Батамен баланың бағы жанар

Батамен баланың бағы жанар

Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Батагөй» байқауын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Ол – көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата беру дәстүрін дәріптеу, батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында туған шара екендігі айтпаса да анық. Атаның қанымен, ананың арымен, ұлтының жанымен дарыған бата шындығында да – тәрбиенің бастауы.

Батагөй, сөзге шешен қарияларымыз ел арасындағы жақсы іске рухани демеу болып, бір ауыз сөзбен тоқтам айтып, халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Қазақ қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің алғысы мен батасын алған, «жақсы сөзді жарым ырыс, жан азығы» деп бағалай білген. Сағымдай созылып, сағыздай бұзылып тұрған мына алмағайып заманда адамзатты құтқарып қалатын тетік – бабадан қалған құндылықты насихаттай отырып тәрбие беру екендігін ұйымдастырушылар да жүрегімен түсінген екен. «Батагөй» байқауы онлайн өтсе де, әр аталым бойынша жеңімпаз атанған қарияларды шақырып, жастардың алдында салтанатты түрде марапаттауларының өзін үлгі-өнегенің жарқын үлгісі деп қабылдадық.

Қалалық балалар кітапханасында өткен шараға байқау жеңімпаздарынан бөлек мәдениет қызметкерлері мен жастар қатысты. Шараны жүргізген кітапхана қызметкері Баян Әкімхан алғашқы сөз кезегін ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Кеңдала ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бексұлтан Көлбаевқа берді. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген қазақтың нақылын басшылыққа ала сөйлеген ақын атамыз қарттардың әрбір айтқан өнегелі сөзі, тағылымды іс-әрекеті тұнып тұрған тарих екендігін жеткізді. Онымен қоса соңғы жылдары жақсы жолға қойылып, жүйелі жұмыс жасап келе жатқан бөлімнің жұмысы кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырып отырған жасампаздықтың жарқын үлгісі деп айтуға болатындығын тілге тиек етіп, шараның беташары ретінде батасын берді. Келесі сөзді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманғазиев алып, шараға белсене қатысқандарға бөлім басшысы атынан алғысын білдіріп, марапаттау салтанатын өткізді. Байқау нәтижесінде «Ең жас батагөй» номинациясына Ерсұлтан Серікқазы лайық деп танылса, «Батагөй қария» болып Зейнетай Алмахан, Несепбек Молдабеков аталарымыз бен «Батагөй ана» болып Марияш Мадиярова аталды. Ал Қарабай Қисықов «Өнерлі қария», Бағлан Алдарбек «Жас өрен батагөй», Қапас қажы Қалыбайұлы «Діни батагөй», Ауған Қыпшақов «Шебер орындаушы», Асылбек ата «Үздік орындаушы», Серік Өржанов «Үздік батагөй», Алтынбек Әбдірахманұлы, Нұрбай Жұмаходжаев «Мейірімді қария» номинацияларымен марапатталды. Жеңімпаздарға бөлім басшысының «Алғыс хаты» мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара соңында батагөйлер қасиетті өнердің сәтімен жалғануына тілектерін білдіріп, баталарын берді.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»