Жуырда облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Алматы облыстық мәслихатының кезекті VIII сессиясы өткен болатын. Оған облыстық мәслихаттың депутаты ретінде менде қатыстым. Күн тәртібіне қойылған мәселелерге орай бірінші болып облыс әкімі Амандық Баталов есеп берді. Өз есебінде өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Еліміздегі пандемияға қарамастан барлық индикаторлар іске асып жатқандығын және жыл соңына дейін де жалғасатынына көзіміз жетті.
Облысымызда өткен 8 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құраған. Өңір экономикасына 370 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 2,3 пайызға өскен. Соның ішінде өңдеу секторы – 40,5 млрд. теңге немесе 124,5 пайызды, өнеркәсіп өсімінің көлемі – 13,8 пайызды, ауыл шаруашылығында – 1,1 пайызды, саудада – 20,5 пайызды, құрылыста – 16,6 пайызды құраған. Облыс экономикасын дамытудың локомативі болып табылатын өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жұмысы өз нәтижесін беріп, соңғы 8 айда осы саладағы өсім 14,8 пайызға көтерілген. Соның ішінде азық-түлік өндірісі 13,5 пайызға, сусындар – 11,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 5,5 пайызға, металл бұйымдарын өндіру – 5,2 пайызға, электр құрылғыларын өндіру 1,6 пайызға ұлғайғанын айтты. Сол сияқты ол іске асырылған және жоспарланған жобаларға тоқталды. Жылдың соңына дейін Еңбекшіқазақ ауданында жылына 2,7 мың тонналық қуаты бар жеміс-көкөніс өнімдерін өндірумен және терең мұздатумен айналысатын «Frosco» кәсіпорыны, Іле ауданында жылына 6 мың тонна құрылыс материалдарын шығаратын «Алюгал» және 10 мың тонналық қуаттылықта темірбетон бұйымдарын өндіретін «Азия Темір ЛТД» зауыттары, сол сияқты жалпы қуаты 130,75 МВт болатын жаңартылған энергия көзінің 4 нысаны іске қосылуы тиіс екен.
Сонымен Амандық Ғаббасұлы ауыл шаруашылығын дамытуға да тоқталды. Ауылшаруашылығын дамытудың маңызды бағытының бірі – суармалы жерлерді қалпына келтіру екенін айтып бұл бағыттың әлі де кенжелеп келе жатқанын, жауапты тұлғалар жұмысты ширатуы керектігін жеткізді. Жалпы облыс бойынша 137,8 мың гектар жерді қалпына келтіріп, 83,3 мың гектар жаңа жерлерді айналымға қосу жоспарланған. Биылғы жылы 14 мың гектар жерді қалпына келтіру үшін 6,3 млрд. теңгеге 21 ирригациялық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, Ислам Даму банкінің есебінен Ескелді және Ақсу аудандарының суару жүйелерін реконструкциялау жалғасып жатқанын жеткізді. Амандық Баталов қант қызылшасының алқабы ұлғаятынын, сүт өндіру мәселесінде жұмысты жетілдіре түсу қажет екенін, қазіргі кезде облыстағы ет пен сүт өндірісінің көлемі 4 пайызға өскеннін айтты. Сонымен қатар, облысымызда 25,9 мың басқа арналған 83 тауарлы сүт фермасы, 72,5 мың басқа арналған 111 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп, жалпы агроөнеркәсіптік кешенде өңделген өнімнің экспорты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22,3 пайызға ұлғайған. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқалы отырғаны баршамызды қуантты.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға да ерекше көңіл бөлініп, тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен жеңілдетілген несие үшін биылғы жылы жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлініп, жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құраған. Соның 700 млн. теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға, 1 млрд. теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық пайызы 0,001% жеңілдетілген несиеге бағытталды. Тағы 1 млрд. теңгесі көкөністердің қажетті қорын сақтау үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне займ түрінде беріледі. Тұрақтандыру қоры 9 позиция бойынша қалыптастырылады деп жоспарланып отырғанын айтқан Амандық Ғаббасұлы спорт, туризм салаларындағы жетістіктерге, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, жол сапасын жақсарту, тұрғын үйлер құрылысы, газдандыру, сапалы ауыз сумен қамту туралы мәселелерге де жеке-жеке тоқталып, аталмыш салалардағы атқарылған жұмыстар мен болашақ еншісіне қойылған жоспарларымен бөлісті. Білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Облысымызда үстіміздегі жылдың 8 айында 48 мың жұмыс орны ашылса, оның 25,9 мыңы тұрақты жұмыс орындары.
Облыс басшысының баяндамасынан өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жоғары екенін білдік. Есепті кезеңде жергілікті атқарушы органдармен өңір экономикасын дамыту мен жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жоспарланған шаралар уақытылы және сапалы жүзеге асырылып жатқандығына көзіміз жетті. 8 айда жоғары өсу қарқынына қол жеткізіліп, қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 110,4 проценттін құрап, облыстың республика бойынша 1 орынды иеленуі біздің облыста жұмыс жүйелі түрде ұйымдасқандығын және өңірді өз ісінің нағыз маманы басқарып отырғандығын айғақтайды. Бұның барлығы бір күнде, бір ғана адамның қолымен бітпейтін іс екенін білеміз. Дана халқымызда: «Бірлесе пішкен тон келте болмас», не болмаса «Жұмыла көтерген жүк жеңіл » деген мақалдар бар. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін бірлесе жүзеге асырып, облыс басшылығына қолдау көрсету халық қалаулыларының басты міндеті. Амандық Ғаббасұлы да депутаттарға зор сенім артып, халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсарту жолында жергілікті атқарушы органмен бірлесе жұмыс жасап жатқанымызға ризашылығын білдірді. Сессияға қатысқан барлық депутаттар облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін атқарып жатқан жұмысына оң бағаларын берді.
Сұлтан Нұрдаулетов,
Облыстық мәслихат депутаты.