Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы басталар тұста Қазақ халқы үшін ұлы арманы орындалған мерейлі күн болды. Тоқсан бірінші жылдың он алтыншы желтоқсанында Қазақстан Республикасы өз алдына дербес мемлекет атанып тәуелсіздігіне қол жеткізді. Осы аз уақыт ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азаматын жігерлендіретін Гимніміз, мақтаныш сезім ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Күллі жердің бет-бедерін көрсеткен әлем картасындағы шегарамыз шегенделіп барша халыққа таныстырылды. Десе де орда бұзған елдің дербестігіне куә алғашқы жылдар оңайға соқпағанын ел жақсы біледі.
Шыны керек отыз жыл аз да, көпте уақыт емес. Осы аралықта халқымыздың басынан сан қилы оқиғалар өтті. Жеткен жетістіктермізде аз емес. Бірақ бүгінгідей мамыражай өмірге қол жеткізу жас мемлекет үшін оңай болмағанын көзіміз көрді. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алған тұста мен қаламыздағы Юрий Гагарин атындағы № 8 орта мектепте жұмыс жасап жүрген едім. Көп ұзамай маған басшылық зор сенім артып, аталған мектептің директорлық қызметі жүктелді. Сол уақыттағы қиындық пен дағдарыстың әсерінен мектеп мұғалімдері айлығын уақтылы ала алмаған еді. Тіпті, кейбір мекеме қызметкерлерінің еруілге шыққан кездері де есімізде. Бұл қиындық барлық саланың жұмысын тежеген үлкен мәселе болды. Сол күндермен салыстырар болсақ, бүгінгі ел тұрмысы жер мен көктей. Әрине мұның бәрі тәуелсіздіктің бізге берген үлкен сыйы деп білемін.Өз кезегімде сол бір қиын уақытта менімен бірге жұмыс жасаған барша әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Себебі, олар қиындыққа төтеп беріп, еліміздің аяғынан нық тұрып кетуіне аз да болса үлестерін қосып, сабырлық сақтап, құрметке лайық мамандықтарының атын кірлетпеді. Ұжым ішіндегі тыныштықтың бұзылмауы да ұйымшыл ұжымның ауызбірлігінің арқасы дер едім. Ал, бұл мен үшін үлкен қолдау болды.