Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік- экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі — сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Осы орайда ZOOM онлайн платформасында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жетысу – адалдық алаңы» аясында «Жемқорлықпен күрес – баянды болашақтың кепілі» атты онлайн семинар өтті. Онлайн форум спикерлерінің бірі Ресей және ҚР құқық қорғау ұйымдарында еңбек еткен, ҰҚК сыбайлас жемқорлықпен күрес бөлімінде аға тергеуші қызметін атқарған, Ақпарат академиясының академигі, Президент жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының эксперт лекторы Жакупов Жанділдә Ажиғалиұлы өз сөзінде жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу, саяси сауатты еліміздің қалаулы азаматтары болып өсуге баулу, мемлекетіміздің қалыптасқан қағидаларына құрметпен қарайтын патриотты жастарды қалыптастыру білім беру саласының қызметкерлерінің бірден бір міндеті екендігіне тоқталып өтті. Жастарға сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып, бұл дерттің еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз екенін түсіндірді.
Сонымен қатар қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде екендігіне тоқталып өтті. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Ш. Суатаева,
«Жетісу мұрагер» ҚБ төрайымы