Әкім болу – мәңгілік мұра емес. Олардың келуі де, кетуі де заңдылық. Алайда артында қалар халық – мәңгілік. Сондықтан да келген, кеткен әкімдер сол халық жадында атқарған істері арқылы естелік болып қала береді. Берілетін бағасы да сол халықтың еншісінде. Алматыдай алып облыстың әкімі болып 2021 жылғы 24 қарашада Қанат Бозымбаев келгенде «Е, ол да Назарбаевтың кадры ғой…» деушілер де табылды. Дегенмен жұртшылықтың көпшілігі «Қолынан іс келетін азамат. Қадамы сәтті болсын!» десіп, қуанысып қалғанын да жасыра алмаймыз.
Қанат Алдабергенұлының облысымызға әкім болып келместен бұрын біршама лауазымды қызметтерде болып, айтарлықтай тәжірибе жинақтағандығы өмірбаянынан белгілі. 1969 жылғы 8 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген ол еңбек жолын 1993 жылы мемлекеттік органдар мен жеке компанияларда қызмет етуден бастаған еді. 1997 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Экономика және сауда минстрлігіндегі аймақтық саясат бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Артынша арада ай өтер-өтпесте «ҚазТрансОйл» Ұлттық компаниясы ЖАҚ-ның экономика мәселелері бойынша вице-президенті, Қаржы департаментінің есептік бастығы болып шыға келді. Осыдан бастап оның лауазымдық қызметі бірте-бірте өсумен, өрлеумен жалғаса берді.
1998 – 2001 жылдар аралығында Мұнай және газ департаментінің директоры, ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің вице-президенті болса, 2001 жылы ақпанда «Қазақстандық электр жүйелерін басқару компаниясы» ААҚ-ның бірінші вице-президенті, сол жылы тамыздан бастап аталмыш компанияның президенті қызметтерін атқарды. 2007 – 2008 жылдар аралығында «Самұрық» «Қазақстандық мемлекеттік активтерді басқару холдингі» АҚ-ның төрағасы болып тағайындалып, 2008 – 2009 жылдар аралығында «Қазақстандық электр жүйелерін басқару компаниясы» ААҚ-ның президенті болып қайта отырды.
Қанат Алдабергенұлы 2009 – 2013 жылдары Жамбыл облысының, 2013 – 2016 жылдары Павлодар облысының әкімі болып та бағын сынап көрді. 2016 – 2019 жылдар аралығында ҚР Энергетика министрі болып тағайындалды. 2019 – 2021 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі қызметін де атқарды. Осы қызметтен кейін 2021 жылғы 24 қарашада Алматыға облыс әкімі болып ауысқан болатын.
Қанат Бозымбаев Алматы облысы әкімінің орынтағында бар-жоғы 6-7 айдың көлемінде ғана отырды. Әрине, өзін іскерлікпен көрсетемін деген жанға аз да, көп те уақыт емес. «Осы аралықта қандай істерімен халықтың жадында қалды?» деген сұрақтың да тууы заңдылық. Шындығында ауызды қу шөппен сүрте алмаймыз. Ең бастысы қаңтар оқиғасы кезінде әлдекімдердей тығылып қалмай, халық алдына шығып, шерушілермен келіссөз жүргізе алды. Өзімен ертіп облыс прокурорын, полиция департаменті басшысын бірге ала барды. Халық арасында бір жарым сағатқа жуық жүріп, елді тыныштыққа шақыра білді. Алайда арандатушылардың мысы басым болып, келесі күндерде жалғасқан қаладағы тәртіпсіздіктерге төтеп бере алмады. БАҚ құралдарына берген сұхбатында қаңтар оқиғасын ұйымдастырған ҰҚК екенін ашық жариялады.
Әсіресе бұрынғы әкімнің Алматы облысы аумағындағы саяжайлық қоғамдастықтар мен бау-бақшалық серіктестіктерді зерттеп, оларға ауылдық мәртебе беруді қолға алған әрекеті көптің көңілінен шыққандығы белгілі. Бозымбаевтың айтуынша, мұндай қоғамдастықтар мен серіктестіктерде тұрақты мекен етіп келе жатқан 183 мың тұрғын бар екен. Облыс аумағында 705 саяжайлық қоғамдастықтар мен бау-бақшалық серіктестік тіркелген. Олардың 189-ының әрқайсысында 200-ден астам адам тұрақты тұрып келеді. Осындай қоғамдастықтар мен серіктестіктерге ауылдық мәртебе беру елді мекендердің инфрақұрылымын арттыруға жол ашары сөзсіз еді. Мәртебеге қол жеткізген елді мекендерге мектеп, балабақша, аурухана салынып, жолдары жөнделіп, тарығып отырған жандар су, газ секілді қажеттіліктеріне қол жеткізері анық болатын.
Қанат Алдабергенұлының ел үшін бастаған осындай игі ісі көпшіліктің алғысын алуына себеп болды. Алайда бұл бастамасын аяғына дейін атқаруға әкімдіктен кетуіне байланысты мүмкіндігі болмады. Ел ішінде: «Тағы да бір-екі жыл отыра тұрғанда, шіркін!» — деп айтушылар да табылып жатыр. Мұны халықтың аймақты басқарған әкімге деген ыстық ықыласы деп қабылдадық. Орнынан кеткен әкімнің осындай игі бастамаларын келген жаңа әкім үзіп тастамай, аяғына дейін жеткізіп жатса, олар да халық алғысынан құр алақан қалмасы ақиқат.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ