, OLХ секілді қосымшалар арқылы іске асып жүр. Аңқау халық сондай парақшалардағы жалған ақпараттарға сеніп қалады. Алатын затын, басқа нәрселерді қолмен ұстап көрмей тұра, ақшаны алдын ала аударып жібереді. Ақшасынан айрылғанына көзі жеткен соң ғана бізге жылап келіп, шағымданып жатады. Алаяқтықтың тағы бір түрі, мысалға, «100 мың теңге жіберсең, екі жүз мың қылып қайтарып аласың» дейтін немесе арзан автокөлікті саудаға шығарып, алдын ала бастапқы сомасын төлеуді ұсыну секілді жалған ақпараттар. Оңай олжаға кенелуді, арзан көлікті иеленіп қалуды көздеген аңқау халық сол кезде қалайша алаяқтың құрбаны болғанын аңдамай қалады, сол себепті де тұрғындарға айтарымыз: оңай жерде ақша болмайды! Ешкім де өзінің мүлкін арзанға бере салмайды! Осыны ойланғандары абзал.

— Пәтер ұрлығы да тыйылмай тұрғаны шындық. Көпшілік тұрғын үйлеріне камера, дабылқаққыш орнатпаған. Жұмысқа таңертең кетеді, кешке бір-ақ келеді. Кәнігі пәтер ұрылары осындай уақыттарды пайдаланып, есік, терезені бұзу арқылы тонап кетіп жатады. Қазіргі таңда осындай ұрылардың біршама тобы ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұлардан басқа да қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар да кездеседі. Жалпы қылмыстың тоқталмай отыруына қызметкерлердің жетіспеушілігі де әсерін тигізеді. Президентіміздің «Жаңа Қазақстанды» құрамыз деп жариялауына байланысты біршама істер атқарылуда. Министрліктің тарапынан біршама істер қолға алынып, сервистік модельге өтуді бастап кеттік. Болашақта бұл істердің барлығы да өз нәтижесін береріне сенімдімін.

– Шаруалардың көз жасын көлдетіп, бала-шағасын нәпәқасынан айырып жүргендер – мал ұрылары. Барымташылар сазайын тартып жатыр ма?

– Облысымыздағы өзге аудандармен, яғни Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарымен салыстыра айтар болсақ, бізде мал ұрлығы онша көп емес деп айта аламыз. Алайда жоқ деуге тағы келмейді. Ұрлықтың орын алуына мал иелері де себепкер, өйткені малдарына қарамайды, жібере салады. Жоғалған кезде он-он бес күндей өздері іздеп, таба алмаған соң ғана бізге келіп, арыз жазады. Осы аралықта ұрылар іздерін жасырып үлгереді. Оның үстіне жоғалған малдары тіркелмеген болып шығып жатады. Мұның барлығы із кесушілеріміздің істі ашуына қиындықтар туғызып отыр.

– Үстіміздегі жылы осы уақытқа дейін қанша мал ұрлығы тіркелді?

– Өткен жылы осы уақытқа дейін 24 мал ұрлығы тіркелсе, биыл 10 ұрлық тіркеліп отыр. Бұл ұрлықтың екеуі ғана ашылды, ал сегізі әлі күнге дейін ашыла қойған жоқ.

– Жол апаттары да қазіргі кезде күрделі жағдайлардың біріне ұласуда. Бұл тұрғыда қандай шара жасап жатырсыздар?

– Жүргізушілер жол қауіпсіздігін сақтау үшін күнделікті жұмыстар атқарамыз. Арнайы нарядтар арқылы бақылаушы күштерді көбейтіп жатырмыз. Негізгі жол апаты видеокамералардың болмауы, жол жарақтарының орнатылмауы салдарынан орын алады. Жүргіншілердің арнайы жаяу жүргінші жолағымен жүрмеуі жол оқиғасына соқтырып жатады. Бұлай жүру әкімшілік құқықтың заңдарына қайшы екенін ескермейді. Аудан бойынша жол жүру ережелерін күндіз 5 экипаж, түн мезгілінде 7 экипаж қадағалап отырады. Ауданға бұл негізінен аздық етеді. Түгелдей ауданды бақылап отыруға бұл қызметкерлер аз.

– Сонда сақшыларды көбейтуге не кедергі?

– Бұл жердегі ең басты мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Мысалға, бізде 47 инспектор болса, оның кейбірі демалысқа шығып кетеді. Ауырып қалатындары тағы болады, сол себепті де күндіз 5 экипаж, түнге қарай 7 экипаж шығаруға мәжбүрміз.

– Тағы бір үлкен мәселе Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас кентіне қарай кететін бұрылыста 8 тоннаға дейінгі көліктерге жүруге рұқсат ететін белгі қойылған. Алайда сол жақтарда «Өзентас», «Ақтас М» секілді тас өңдейтін карьерлердің болуына орай 20 – 40 тонналық ауыр жүк көліктері тыным таппай жүріп жатады. Осыған тыйым бола ма?

– Бұл жер бізге де таныс. Тұрғындар тарапынан талай мәрте шағым түскен. Сол бойынша біз де өз әлімізше жұмыс жасаудамыз. Күнделікті сағат 9-30-да және түстен кейін 2-лер шамасында патрульдерімізді тұрғызып қойып отырмыз. Күні бойы тұрғызып қоюға қызметкерлердің тапшылығы қол байлау. Әкімшілікке де хат жолдағанбыз. Карьерлердің қожайындарына да ескертулер жасадық. Қолымыздан келгенше барлық мүмкіндіктерді пайдаланудамыз.

– Қылмыстарды ашу барысында жасалатын тәсілдеріңіз қандай?

– Қазіргі таңда қылмыстарды ашу тәсілдерінің бір құралы – видеокамералар. Осы видеокамераларды көбейте түссек, қылмыстардың ашылуына көптеген септігін тигізері ақиқат. Ұялы телефонға түсіріліп, әлеуметтік желіге жүктелген кадрларды зерттеп отырамыз. Куәгерлермен, яғни тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасауға тырысамыз. Жасалған қылмыстардың біршамасын осы тұрғындардың көмегімен ашамыз.

– Қаңтар оқиғасынан соң полицейлердің тергеу барысындағы әрекеттері әлеуметтік желіде тарап, шу көтерілді. Керек десеңіз, ұсталған күдіктіні үтікпен күйдірген әрекеттері халықтың ашу-ызасын туғызды. Сіздерде тергеу барысында мұндай жан шошытарлық әрекеттер қолданылмай ма?

– Мен өз басым осы салада істеп жатқалы бері ондай жағдайға куә болған емеспін. Бола қалған күннің өзінде ондай сорақылықтарға жол бермес едім, өйткені бұл азаматтардың құқығына қол салу болып табылады. Қаңтар оқиғасы кезінде өзім осы ауданда бөлімшелік инспектор болып қызмет атқардым. Аудан бойынша қойылған бекеттерде ауданның спортсмен жастарын, әкімшілік азаматтарын, прокуратура қызметкерлерін ұйымдастырып, кезекшілікте тұрып қорғадық. Бесағаш, Панфилов ауылдарының кіреберісінде қойылған бекеттерде күндіз-түні еңбек еттік.

– Тұрғындардың көпшілігі өз құқықтарын қалай қорғау керектігін біле бермейді. Егерде сондай зорлық-зомбылыққа тап болып жатса, олар қайда шағымдануы керек?
– Ондай жағдайда прокуратураға, полицияның жеке қауіпсіздік бөліміне немесе сотқа арыздануына болады.

– Қол астыңыздағы қызметкерлердің қылмыс ашу жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– Сақшыларымыздың жұмысына қанағаттана аламын. Олардың жұмыстары ауыр. Күні-түні жұмыс істейді. Оларда демалыс деген жоқ деп айтса болады. Демалыс күндерінің өзінде кез келген қажетті уақытта шақыртылып жатады.

– Демалыс жоқ деп отырсыз. Сондай жағдайда қызмет ету үшін жалақыларыңыз да қомақты шығар?

– Бұл жағынан мақтана алмаймыз. Кімнің болса да жақсы өмір сүргісі келетіні заңдылық қой. Қызметкерлеріміздің айлық жалақылары 120 мың мен 300 мыңның арасында. Мұндай жалақы әркімді де қанағаттандыра алады дей алмаймын, әйтсе де жақсылықтардан күдер үзген емеспіз. Жарқын болашаққа деген сеніміміз кәміл.

– Еңбектеріңіз өз дәрежесінде төленсін деп тілейміз! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ