ХАЛЫҚ ҮМІТІН АҚТАУҒА ТЫРЫСАМЫН!

ХАЛЫҚ ҮМІТІН АҚТАУҒА ТЫРЫСАМЫН!

Маусымның 14 күні аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы Әбдіханов Талғар қаласына жаңадан сайланған 32 жастағы әкім Бақыт Қуатбекұлы Күрішбековты ұжымымен таныстырып, әкім орынтағына ресми түрде отырғызып кетті. Су жаңа әкімді жаңа қызметімен құттықтай барып, сұхбат алудың сәті түскен еді.

– Бақыт Қуатбекұлы, әкімдік орынға өз кандидатурасын ұсынған төрт азаматтың ішінен сайлауда суырылып алға шыққан өзің болдың. Көпшілік саған үміт артты. Құтты болсын!

– Рақмет. Халық үмітін ақтауға тырысамын.

– Сайлауға кандидатураңды ұсынған кезде әлеуметтік желілерде өзің жайында біраз сыни пікірлер айтылып жатты. «Ол бұрынғы «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партия ықпалынан шыға алмайды» деушілер де болды. Жалпы сыни пікірлерге көзқарасың қалай?

– Сыни пікірлерге көзқарасым теріс емес. Өйткені сын болмаса, жұмыс та алға баспайды. Сын жаза басқан тұстарыңды көрсетіп отырса, келесі жолы сондай қателіктерді жібермеу үшін әрекет жасайсың. Жұмыстың ілгері басуына ықпал етеді. Сын болмаса, эволюциялық даму да тежеледі. Сондықтан сын да қажет. Рас, бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясының мүшесімін. Кандидатурамды да сол партия ұсынды. Партия дегеніміз – идеология. Идеологиясыз адам, мемлекет болмайды. Президентіміз айтқан «Жаңа Қазақстанды» дамыту үрдістері партиямыздың идеологиясына кірді. Осы тұрғыда көптеген реформалар жүзеге асады. Партиялық бәсекелестік болуы үшін президентіміз партия төрағалығынан бас тартып, төрағалықты мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа өткізіп берді. Мен мұны үлкен өзгеріс деп ойлаймын. Неліктен мен мұндай өзгерістерді қолдамауым керек?

– Жалпы өзіңнің әкім болуыңа не түрткі болды?

– Мен өзім осы Талғар қаласының тумасымын. Сол себепті де туып-өскен қалама, сол қаланың халқына қызмет еткім келді. Ел тұрмысын түзеп, қаланың көркеюіне үлесімді қоссам деген ниетте болдым.

– Мінеки, бүгін ресми түрде әкім орынтағына отырдың. Ендігі жұмысыңды неден бастамақсың?

– Кешегі сайлаудан байқаған боларсыздар, дауыс берушілердің саны азайып бара жатыр. Халық пен билік арасындағы қарым-қатынас та қысқарған. Өткен сайлау да осыны көрсетті. Президентіміз «Еститін үкімет боламыз» деген тұжырым жасады. Мен ең әуелгі жұмысымды халық пен биліктің арасындағы байланысты күшейтуден бастаймын. Қоғам белсенділері мен блогерлердің айтып жүрген сын-пікірлерін назарыма ала жүріп, әлеуметтік жағдайлары төмен – көп балалы ана, мүгедек жандар, толық емес отбасылар сияқты топтармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз қажет. Осындай тығыз байланыс болса, жұмыс та ілгері басарына сенімдімін.

– Қаланы абаттандыру жөнінде қандай шаралар жасамақшысыз?

– Қаламыз табиғаты әсем жерде орналасқан. Алма мен алмұрттың отаны деп айтсақ та болады. Қазіргі кезде көп ағаштар азайды, қартайды. Сол себепті де жасыл желекті молайту, ағаш отырғызу, абаттандыру жұмыстарын қолға аламыз. Бұл жұмыстар күз бен көктем уақыттарында атқарылатын болады. Таудан ағып келетін су да жеткілікті. Осы суларды көшелердегі гүлзарларға, жасыл желектерге арықтар арқылы пайдаланып отыратын боламыз. Кеңес одағы кезінде арық жүйелері болған. Олар бертінгі кездері жаңа құрылыстар жүргізу салдарынан көміліп, тегістеліп кетті. Осыларды алдағы уақытта тиісті мекемелер арқылы қалпына келтіруге тырысамыз. Сонда көгалдандыру, жасыл желекті молайту жұмыстары алға басады.

– Қаламыздағы жол мәселесі, жаяу жүргіншілер соқпақтары ауыз толтырып айтуға келе бермейді. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жүргізілмек?

– Инфрақұрылым мәселесі жайында ел тарапынан көп сын айтылып жататыны шындық. Бұл тұрғыда өзімнің сайлау алды бағдарламамда атап өткенмін. Қалаға кіре беріс жолдарды кеңейту, жаяу жүргіншілер соқпақтарын жасау жұмыстары атқарылуы тиіс. Бұл жұмыстардың барлығы да айналып келіп бюджетке тіреледі. Сондықтан да бюджетті нақты жоспарлап, кезең-кезеңмен жұмыс атқарсақ, жоспарымыз бен жұмысымызды «Еститін мемлекет» деген принциппен көрсете отырып, жұмыс жасайтын болсақ, халық наразылығы да азайып, жұмысымыз да жүретін болады.

– Талғар қаласын газдандыру жұмыстарының басталғанына біршама уақыт өтті. Алайда осы күнге дейін көгілдір отын құбыры тартылмаған мөлтек аудандар бар…

– Дұрыс айтасың. 2013 – 2014 жылдары Талғар қаласын газдандыру жұмыстары бюджет тарапынан жүргізілген. Сол кездергі ең арзан баға, яғни 120 000 теңге біздің Талғар қаласында болған. Ол кездері мөлтек аудандар азырақ болатын. 2019 жылы Талғар қаласының шекарасы кеңейтілді. Жаңа, Аққу, Бесік мөлтек аудандырының маңы газдандырылмай қалып қойды. Содан кейін қаланың сырт жақтарында қосылған жаңа құрылыстар газбен қамтылған жоқ. Осы жылы сол жерлерге байланысты бюджеттік өтінімдер беріп, жобаларын ұсынатын боламыз. Жобалары дайын болып, қаражат бөлініп жатса, ол жақтардағы газдандыру мәселелері шешілері даусыз.

– Кезінде ата-бабаларымыз ит дегенді жеті қазынаның біріне балаушы еді. Қазіргі кезде сол иттерің адамға қауіп төндіретін мақұлыққа айналып бара жатыр. Осы қаңғыбас иттердің мәселесі қалай шешілмек?

– Талғар қаласында 2015 жылдары қала әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарғанмын. Сол кездері осы мәселемен жұмыс істейтін компанияның өкілі Талғар қаласында 5000 – 6000-ға жуық ит бар деп айтатын. Ол кездері қаңғыбас иттерді атуға рұқсат беретін. Таңғы 4-терде шығып атып, ұстап отыратын. Мұндай жұмыстар жазғы және қысқы маусымдық кезеңдерде жүргізілетін. Солай бола тұра келесі маусымға дейін қаңғыбас иттердің саны бұрынғы қалпына келіп отыратын. Қазіргі кездегі заңнамаларда иттерді атуға шектеулер қойылған. Бір ойым бар, осы ережелерге өзгерістер енгізу керек сияқты. Талғардағы кварталдық комитеттердің төрағалары мен бөлімшелік инспекторлар арқылы рейдтік жұмыстар жасап, жан-жануар ұстайтын тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыстар жасауымыз керек.

– Иттерді атуға болмайтындығы туралы заң енгізілген екен. Алайда оларды арнайы питомниктерде ұстауға болатын шығар. Ондай питомник бізде бар ма?

– Ертеректе бір питомник болған. Кейінірек ол да жабылып қалды. Бұл мәселе кезінде көтерілген. Еріктілерді жинап, аудан әкіміне питомник ашу жөнінде ұсыныс бергенбіз. Талғар қаласында арнайы питомник салуға жер телімі тапшы. Сол себепті Талғар қаласының сыртынан болса да, жер телімін тауып, питомник жасау жұмыстарын жүргізетін боламыз.

– Жастарды жұмыспен қамту ел аумағы бойынша үлкен мәселе болып отырғаны жасырын емес. Осы мәселе Талғар қаласында қалай шешілмек?

– Қаламызда 6 колледж бар. Сол оқу орындарында жыл сайын көптеген студенттер кәсіби білім алып шығуда. Біздің мақсатымыз оларға тек кәсіби мамандықты беріп шығару емес. Қаламызда «Зета», «Гласман», «Клотнул» деген секілді мекемелер, ауылшаруашылығына қатысты «Байсерке Агро», «Айршир» компаниялары бар. Оларға ұсыныс жасап, жауапкершілікке алуды ұсынғалы отырмыз. Студенттеріміз білім алып шыққаннан кейін жұмысқа тұру үшін мемерандумдар жасалатын болады. Одан да бөлек бізде қазіргі кезде берілетін гранттар бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында реформалау жүріп жатыр. Сол біткеннен кейін жас кәсіпкерлерді дайындау жұмыстарын жүргізіп, техникалық білім беріп, өкіметтің арнайы бағдарламысы бойынша гранттар бөлініп, жұмыспен қамту шаралары жасалуда. Жаз кездерінде арнайы еріктілер топтары құрылып, көше тазалауға, экология бойынша жұмыс жасауға жастар тартылатын болады.
Жастарға идеологиялық жұмыстарды күшейту керек деп ойлаймын. Қаламызда қазіргі кезде 42 мың сайлаушымыз тіркелген. Оның ішінде он сегізге толмаған 10 – 15 мың азаматымыз және бар. Барлығын қосқанда 60 мыңға жуықтап қаламыз. Жалпы халық саны 100 мыңға жуықтап қалады. Басым бөлігі жастар десек қателеспеймін. Сол үшін де идеологиялық жұмыстарды күшейтетін боламыз. Жастарды қоғамға араластыруымыз қажет.

– Кеңес өкіметі тараған кездері қаншама ғимараттар жекеге сатылып кетті. Ондай ғимараттар Талғарда да жеткілікті. Солардың ішінде ешқандай қызмет атқармай, бос қаңырап тұрғандары да бар. Соларға бір шара қолданып, не кері қайтарып алып, іске қосса, жұмыс орындары да болар еді. Бұл тұрғыда ойыңыз қалай?

– Жеке меншік жылжымайтын мүліктер еліміздің Ата заңы бойынша заңмен қорғалады. Тек қолданбағаны үшін тартып алуға ешкімнің құзыры жетпейді. Егерде тазалық, абаттандыру талаптарына сай болмай, ғимарат қараусыз жатса, аумақтық әкімшілік пен бөлімшелік инспектордың Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес арнайы айыппұлдар қарастырылған. Бірінші мәрте болса, ескерту беріледі. Екінші рет 40 МРП-ға дейін айыппұл салынады. Ары қарай тағы да шара қолданылмай жататын болса, сол кодекстің 339-бабына сәйкес сот қарауына беруге болады.

– Осы қаланың тумасы болғандықтан өзің де талай мәрте аңғарған боларсың. Қыстың күндері көптеген көшелерде қардың тазаланбауы тұрғындарға, жүргіншілерге, көлік иелеріне ыңғайсыздық туғызып жатады. Осы мәселені шеше аламыз ба?

– Бұл мәселенің шешілуі қиын, күрмеулі нәрсе емес. Өзім тікелей қолға алып, шешетін боламын.

– Қаламыздағы мәдениет үйі жайында тұрғындар тарапынан көп сын айтылып жатады. «Халық үдесінен шықпаса, осы қажет пе?» деген сөздерді де естіп қалып жүрміз…

– Мәдениет үйі жайында айтылып жүрген сындардың көптігі рас. Оған себеп те жоқ емес. Мәдениет үйінің жылыту жүйесі әбден ескірген болатын. Сол жылыту жүйесі мен газдандыру жұмыстары былтыр ғана толықтай жасалып бітті. Алайда ғимараттың іші-сырты да тегіс ескірген. Осыған орай былтыр депутаттар бірігіп, сауал жасаған едік. Біздің сол сауалымызға орай ғимаратты қайта жандандыру жұмыстарын жүргізудің жобасы жасалды. Қазіргі кезде жоба бойынша қаржы-қаражат та бөлінді. Жуық арада шартқа қол қойылып, толық күрделі жөндеу жұмыстары басталатын болады. Құдай қаласа жөндеу жұмыстары біткеннен кейін мәдениет үйінің жұмыстары толықтай жанданатынына сөз беремін.

– Сөз соңында өзіңнің отбасың жөнінде айта кетсең…

– Осы қалада өмірге келдім. Талғардағы Агробизнес және менеджмент колледжін бітірдім. 2008 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Әйелім және төрт балам бар. Олардан бөлек үйде анам және өзімнен кейінгі қарындасым тұрады. Осындай үлкен отбасылы жанмын.

– Орда бұзар жастасың. Баланы көбейтуді әзірге шектей қоймаған шығарсыңдар?

– Алла бұйыртса, беріп жатқанын көптік ете қоймаспыз.

– Олай болса, ел сенімін ақтап, үдесінен шығады деген ойдамыз. Істерің алға баса берсін!

Сұхбаттасқан
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ