Тәуелсіздік алған бойда халқымыз ата дінді іздеп тауып, шариғатпен өмірін өрнектей бастады. Соның бір дәлелі, ел ішінен шыққан қалталы азаматтарымыз әр жерден күмбезін көкке тіреп, еңселі мешіттер тұрғызып, ел игілігіне ұсынып жатыр. Осындай игі істің орайы Тұздыбастау ауылдық округінде жалғасын тапты. «Әл- Бухари» деп аталатын 120 орындық қос қабаттық құлшылық үйі үлкен Алматы каналы бойында орналасқан. Хатымханасы мен оқу бөлмесі, сонымен қатар дәрет алу орындары да заман талабына сай келушілерге қолайлы. Кәсіпкер кісінің демеушілігінің арқасында бой көтерген мешіттің имамдық қызметіне Бақытбай Жарылқасынұлы тағайындалды.
Жаңа жамағат үйінің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының кеңесшісі Кенжетай Дүйсебаев келіп қатысты. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына қаражат бөліп, демеушілік танытқан Ақтау қаласының тұрғыны кәсіпкер Мунаввир Мирзобалаева да тарихи шараның ортасында болды. Осындай сауапты бастаманың куәсі болуды қалаған жамағаттардың арасынан «Жігіттер» квартеті сынды өнер иелерін де байқап қалдық.
Расында да,
Шын бақыттың үлкені, Тәңіріңе сыйыну.
Бұл фәнидің гүлтөрі,
Құл екеніңді ұғыну,– деп ақын ағаларымыз айтқандай адам баласының өмірге келгендегі басты мақсаты өзінің жаратқан Құдайына құлшылық ету. Расында қым-қуыт заманның қарбаласына бой ұрып, осы бір асыл мақсатымыздан алыс қалып жатамыз. Басымызға бұлт үйіріліп мәселеміз мәмілеге келмей жатқан тұста айламыз бітіп, Аллаға келетіміз белгілі. Бақыттың кілтін іздеп, жүрек тыныштығын қалап, көлденең көк аттының сөзіне еріп, адасып жатқандар да жоқ емес. Десе де асыл дінімізді зерттеп жүрген Ислам ғалымдарының жоғарыда келтірген келеңсіздіктері жеңу үшін іліммен жүрген ортаны дұрыстау керектігін айтады. Жер бетіндегі барлық мұсылман баласының екі дүниелік бақытқа бастау алар бағытын белгілеп, арманын айқындауда тура жол көрсетіп беретін ең бір киелі орын бар. Сауапқа зәру пенденің Аллаға алақан жайып, керегін сұрап, жасаған құлшылығы қабыл болатын жүректі тыныштыққа бөлейтін жер ол – мешіт деп аталады. Мешіт – имандылықтың ордасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе ізгілікті кіргізетін имандылық үйі.
Мешіт-Байтолла деген қағбаның жер бетіндегі бөлімшесі.Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. бір хадисінде;«Мешіт-мұсылмандардың қалқаны,кәпірлердің зынданы» деген. Бұралаң жол, бұлыңғыр ағымның артына кеткен ағайындармыздың басты ағаттығыда осы мешіттен шет жүруі. Дінімізде азан естіген мұсылманның жамағат қатарына тұрып намаз оқуы тиіс екендігін айтады. Ал шынайы жамағаттың негізгі ордасы мешіт екені белгілі.
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.: «Үйлеріңді намаз және құран оқумен нұрландырыңдар» және хадисінде «Раббысымен сөйлесуін қалаған адам құран оқысын»! «Менің үмбеттерімнің ішіндегі ең құрметтісі — құран иелері, қарилер мен хафиздер, яғни құранды мейлінше көп жаттағандар» деген екен.
Осылайша Пайғамбар (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) сүннетіне амал етумен басталған салтанатты жиынның басы қасиетті құран аяттарымен басталды. Кейіннен алғашқы сөзді бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсебаев алды. Өз кезегінде басқарма өкілі «Кеше Алматы қаласындағы Нұр Мүбәрак университетінде үлкен жиын өткен болатын. Сол жиынға арнайы келген діни басқарма өкілдерінің барлығы дерлік бүгін жан-жаққа кетіп, мен секілді іс-шарада жүр. Солардың ішіндегі ең жолы болған мен болып отырмын. Себебі, Алланың жердегі үйі мешіттің ашылу салтанатына қатысып отырмын. Бұл түсінген адамға үлкен тарихи оқиға», – деп өзінің қуанышын білдіріп, демушілік танытқан кәсіпкерге мүфтидің алғысын жеткізді. Кеңесшіден соң кезек алған кәсіпкер Мунаввир Мухьеддинқызы мешіт жамағаттарына тілегін айтып, сөзін аяқтады. Жиынның арты келген қонақтарға жайылған арнайы дастархан басынан дәм татумен жалғасты.
Аудандық ішкі саясат бөлімі ұсынған деректеріне сүйенсек, ауданымыз бойынша қызмет етіп тұрған 27 мешіттің барын білдік. Соның екеуі Тұздыбастау ауылында.
Адал еткен еңбегі мен баянды бастамалары діліміз бен дініміздің өрекендеуіне жол ашқан жомарт жандардың осы сынды әрекеттері көпке үлгі, ұрпаққа аманат. Аудан жұртшылығының сенімдеріне серпін беріп, сергек көңілмен кемел ойлы келешек жастарымыздың кеудесіне иман нұрын ұялатуды алдына мақсат етіп қойған марғасқа азаматтарымыздың саны күн санап өсіп келе жатқандығы баршамызды қуантады.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»