«Заманына қарай адамы» деген. Адамның да, қоғамның да психологиясын қалыптастыратын өзіміз. Оны бізге сырттан ешкім де әкеліп жасап бермейді. Адам психологиясын өне бойы зерттеп жүргендіктен, әртүрлі жиындарда, қоғамдық орталарда жиірек жүремін. Басшылар өткізген кездесулерді жіберіп алмауға тырысамын. Кейінгі кездері сондай кездесулер соңы тұрғындардың наразылықтарына толы айқай-шуға ұласып жататынына көбірек куә болудамын.
Өткен аптада Талғар қаласындағы жаңадан сайланған облыс әкімімен кездесу де сөзімді растай түседі. Біз мұндай күйге қалай жеттік? Сөз алу, бір-бірін тосып сөйлеу, орынды сөзге тоқтау мәдениетінен қалай айрылып қалдық? Кейінгі кездері мені де осындай сауалдар жиі мазалайды. Сондай шақта атақты Төле бидің басынан өтті делінетін мына бір әпсана да ойыма орала береді.
Жоңғарлар бір шапқыншылығында алдында кездескен қамсыз қазақты қырып-жойып келе жатыпты. Мұны естіген Төле би ауылының жұрты да ертерек қамданып, бас сауғалап, үдере қаша жөнеледі. Алайда Төле жұртта жалғыз қалып, саспай отыра беріпті. Таудан аққан қарғын судай жапырып келе жатқан жау әскері Төле отырған жұртқа да жетеді. Жалғыз қалған қараша үйді көрген жоңғарлар таңдана қарап, «мұнда бір гәп болуы керек» дейді де, үй егесіне жолығуды жөн көреді. Өз шаңырағына бет бұрған жоңғарлардың алдынан Төле бидің өзі шығыпты. Жоңғар басшысы егде тартып қалған Төлеге жақындап келіп: «Сен бізден қорықпадың ба? Жұртта жалғыз қалуыңның сыры не?» – деп сұрайды. Сонда Төле би әлгіге ізет білдіре тұрып: «Қорыққаннан не пайда! Алатын жанын Алла тағала қайда қашсаң да алады. Шаңырағыма ұя салған қос қарлығаш бар еді. Солар балапанын жаңадан ашып шығарды. Үйімді жықсам, ұя да бұзылады. Кінәсіз құстың не жазығы бар? Шабатын жау да адам ғой. Бейкүнә құсқа обал жасай қоймас деп ойладым», – деп жауап береді. Қарияның сөзіне мән берген жау басшысы: «Мына кісі шындығында әулие екен. Ешкім де тиісуші болмасын!» – деп әскерін алып кеткен екен.
Міне, сөз құдіреті деген осындай. Қазіргі ұрпақ бұл қасиеттен неге жұрдай болды? Осы сауалға тереңірек үңіліп көрелікші. Әрине, мұның басы Ресей отаршылдығынан бастау алды. Отаршыл империя ақырындап біздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жоюға кірісті. Біз сол шақтарда көптеген қасиеттерімізді жоғалта бастадық. Үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау секілді ғұрыптарымызды сыртқа тептік. Арғыны көп қозғай бермей-ақ, тәуелсіздік алғаннан бергі заманымызда ұлттық идеологияны көтерудің орнына, билік пен қарапайым халық арасы алшақтап кетті. Билік өзіне көрінбес қорған салып алды. Ал халық болса ешкімге керексіз секілді күй кешті. Осыдан келіп әлеуметтік теңсіздік орнады. Халыққа жөн сілтейтін серке болмады. Билік серке болудың орнына халық арасынан шыққан бірен-саран лидерлерге «оппозиционер» деген атақ тағып, оларды жау етіп көрсетуге тырысты. Соның салдарынан халық шынайы жаны ашитын басшысыз қалды. Отар қойды серке бастайды. Серкесі жоқ отар бетімен кетеді. Біздің халық та осындай күйге тап болды. Олар амалдың жоғынан өз күнін өзі көруге көшті. Оппозиция серкесіне де, билікке де сенуден қалды. Көпшіліктің тағы бір аты – тобыр. Оған бағыт-бағдар беріп, жетелеп отыратын тұлға болмаса, бетімен жайылады. Оның үстіне тағдыр тауқіметі титықтатқан тобырды басқару оңайға соқпайды. Осыдан келіп мәдениетсіздік те, сан түрлі қылмыс та өрши түсетіні белгілі. Бұдан құтылу үшін билік халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, топ бастау қабілетін меңгергені жөн. Ондай серкелердің халық арасынан шығуына да мүмкіндік берген абзал.
Төреғали БАТЫРХАНҰЛЫ,
парапсихолог