Ұлттық тәрбиені басты мұрат ете отырып өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Оған қол жеткізудің басты алғышарттарының бірі – инабат пен парасаттылықты ұйыта білген отбасыларына қолдау көрсету және олардың ұстанған бағыттарын өзгелерге үлгі ету. Осы мақсатты берік ұстанған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биыл да аудандық «Берекелі отбасы» жас отбасылар байқауын ұйымдастырған болатын.
Онлайн форматта өткен шараның қатысушылары ұйымдастырушылар ұсынған талап-тілектен шығуға тырысты. Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтардың бастауы ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта алатын жас отбасылар жан-жақтылықтарын байқата білді. Расында да, отбасы – әр адамның алғашқы тәрбие мектебі. Жақсы ата-ананың мейірімі мен махаббат бұлағынан ізетті ұрпақ сусындары анық. «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді». Міне, саналы ұрпақтың тәрбиесін ойлаудың тамыры тереңде жатыр. Осындай үдеден шыға білген үміткерлердің ішінен үш отбасы оза шықты. Жеңімпаздарды бөлімнің бас маманы Арсен Құрманқазиев салтанатты жағдайда марапаттап, ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлық тапсырды. Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Болат отбасы, ІІ орынды Қалиевтар отбасы, І орынды Ауғали отбасы жеңіп алды.
Мұндай байқаудың ұйымдастырылғанына шексіз ризашылығын білдірген Қалиевтар отбасы босағасынан береке аттап, татулығы төрге озған Қызыл-Қайрат ауылындағы үлгілі жанұялардың бірі. Отағасы Аманжол Қалиев Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етіп келеді. Ал отанасы Гүлнара Керей №19 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бес жылдық бірге ғұмырларында қызметтің қайнаған ортасында жүрсе де екі бала тәрбиелеп, балаларына білгенін үйретіп, біліктілікке баулудан жалықпай келе жатқан жас отбасының алар асуы биікте деп білеміз.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»