БАЛАНЫҢ ӨМІРІ МАҢЫЗДЫ!

БАЛАНЫҢ ӨМІРІ МАҢЫЗДЫ!

Соңғы күндері елімізде болып жатқан оқиғаларды алып қарасақ, кеше ғана Талғарда бір жарым жасар қыздың электр ет турағышқа саусағын турап алғаны, Нұр-Сұлтанда бейкүнә бүлдіршіннің сегінші қабаттағы терезеден құлап кете жаздауы, енді бір жерде балалардың құдыққа түсіп кетуі, Ақмола облысында баланың наубайханаға қамалып, қаза болуы, тіпті Сарқанда ананың өз баласының басын жұлып, денесін қоқысқа лақтырып тастағаны – жүрек ауыртпай қоймайды. Балалардың мұндай жантүршігерлік жағдайға жиі ұшырауына не себеп? Ересектердің ессіз әрекеттерінен зардап шегіп жатқан жоқ па? Осыған қатысты біз бірнеше бала өсіріп, тәрбиелеп отырған аналардың арасында сауалнама жүргізуді жөн көрдік. Осындай өлім-жітіммен аяқталып жатқан жайттардың жиілеп кетуіне не себеп? Не жағдай?

Нұргүл Жанәділ — Талғар қаласының тұрғыны, 50 жаста, бес баланың анасы.

Біріншіден, ата-анасының жау­ап­кершілігінің жоқ­тығы! Бала өмір­ге келді ме, ата-анаға деген үлкен жауапкершілік болады. Екіншіден, қазіргі таңда жас ата-аналардың көбісі телефонға телміріп, тіпті балаларының қайда қалғанын да білмей жатады. Үшіншіден, жас баласы бар саналы ана баласы тынымсыз болса, онда баладан көзін бір минутқа да таса қылмауы керек! Әрқашан баланың жанынан табылу керек! Көбінесе, ата — ана жұмыста болып, бала үйде жалғыз қалатын кездер болады. Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау деген сияқты.

Үш бала тәрбиелеп отырған Белбұлақ ауылының тұрғыны Алтынай Қазыбекқызына да жоғарыдағы сұрақтарды қойдық.

7-8 айдан 3-3,5 жасқа дейінгі кезеңде бала қоршаған ортамен белсенді танысады. Ол айналасындағы барлық заттарды біліп, тануға тырысады және жай ғана қарап қоймай, міндетті түрде оларды ұстап, тіпті татып көргісі келеді. Балаға бұл жаста бәрі қызық! Ең алдымен, ол өзі көріп тұрған нәрселердің бәрін қарап шығып және қолы жеткен барлық заттарды қолына алады. Сондықтан баланы барынша электр құралдарынан аулақ ұстау керек. Жақында ғана болған бір жарым жасар қыздың электр ет турағышқа қолын турап алғаны да осы ата-ананың салғырттығы деп ойлаймын. Баланы барынша көзден таса қылмау керек. Балалар терезеден де құлап мерт болып жатыр. Кішкентай баласы бар отбасылар балаларының қауіпсіздігі үшін арнайы темірмен қоршауы керек. Өзімнің басымнан өткен жайт. Балам 5 жаста еді. Ол далада қараусыз ойнап жүріп, темірге шекесін жарып алды. Маңдайынан аққан қанды көргенде жүрегім аузыма тығылып, не істерімді білмедім. Сосын дереу балалар ауруханасының жедел-жәрдем бөліміне апарып, ұлымның шекесін бес жіппен тікті. Осы оқиғадан баланы ешқашан қараусыз қалдырмау керегін ұқтым.

Талғар ауданының тұрғыны Гүлзина Самиденнен де сұрағымызға жауап алдық. Жасы 55-те, төрт баланың анасы.

Ата-ана, көбіне, балаларын қараусыз қалдырады. Тіпті, теледидар көріп, тамақ ішіп, телефон қарап отырсаң да, бірінші «балам не істеп жатыр? Қайда?» деген сұрақ болу керек. Сонымен қатар қазіргі таңда кедейшілік, жетіспеушілік белең алып барады. Мысалы, отағасының тапқан нәпақасы шығынның біріне жетсе, екіншісіне жетпейді. Осы себеппен әйелдердің де жұмыс істеуіне тура келіп жатады. Кейбір ата-ана балаларын үйіне қамап кетіп жатады. Осы жағдайларға байланысты бала, көбінесе, жалғыз қалады. Тіпті, кей әйелдер дүкенге бару үшін де балаларын қамап кетуге мәжбүр. Бала балалығын істейді. Осы ессіз істің арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Мысалы, осы былтыр ғана Өстемір ауылында бір әйел дүкенге бару үшін балаларын сыртынан құлыптап, қамап кеткен. Әйел дүкеннен оралғанша газ балоны жарылып, өкінішке орай, екі бірдей бала қаза тапты. Аналарға айтарым — баланы өмірге алып келу үлкен жауапкершілік, оны бағып тәрбиелеу де үлкен өнер. Сондықтан балаларыңызға жақсылап тәрбие беріп, жалғыз қалдырмауға тырысу керек. Менің де келінім бар, немерелерім де бар. Келініме күніге айтып отырамын «балаларға дұрыстап қара, көзден таса қылма» деп, — дейді көпбалалы ана.

Ал алты баланың анасы, күміс алқа иегері Нұркамал Нұрланқызының айтуынша, қатыгез аналар көбейіп барады.

Жақында Сар­қан қаласында болған оқиғаны алып қарасақ, анасы өз баласын өлтіріп, аяусыз басын жұлып, денесін қоқысқа лақтырған. Анасы 17 жасында босаныпты кішкентай қызын. Сонда анасының өзі бала, ол баласына қандай тәрбие бере алады? Үйленуге дайын емес адам кейін балаларына қалай қорған болады? Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, ертең есейгенде алған тәрбиесі өміріне негіз болады. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек. Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Жеке басым балаларымды бір минут жалғыз қалдырмаймын.

Қорыта айтқанда, балаларды сақтау — әрбір ата-ананың абыройлы борышы. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық! Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі тек сіздің қолыңызда!

Кәусар Әбдікерім, тілші