БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ ЖІГІТТЕРІ БІРІГІП, МЕШІТ САЛЫП ЖАТЫР

БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ ЖІГІТТЕРІ БІРІГІП, МЕШІТ САЛЫП ЖАТЫР

Бірлік ауылының 5-6 жігіті бірігіп, о баста қатымхана салмақшы болған екен. Содан ауыл имамы: «Ескі мешітті қатымхана жасап, жаңа мешіт салайық одан да», — деп жігіттерге бағыт-бағдар көрсеткен екен. Содан ауыл жігіттері жаңа мешіт салатын болып бірауыздан келіседі.

«Бірлік ауылының жігіттері бірігіп, мешіт салғалы жатыр екен» дегенді көрші ауылдың азаматтары естіп, сауапты іске өз үлесін қосуға асығыпты. Бірі тасын сатып алса, енді бірі — құмын, есік, терезесін, тіпті жылы еденіне дейін әкеліп беріпті. Ауыл болып, ақшалай да көмектерін аямапты. Құрылыстың басында жүрген ауыл жігіттерінің бірі Дәулет Жақыпов жаңа мешітттің құрылысына халықтан 20 миллиондай ақшаның жиналғанын айтады. Ол қаражаттан қазір 2 миллиондайы қалыпты. Құрылыстың аяқталуына да аз қалған. «Елге мешіт салып береміз» деп еңбектенген жігіттер енді Алла үйінің іші-сыртын әрлеп, ауласына гүл отырғызуға 5-6 миллион теңгедей қаражат жетпей тұрғанын жеткізді. Соған «көп түкірсе, көл» демекші, халықтан сауапты іске көмек сұрайды.


Дәулет Жақыпов, Бірлік ауылының тұрғыны:

– Жігіттер арасында «ескі мешіт құбылаға қарамаған, қазіргі заманға сай келмейді» деген әңгіме болған. Содан ауыл тұрғындары пандемия кезінде жаңа мешіт салайық дедік. Содан 2020 жылы ақша жинай бастадық. Жігіттер маған «банкте істегенсің, саған жинайық ақшаны» деді. Қаржыгер болған соң мойныма алдым ақша жинауды. Содан бір жылдай ақша жинадық. Бір жылда 4,5 миллион теңге түсті. Былтыр 9 мамырда сол 4,5 миллион теңгемен бастадық құрылысты. Өзбекстаннан құрылысшылар келді.

– Сонда қор аштыңыздар ма?

– Басында қор ашайық дегенбіз. Мен де айтқанмын: «Жеке бір адамның атына ақша жинаған дұрыс емес, қор ашайық!» — деп. Содан «Бірлік болашағы» деген қоғамдық қор ашамыз деп шешім қабылдадық. Қағаздарын жинап, Талғардағы әділет органдарына бардық, бірақ ол жерден өткізе алмадық. «Құжаттарыңызда қате бар» деп қайтарып жіберді. Оның бәрін түзедік, бірақ одан кейін де «мекен жайы дұрыс емес» деп, одан қалаға тіркеп, қаладан да өте алмай қойдық. Ол кезде қоғамдық қор ашушыларға заң қаталдау еді, сөйтіп біз қорды сол күйі тіркей алмадық, әйтпесе қағаздарын дайындағанбыз. «Қой, құрысын» деп құрылыспен айналыстық. Содан былтыр 4,5 миллионмен бастадық. Көрші Белбұлақ ауылында кірпіш зауыты бар. Соған ауылдың белсенділері барып, 30 мың кірпішке келісіп келді. Ағамыз Мұрат деген (зауыттың басшысы) көрші ауылдың азаматы, сол кісі бізге 30 мың кірпішін берді.

– Тегін берді ме?

– Ия, тегін берді. Белбұлақ ауылында тұратын Мұстафа деген жігіттің де өз зауыты бар, «мешіт салып жатырмыз» дегенді естіп, ол да 40 куб бетонын тегін берді. Бетон келді, кірпіш келді, оны ел көріп, ақша ақырындап тағы түсе бастады. Егерде мамырда 4,5 миллион теңге болса, жылдың аяғында жиналған ақша 17 миллион теңгеге жетті.
– Ақшаны тек ауыл тұрғындары жинады ма?

– Бірлік ауылынан әр үй 30 мың теңгеден берді. Жан-жақтан келді ақша. Алматы қаласының бір тұрғыны 1 миллион теңге берді. Одан кейін Түркиядан бір аға шығып, мешіттің құрылысына 4,5 миллион теңге жіберді.

– Түркияның азаматы ма?

– Ия, Түркияның азаматы. Ол айтты: «Алматыда бір бауырым бар, соған беріп жіберемін, сол алып келеді», — деді. Бөліп-бөліп берді: 1,5 миллионнан, 2,5 миллоннан. Жұмысшылардың жалақысы бар, соларға төледік. «Шатырын жаба аламыз ба» деп ойланып жүр едік, ақша түскеннен кейін қуанып қалдық. Қалада мешіт бар «Вайнах» деген сол жақтан шешен жігіттер келіп, 1 миллион 300 мың теңгеге терезені қойып берді. Ал кіреберістегі үлкен есікті Тұздыбастаудың Айдар деген жігіті салып берді. Фирмасы келіп, есік 800 мың теңгеге шыққан болатын, соны өзі төлеп: «Мынау есік менің атымнан», — деп салып беріп кетті. Мешіт халықтың ақшасына салынып жатыр.

– Сонда жалпы қанша сома жиналды?

– 20 миллионнан астам қаражат жиналды, оның 18 миллионын жараттық. Қазір 2 миллион 100 мыңдай ақша бар. Берілген материалды санамағанда, ақшалай түскені 20 миллион. Егер материалмен санайтын болсақ, онда 30 миллиондай боп қалады. Ауылдағы белсенді азамат Мақсат деген мешіттің тақтайын, арматураны базар-базарға барып, базардың бастықтарына кіріп, солармен сөйлесіп, «мешіт салынып жатыр, көмек беріңдер» деп, әр жерден жинап, мешітке алып келді.

– Талғар ауданының базарларына ма?

– Ия, Талғар ауданының базарлары берді.

– Ал 18 миллионға не салынды?

– Күмбез 5 миллион теңгеге шықты: 1,5 миллион жұмысы болды, ал 3,5 миллион теңге күмбездің өзі болды. Жұмысшыларға 4,5 милилон кетті.

– Қанша жұмысшы салды?

– Басында төртеу істеді. Олар қабырғасын 2 миллион теңгеге көтеріп кетті, ал тағы 2 миллионға ішін-сыртын сылады, дәлізді бөлек салды. Сонда қарасақ, ақшаның 50 пайызы күмбез бен жұмысшыларға кетті.

– Енді сіздерге қандай көмек керек? Қандай жұмыстар қалды?

– Бізге сыртқы-ішкі жұмыстары және аула қалды. Ішін-сыртын әрлеуге 7-8 миллион керек. Бізде қазір 2 милилон бар. Сонда 5-6 миллионмен бітеді деп отырмыз. Күмбезді жасаған жігіт жылыту жүйесін тегін жасап беремін деген. Пешін, жылы еденін, жылу жүйесіне не керек – бәрін қаладан жігіттер алып келіп берген. Оның бәрі қоймада тұр.

– Ал ескі мешіт ше?

– Есікті мешіттің жартысын медресе, жартысын қатымхана жасаймыз деп отырмыз. Бір айта кетері, былтыр қыста ескі мешіттің жылу жүйесі жарылып, ақпан айынан бастап мешіт жұмыс істеген жоқ. Жазда жаңа мешітті салып жатқанда имам келіп: «Дәулет, ескі мешіт ақпаннан бері істеген жоқ, соған көмектесіп жіберіңдерші», — деді. Ішіне кіріп қарасақ, бәрі жарылып кеткен. Жаңа мешітке жиналған қаржының 1,5 миллиондай теңгесі соған кетті. Ескі мешіттің жылу жүйесін түгел ауыстырдық. Жылы еден салдық. 600 мыңға пеш сатып алдық.

– Ал су жүйесі қалай болады?

– Бірліктегі судың бастықтары келіп, көріп, бізге тегін қосып берді суды. Су келіп тұр. Су мәселесі шешілді. Көгілдір отынды да қосып берді.

– Ал медресе қанша балаға арналған болады сонда?

– 30-40 адамға медресе жасауға болады. Қазір балалар араб тілін үйреніп жатыр.

– Ал жаңа мешітке бір мезгілде қанша адам кіріп, құлшылық ете алады?

– Жаңа мешіт 110 адамға арналған.

– Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңіз оң болсын!

Сауапты іске болысамын деушілер мына нөмерге қаражат аударса болады: + 7 701 733 91 82

Сұхбаттасқан Аруна Ортай