Жаз бастала сала ауыл баласы емін-еркін көшеде доп қуып ойнаса, қала балдырғандары үй ауласындағы алаңдарды жағалайды. Әлбетте әр баланың ең бақытты сәттері ата-ана мейірімінен соң осы ойын алаңдарынан басталады. Сол естеліктер оның жүрегіне өмірбақи жылу сыйлайды. Үй ауласы жарқырап, сән-салтанаты келісіп тұрса, ата-ана да қуанады. Балалардың алаңсыз ойыны үшін ауданымызда қаншалықты жағдай жасалған? Баланың бәрі бірдей ойын алаңының қызығын көріп жүр ме? Мемлекет қаржысына салынатын құрылыс сәби өмірі үшін қаншалықты қауіпсіз? Осы сұрақтарға жауап іздеп, 2 кішкентайдың анасы және журналист ретінде зерттеу жүргіздім. Талғар қаласы мен Кеңдала, Талдыбұлақ ауылдарындағы бірнеше ойын алаңын аралап, жағдайды көзбен көріп, халықтың да пікірін білдім.
Талғардың қақ ортасындағы тікен басқан балалар алаңына тап болдық. Аула Лермонтов көшесіндегі 50, 52, 52а, 54, 55 — төрт үйдің балаларына тиесілі. Журналист екенімізді естіп, аулада баласын ойнатып отырған бірнеше әйел ренішін айта бастады. Айтуларынша, балалары ойнайтын алаңқайын басып қалған тікендер ендігі ересек адамның бойымен бірдей болып өскен. Десе де, ауланың бір бөлігіндегі тікендер шабылған екен.
Тұрғындар оны Талғар қаласына жақында ғана сайланған әкім Бақыт Күрішбековтың ауласы екенін айтты. «Жаңа сайланған қала әкімі тек өз ауласының шөбі мен тікендерін шаптырды. Ал енді келесі бөлігінде адам бойымен бірдей тікен өсіп тұр. Сонда әкімнің баласы – бала, біздің баламыз кім сонда?» — деп өкпесі қара қазандай аналар.
Ата-аналар далаға балаларын ойнатуға шығарғанда қалың тікеннен баланың қайда қалғанын білмей қаламыз дейді. Одан қалды, «балаға тікенек кіріп кете ме» деп жанын шүберекке түйіп отырады екен. Тұрғындардың айтуынша, салынғанына әлі екі жыл да болмаған алаңдағы әткеншектер сынған. Алайда оны жаны ашып жөндеген ешкім жоқ. Балалар алаңының қызығын түнделетіп көше кезетін ересектер көреді екен. Осында отырып, сыра ішіп, темекі шегеді дейді тұрғындар. Сапасыз құрылыс солардың кесірінен ендігі қоқыс алаңына айналған.
Ал Бозторғай ықшам ауданындағы жағдай мүлде басқа. Аулада балалар алаңы ғана емес, үлкендерге де жаттығу құралдары бар екен. Бір қараған көзге алаң таза, әрі әдемі көрінеді. Қоқысты тұрғындармен қатар ойын балалары да жинайды екен. «Баламыз, тіпті түн жарымы болғанша үйге кіргісі келмей, ойнайды», — дейді мұндағы халық.
Ал Қастеев көшесінің тұрғындары біреудің қоқысын тазалаумен мезі болған. Қала тұрғыны Марал: «Балалар алаңындағы қоқысты өзіміз де, бала-шағамыз да жинайды. Бірақ бізге жан-жақтан адамдар түнімен келіп, шашып кетеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына қоқысты біз шашпадық. Шашақаны былай тұрсын, орындықтарды сындырып, бүлдіріп те кетеді. Басында маскүнемдермен соғысып, қуатынбыз «кетіңдер» деп. Олар өзіңмен боқтасады. Бір жағынан қазір қорқасың, «қараңғыда келе жатып, басыңнан біреуі ұрса, қайтемін?» деп. Сонымен қазір қойдық ұрысқанды. Төменгі алаңқайға біздің балалар бармайды, өйткені олар бөтен балаларды кіргізбейді. Ал бізге жан-жақтан балалар келеді. Балам ренжиді: «Мама, неге бұл алаңды біз жинауымыз керек? Біз ғана отырамыз ба? Қалған балалар неге жинамайды?» — деп сұрайды. Алдында бір қыз екі-үш жігітпен шемішке шағып отырды. Мен айттым: «Ең құрығанда пакетке салып шақшы. Біз бұл балалар алаңын өзіміз жинаймыз», — деп. Ана қыз маған шаптығып шығып, ұрсысып қалды. Неге біреудің қоқысын балам жинауы керек? Ал футбол алаңында біздің балалар кезекпен ғана ойнайды», — деді әйел ашуға булығып. Көпшілік «балалар далаға шығып ойнамайды, смартфонға тәуелді» деп жатады. Бір жағынан бұл шындық. Ал екінші жағынан «балаларға арналған алаңдар мынадай сорақы күйде болса, гаджеттерден осы себепті көз алмайтын шығар?» деген де ой келеді.
Талғар қаласынан соң Кеңдала ауылына жол тарттық. Онда тіпті балалар алаңы жоқтың қасы. Мәселен, Смыков көшесіндегі 8-үйдің ауласында бала ойнайтын жер атымен жоқ десе болады. Балалар тас жолдың тура жағасында тұрған ескі ойын алаңын қанағат етуге мәжбүр. Жан-жағы арнайы қоршаумен қоршалмаған алаң балалардың өміріне қауіп төндірген. «Баламыз далаға ойнауға шықса, алаңдаумен боламыз», — дейді тұрғындар. Мұнда да әкімнің бары білінбейді. Алаңды шөп басқан. Әткеншектері ескіріп, тіпті жарамсыз күйге жеткен.
Сынған темірлерге қарап, бала жарақаттанып қалады-ау деген қорқыныш туады. Өзін Ирина деп таныстырған әжей: «Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауламыздағы балалар ойнайтын алаңның түрі мынау. Бәрі сынып, ескерген. Немерелерімді бұл жерге мүлде жібермеймін. Жіберген күннің өзінде өзім қарап отырамын. Қала болсын, ауыл болсын, барлық бала бірдей емес пе? Неге біздің балаларымыз шаң жұтып ойнауға мәжбүр?» — дейді ашынып.
Кендалалықтар ауыл әкіміне бірнеше мәрте барып, балалар алаңын сұраған екен. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Мұндағы балалар алаңы да маскүнемдердің сүйікті мекеніне айналған. Бірақ мұнда түнде емес, күндіз де отырыс жасайды екен. Тағы бір байқағанымыз, сынғалы тұрған әткеншектер бүгін болмаса ертең құлауы мүмкін. Егер бала жарақаттанып қалса, кім жауап береді?
Тұрғындар, тіпті балалар алаңынан лезвия, пышақ, шприц сияқты сорақы заттарды тауып аламыз дейді. Егерде осы заттарды балалар тауып алса не болмақ? Тұрғындар полиция бөлімшесі үйдің іргесінде болса да, ештеңе істемейді деп наразы. Ал кеш батып, қараңғы түссе, аула тас түнекке айналады дейді. Өйткені шамдар орнатылмаған.
Балаға ең жанашыр Талдыбұлақ ауылының әкімі екен. Балалар алаңы тап-таза.
Ауыл тұрғыны Мариям: «Біздің балалар алаңы қауіпсіз, әрі бүлдіршіндер жақсы көріп ойнайды. Барлық жағдай жасалған. Күн сайын аула тазалаушы қоқыстарын жинап, жылан жайлағандай тазалайды. Жеке өз басым осы балалар алаңына ризамын. Жарық, бәрі бар. Біздің ойын алаңына маскүнемдер мүлдем келмейді. Егер келген жағдайда ауыл тұрғындары өздері-ақ қуып шығады. Біз осы алаңға келіп, кәдімгідей демалып қаламыз. Балаларымды да осы ойын алаңына қорықпай жібере беремін», — деп ризашылығын білдірді. Айтуынша, жақын арада тұрғындар бірігіп, бақылау камерасын қою да ойларында бар екен. Бұл балалар алаңының өте жақсы салынғанын басқа тұрғындар да айтты.
Талғар қаласы, Талдыбұлақ, Кеңдала ауылдары — үшеуінің ішінен алып қарағанда ең жақсы балалар алаңқайы Талдыбұлақ ауылы мен Бозторғай ықшам ауданда деп шештік. Ал ең нашар балалар алаңы Кеңдала ауылы мен білдей қала әкімі Бақыт Күрішбеков тұратын Лермонтова көшесіндегі алаңқай болып шықты. Біз барлығы 10 балалар алаңын араладық. Әлі қаралмай, сынық күйде жатқандары қаншама? Балалардың жазғы демалысы бел ортаға келіп қалды, ал алаңқайлардың түрі осы. Биліктегілерге құлаққағыс! Халыққа жағдай жасауды баладан бастаса. Үкімет қазақстандық хоккейшілерге ай сайын 32-39 миллион теңгеден жалақы төлеп отыр. Сонда өз баламыздан гөрі, шетелден аттай қалап алатын спортышлар бағалы болғаны ма? Сапалы алаң жасайтындар бар, десе де өте аз.
Кәусар Әбдікерім