Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы 11 маусымда Бейбіт Исабаевты Жетісу облысының әкімі етіп тағайындау жөніндегі жарлығына қол қойды. Өңір басшысы қызметіне президент тарапынан Бағдат Қарасаев пен Бейбіт Исабаев ұсынылған болатын. Халық қалаулыларының басым дауысын Бейбіт Өксікбайұлы иеленді.
1962 жылы дүниеге келген Бейбіт Исабаев Алматы облысының тумасы. 1985 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың «Журналистика» факультетін бітірген. Еңбек жолын 1985 – 1987 жылдары Қазақ КСР-ның телерадио көрсетілім жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы болып бастаған. 1987 – 1991 жылдары «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1991 – 1994 жылдары «Өркен», «Горизонт» газеттері редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. 1994 – 1995 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік телевидениясының бас директоры, Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат комитетінің төрағасы, 1995 – 1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 1997 – 1999 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының тыңдаушысы болды.
Академияны бітірген Бейбіт Өксікбайұлы 1999 – 2000 жылдар аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігі әкімшілігі департаментінің директоры болып тағайындалды. 2000 – 2002 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесінің үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі, Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2003 – 2006 жылдары Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, 2006 – 2008 жылдары Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі және ақпарат вице-министрі қызметтерін қоса атқарған.
2008 –2009 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, 2009 – 2015 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, 2019 жылы ҚР Президентінің парламенттегі өкілдігі басшысы, 2022 жылдың қаңтар айынан ҚР Сенатының депутаты болды.
Атқарған қызметтеріне қарай отырып, ел басқаруда кәдімгідей ысылған, тәжірибе жинақтаған азамат екенін аңғара аламыз. Жетісудай іргелі аймақты басқару жаңа әкімнің өзін-өзі көрсете алуына мүмкіндік болары сөзсіз. Тек қана сәттілік тілейік!