КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛМАЙ ҚАЛДЫ САН САУАЛ

КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛМАЙ ҚАЛДЫ САН САУАЛ

Үстіміздегі жылдың 17 маусымында Алматы облысының жаңа тағайындалған әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Талғар қаласындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Талғар ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Марат Елеусізұлы облыс әкімі ретінде алғашқы іс-сапарын Іле ауданынан бастаған екен. Түстен кейінгі сағат 4-те басталған кездесу бір сағатқа жоспарланған болатын. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ат шаптырымдай спорт залы облыс әкімімен кездескісі келген халыққа лық толды.

Жиналған көпшілік облыс әкімі келем дегенше залдың кіре берісіне орналасқан аудандағы «Баймене» ЖШС, «АМИРАН», «KERUEN PLUS», «ИНТЕЛЛСЕРВИС», «КПК ZETA», «Клотвелл» және тағы басқа ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарған өнімдері жайындағы көрмелерді тамашалады.

Әкіммен кездесу белгіленген уақыттан кешігіп басталды. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы халықпен кездесудегі баяндамасында: «Ағымдағы жылдың бес айында экономиканың негізгі салаларында оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 пайызға (689,9 млрд.теңге), ауыл шаруашылығы – 2,8 пайызға (195,5 млрд. теңге), сауда – 3 пайызға (467,5 млрд. теңге), құрылыс – 14,3 пайызға ұлғайды (79,6 млрд. теңге). 413 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, облыс экономикасына 220 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 42,4 пайызға өсіп, 202,8 млрд. теңгені құрады», – деп ел білуі тиіс бірқатар мәліметтермен бөлісті. Ол баяндамасының жалғасында Алматы облысы экономикасының дамуына өнеркәсіп өнімінің 5 пайызын құрайтын Талғар ауданы қосып отырған үлестерді нақтылап айтты. Ауданда 216 кәсіпорын болса, оның 158-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екен. 5 айда олар 15 пайыз өсіммен 34,5 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Ауданда пластикалық құрылыс материалдарын шығаратын «KERUEN PLUS», полиграфиялық өнімдер шығаратын «ИНТЕЛЛСЕРВИС», жиһаз шығаратын «КПК ZETA», комбинезондар мен формаларды тігу бойынша «Клотвелл», т.б. ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындардың өнім көлемі облыстың жалпы өнеркәсіп өнімінің 30 пайызын құрап отыр.
Баяндамада әкім Талғар ауданының ауыл шаруашылығына кеңірек тоқталып өтті. «Ағымдағы жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 62,2 млрд. теңге бөлінді. Агроөнеркәсіптік кешеннің 16 мыңға жуық субъектісі мемлекеттік қолдаумен қамтылады, оның ішінде Талғар ауданының 250 шаруа қожалықтары 1,8 млрд. теңгеге қолдау алады», – деді Марат Сұлтанғазиев. Бүгінгі күнге дейін 72 шаруашылыққа жалпы сомасы 600 млн. теңгеге қолдау көрсетіліпті. Талғар ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік көлемі 31,3 мың гектарды алып жатқан көрінеді. Оның ішінде жеміс-жидек дақылдары – 2,8 мың га, картоп – 2,9 мың га және көкөніс – 2,7 мың га. Округтерде 6,2 гектар жерде 20 жылыжай орналасқан. Олардың өнімділігі жылына 1,6 мың тоннаға жетеді екен.

Әкім сөзінде мал шаруашылығы саласында да өсім бар екені айтылды. Ірі қара мал саны 42,9 мың басқа жетіпті. Оның 21,9 мыңы сиыр, жылына 68 мың тонна сүт өндіруге қол жеткізген. 3,2 мың басқа арналған 5 бордақылау алаңы және 5,7 мың басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді-міс. Ауданда жұмыртқа бағыты бойынша жылына 32 млн. дана жұмыртқа өндіретін «Алел Агро» ЖШС құс фабрикасы жұмыс істейтіндігі айтылды.

Ауыл тұрғындарының наразылығын тудыратын түйткілді мәселе – жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі екенін қадап айтқан облыс әкімі: «Мониторинг барысында 78,9 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды, оның ішінде егістік – 7 мың га, көпжылдық дақылдар – 544 га, жайылым – 71,4 мың га. Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,2 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды, 10,3-і ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, 65,4-і жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілді», – деді.

Әңгіме барысын білім саласына бұрған әкім: «Үш ауысымда оқытуды жою басты міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда облыста осындай 54 мектеп болса, оның 6-уы Талғар ауданында. Тапшылық 5436 оқушы орнын құрайды. Осыған орай 2023 жылы Қызылту, Рысқұлов, Жаңалық, Көктал ауылдарында 3,8 млрд. теңгеге 2100 орындық 4 мектеп салу жоспарлануда», – деп баяндады.

Сөз соңында облыс әкімі Марат Елеусізұлы Талғар ауданы әкімі Қайдар Әбдіхановқа тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу үшін нақты шаралар қолдануды тапсырды. Аудан басшылығына берген тапсырмаларын жік-жікке бөлген облыс әкімі: «Бұл ретте кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Талғары ауданы әкімімен бірлесіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту жолымен өндірісті одан әрі ұлғайту жөнінде шаралар қабылдасын. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алсын және олардың іске қосылуын қамтамасыз етсін», — деп қадап айтты. Сондай-ақ: «Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп: жылыжай шаруашылықтары мен сүт-тауар фермаларын іске қосу, жұмысын жандандыру жөнінде шаралар қабылдауды; ауданның әлеуетін ескере отырып, жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуді; сыртқы нарықтарға бағдарлана отырып, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін жаңа технологияларды белсенді енгізуді тапсырамын» , — деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев.

Ал Жер қатынастары, ауыл шаруашылығы басқармаларына Талғар ауданы басшылығымен бірлесіп пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану бойынша жұмысты жандандырып, жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол бермеуді жүктеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беру және жер деректерін цифрлау бойынша қажетті шараларды қабылдау да айтылды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшылары да Талғардан тапсырмасыз қайтпады. Оларға аудан әкімі Қайдар Әлиханұлымен бірлесіп халықты орталықтандырылған сумен, су бұру жүйесімен және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алып, көпбалалы отбасыларды және әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жауапкершігілігі артылды. Сонымен бірге облыс әкімі автомобиль жолдардың, соның ішінде кентішілік жолдардың жөндеуін мерзімінде аяқтап, жұмыстардың сапалы орындалуын тапсырды.

Білім, денсаулық сақтау, құрылыс басқармалары басшылары болса, аудан әкімімен ақылдаса отырып, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауын қадағалауы тиіс. Облыс әкімі егер осы салада кемшін тұстар болатын болса, осы басшылардан сұралатынын жеткізді. Нәрестелер мен ана өлімін болдырмау, ауру-сырқауды азайту бойынша шаралар да осы басшылардың мойнында. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу, көтерме ақы төлеу және тұрғын үй сатып алуға несие беру арқылы әлеуметтік қолдау арқылы кадрларды тарту бойынша жұмысты да жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімі тұрғындардың түйткілді сұрақтарына жауап беруге де уақыт бөлді. Бірінші боп сұрақ қойған Талғар қаласындағы Ақдала мөлтек ауданының тұрғыны Ақлима Балташева: «Біз тұрып жатқан мөлтек ауданда мектеп, дәрігерлік бөлімше атымен жоқ! Балаларымыз орталық жақтардағы мектепке қатынайды. Біз тұрып жатқан жерге көше автобустары да жүрмейді. Үйлерімізге газ құбырлары да тартылмаған. Тұрғындар бұл мәселелерді өне бойы көтеріп келе жатыр. Алайда осы уақытқа дейін шешілген мәселе тағы болмай отыр. Көлік жүретін жолдар да асфальттанбаған. Балаларымызды мектепке такси жалдап апарамыз. Тауып отырған табысымыз да соншалықты мәз емес. Біз қашанғы осындай жетіспеушіліктердің құрбаны бола бермекпіз? Осы істердің шешімін табатын жан табыла ма?» – деп бірнеше түйткілді мәселені бір-ақ ақтарды.

 

Ақдала тұрғынының бұл сауалына аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы Әбдіханов: «Бұл жағдайлар бәрімізге де таныс. Осы мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақыттарда түбегейлі шешімін табатын болады. Газ мәселесіне келсек, құбырларлар тартылмаған біршама мөлтек аудан бар. Олардың сметалық жобалары жасалып, есептелуде. Осы жұмыстар біткеннен кейін бюджеттік тапсырысқа ұсынатын боламыз. Қаржы бөлінген шақта бұл мәселе де шешімін табады», – деп жауап қайтарды.

Нұрболат Келгенбаев, Айғаным, Көктал ауылдарының белсендісі: «Мен ауылда келе алмай отырған 20 мың тұрғынның мұңын жеткізгелі отырмын. 2015 жылы Талғар ауданына қарасты Айғаным ауылына мектеп салынуы керек болған. Алайда осы уақытқа дейін мектебіміз құжат күйінде қалуда. Қайнар ауылы әкімінің шамасы келмей отыр. Тағы бір мәселе – Көктал, Айғаным ауылдарына жолдар салынып жатыр. Алайда оның сапасы сын көтермейді. Жолдардың тарлығынан ауылдарға қатынайтын автобустар кіре алмайды. Осындай мәселелерді әкімдікпен бірігіп шешкіміз келеді. Алайда олар өздерін халықтан тысқары ұстайды. Электр жарығы да біздер үшін күрделі мәселе. Өз әкімдерімізге айтсақ, «облыстан ақша бөлінбей жатыр» деп жоғарыға сілтейді. Осындай мәселелерге кім жауапты? Тұщымды жауап ала аламыз ба?», — деп екі ауыл тұрғындарының атынан сөйледі. Ауыл белсендісінің осы сауалынан кейін кездесу өтіп жатқан зал ішінде микрафонға талас, айқай-шу басталып, оның үстіне дауыс күшейткіштердің сапасыздығынан кімнің не айтып жатқанын ұғуға мұрша бермеді. Байқағанымыз, облыс әкімі Іле ауданында өткізген кездесуде сауалдарын беріп үлгере алмаған қалың жұрт Талғарға әкіммен берге жөңкіле келген сыңайлы. Талғар ауданындағы кездесуге берілген мөлшерлі уақыт та зыр етіп өте шықты. Сауалдарын беріп үлгере алмаған арадай құжынаған жұрт уақытының басым көпшілігін микрафонға таласумен өткізді. Көпшіліктің осындай улыған да шулыған болған жағдайынан Талғар ауданы ғана емес, облысымыздағы түйіні шешілмей жатқан түйткілкілдердің сан алуан екенін ұққандай болдық.

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ