Азық-түлік бағасы арзандар емес. Арзандағанды айтамыз-ау, қымбаттап барады. Бастысы, бұл үрдістің басталғаны соңғы бір-екі айдың айналасы емес, жылдап жалғасуда. Бұрын көбіне маусымдық кезеңдерде белең алып, кейін қалпына келіп жататын сияқты еді, қазір өскеннің үстіне өсіп жатыр. Иә, өсу бар да түсу жоқ. Адам болған соң әркім әйтеуір тіршілігін жасайды, қымбатшылық екен деп «қылтамақ» болсын ба?!
Экономистердің пайымдауынша, әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі де импорттық жеткізулерге тәуелді тауарларға әсер етіп отыр.Тағы бір себеп, былтырдан бері табиғи монополиялардың қызметіне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының артуы, оған қоса маусымдық ауытқудың да әсері бар. Жыл сайын тауардың жекелеген түрлері бойынша қоймадағы қордың азаюына байланысты олардың бағасы құбылып тұрады екен.Бұл ең алдымен көкөністерге келіп тиеді. Пандемиядан кейін көкөніс бағасы еліміз бойынша қатты қымбаттап кеткені есімізде.
Басқасы басқа, екінші нан саналатын картоптың соншалық қымбаттауы халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Бағаны қадағалау дегеніміз, лауазымды тұлғаның базарға барып бағаны аңдып отыруы емес, әрине. Оған кешенді, жүйелі жұмыс керек. Өнімнің өндірісінен бастап саудаға шыққанға дейінгі аралықтағы бүкіл кезеңді бақылауда ұстаған жөн. Сонда ғана азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы табылып қалар мүмкін…
Елде азық-түліктің қымбаттауы инфляцияны арттырды. 14 қыркүйектегі ҚР Үкіметінің отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасының тұрақтануы туралы айтып берген болатын. Баяндамада атап өткендей, жыл басынан бері азық -түліктің бағасы 9,7%-ға өсті.Бағаның өсуінің үлкен үлесі көкөністерге тиесілі, бұл жалпы өсімде 5,9 пайыздық тармақты алады. Соңғы 3 аптада бағалар 0,7 пайыздық тармаққа төмендеді. Сонымен, олардың ең жоғары өсу кезеңінен бастап картоп – 64%, сәбіз – 54%, пияз – 4%, қырыққабат 2% арзандады. Келтірілген статистика бойынша бағаның ең жоғары өсуі Түркістан облысында – 11,4%-ға, Қызылорда облысында және Нұр-Сұлтан қаласында 11,0% тіркелді. Бағаның ең төменгі өсімі Қарағанды облысында – 8,6%-ға, Алматы қаласында – 8,9%-ға және Алматы облысында 9,2%-ға белгіленді.
Ал біздің ауданның ахуалына тоқталар болсақ, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы үнемі бақылауда. «Қазіргі таңда ауданда азық-түлік өнімдерінен тапшылық жоқ. Бүгінде азық-түлік өнімдерінің екі түрі шекті бағадан асып түседі. Нарықтағы күнбағыс майы – 139 теңге болса, қант – 49 теңгені құрайды. Ауылдық округтер мен Талғар қаласының әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының бағасына мониторинг жүргізіп, қадағалап отырады»-деп мәлімдеме берді аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Еркін Қаленұлы.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»