Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы кезекті Жолдауын бастан-аяқ оқып шықтым. Президент бұл жолы ел мен жер өміріне, республика халқының тағдырына қатысты ең өзекті мәселелерге баса назар аударыпты.
Әсіресе, Жолдаудағы «Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әр түрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс» деп атап көрсетілген жолдар көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басқаны анық. Расымен де әркім өзіне бөлініп берілген жерін төрт түлік малдың аяғынан қорғау үшін қоршауға мүдделі. Өйтпесе, тиісті өнім алуға қол жеткізе алмайтыны анық. Бірақ, егістік, шабындық, жайылымдық жерді атшаптырым көлемде алып қоршап алғанымен сол жерге не егін екпей, не шабындыққа айналдырмай бос ұстап отырғандар да көптеп кездеседі. Жері ауылда, өздері басқа жақта. Былайша айтқанда ауылшаруашылығына арналған жерлерінен өкіметке де, өзіне де пайда келіп жатқан жоқ. Осы мәселе әлі күнге өзекті күйінде қалып отыр. Егер ауылшаруашылығын дамыту қажет болса, қоршауға алынып, құры босқа жатқан жерлерді қайтарып алып, жерге қолдары жетпей жүрген шаруаларға беру керек деп ойлаймын. Бүгінгідей, жер тағдыры мен ел тағдыры таразы басында бас түйістіріп тұрған шақта бұл мәселені тез арада қолға алып, орынды шешілуіне жол ашқан абзал.
Айболат Мұқанғалиев,
жеке кәсіпкер