«Ақылды жылыжай» ашылды

«Ақылды жылыжай» ашылды

Ауданымызда Қазақ ұлттық Аграрлық зерттеу университетінің «Агроуниверситет» оқу тәжірибелік шаруашылығы базасында Корея Республикасы мен қазақстандық мамандардың қатысуымен тұңғыш «Ақылды жылыжайдың» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Игілікті шараға ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Корея Республикасының азық-түлік, ауылшаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігінің Ауылшаруашылығы саясаты департаментінің директоры Ким Джон Ку, Корея Республикасының Бас консулы Ким Хын Су, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Исаева, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-ректор, ҚР ҰҒА Вице-Президенті, академик Тілектес Есполов, аудан әкімінің орынбасары Ермек Толқынов, Корея Республикасы агротехнологияларды коммерцияландыру және енгізу қорының Вице-президенті Ким Бен Ун, Корея Республикасы елшілігінің атташесі Ким Ел Кю, «КОТРА» компаниясының директоры Ли Джунг Хун, «Жеміс-көкөніс шаруашылығы ҚазҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Теміржан Айтбаев және ҚазҰАЗУ аграршы ғалымдары қатысты.

Инновациялық жылыжайдың құрылысы туралы бастама 2019 жылдың сәуір айында көтерілген еді. Өткен жылдың 24 сәуірінде Корея Республикасының Ауыл шаруашылығы технологияларын коммерцияландыру және енгізу Қоры мен «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ арасында ҚазҰАУ-дың «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында кореялық «Ақылды жылыжай» ашу және пайдалану туралы келісім жасалды. Ондағы мақсат — Корея Республикасының жабық топырақта көкөніс дақылдарын өсіру бойынша сынақтан өткізілген «ақылды» инновациялық технологияларын көрсету және тарату болатын.

Жылыжайдың жалпы көлемі 1 гектар жерді алып жатыр. Өндірістік қуаттылығы жылына 400-450 тонна көкөніс пен жидекке (томат, қияр, бүлдірген т.б.) есептелген. Университеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын практикада игеруге, жылыжай шаруашылығының «смарт-технологиялары» бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін түрлі семинарлар, тренингтер өткізу үшін оқу-тәжірибелік шаруашылықта инновациялық жылыжайды пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, жылыжайда ғалымдар агротехникалық, ұйымдастыру-шаруашылық және қорғау іс-шаралары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, көкөніс дақылдарының әртүрлі сорттарының фенологиялық фазаларына мониторинг жасай алады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»