Маңызды мәселелерге мән берілді

Маңызды мәселелерге мән берілді

Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысын аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков жүргізіп, 23 депутаттың барлығы қатысты. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық тиісті бөлім басшылары, Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де шақырылды. Жиынның күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Қала, ауылдық округ әкімдері және тиісті мекеме басшыларының қатысуымен ауданның жылыту маусымына дайындық барысы туралы» аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Бақытжан Ақботаев баяндама жасап, есеп берді.

Ауданымызда бюджеттік саланың 97 объектісі жұмыс жасайды. Оның ішінде — 57 білім беру мекемелері мен 16 — денсаулық сақтау объектілері, 5 — мәдениет объектілері, 5 — спорт объектілері, 2 — әлеуметтік объект, 12 әкімдіктер бар. Бүгінгі күні сұйық отынмен 34 нысан, қатты отынмен 9 нысан, табиғи газбен 40 нысан жылытылады. 1 білім беру нысаны Алматы қаласының орталық жылытуына қосылған екен. Жеке сектордың қатты отынмен қажеттілігі 82 000 тонна құрайды. Ауданда 3 отын базасы бар. Қазіргі кезде қатты отын базаларында 1 820 тонна көмір бар. Ағымдағы жылы 3 елді мекенді газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Олар Жалғамыс, Ақтас, Ақдала ауылдары. 2020 жылдан бастап 4 елді мекенді- Көктал, Жаңалық, Қайнар, Дәулет ауылдарын газдандыру бойынша жобалар әзірленуде. 2021 жылға 4 елді мекенді газдандыру бойынша ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлінген. Қызыл Ту, Арқабай, Төңкеріс ауылдарына түзету енгізу керек болса, Кіші Байсерке ауылына жаңа жоба әзірленіп жатқанын айтқан бөлім басшысының міндетін атқарушы блокты-модульді қазандықтардың да қысқы жылыту маусымына дайындықтары туралы айтып өтті. Бақытжан Ақботаев бұл есебінен кейін бірден күн тәртібінде тұрған келесі мәселе қала, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен санитарлық тазалық және көгалдандыруды талқылау мәселесі бойынша есебіне көшті.

Баяндамашының айтуынша көктемгі екі айлық санитарлық тазалау жұмыстары кезінде ауданымызда 6 сенбілік ұйымдастырылған. Аумақты санитарлық тазалауға барлығы 3268 адам қатысты, 32 км арық желісі тазартылған. 178 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылып, 12 стихиялық қоқыс орны жойылған. Сондай-ақ, 4225 ағаш көшеттері отырғызылған. Бұл тазалық айлығы күз келісімен де жалғасып, ауданымызда бүгінгі күні екі сенбілік ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытуда.


Күн тәртібіндегі үшінші «Ауданның коммуналдық мүлікті басқару мәселелері бойынша жергілікті атқарушы орган басшысының есебін қарау» мәселесінде аудандық қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Жасыбаева есеп берді. Ауданның коммуналдық меншігі 2020 жылға 77 мемлекеттік мекеме, 13 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын, 1 шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестер барлығы 93 ұйымнан құрылғанын айтқан Гүлнар Бешенқызы аудандағы коммуналдық мүлікті басқару саясатынының жүргізілуі туралы айтып өтті. Коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті жалға беру, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың меншігіндегі жылжымайтын мүлік объектілерін қайта жалдау, жалға беруден ауданның бюджетіне түсетін қаражат мөлшерін, коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша жасалған жұмыстары, мүлікті иесіз деп тану жөнінде жасалып жатқан жұмыстар, пайдаланылмайтын коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асыруға қатысты мәселелер, коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы тарқата баяндап берді. Бөлім басшысының есебіне халық қалаулылары қанағаттанып, оң бағаларын берді.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе «Аудандық жастар ресурстық орталығының жұмыс жоспарымен танысу және есебін тыңдау, 2020 жылы атқарылған жұмыстары және 2021жылдың 9 айына атқарылған жұмыстары» туралы есеп беру үшін сөзді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова алып, тұщымды баяндамасын жасады. Аудандық статистика басқармасының мәліметтеріне сүйенсек ауданымызда 14 пен 29 жас аралығындағы 49396 жас бар. Оның ішінде 11848-ы қала жастары, 37548- ауыл жастары. Ауданда жастар ресурстық орталығы қызмет атқарады. Сонымен қатар Талғар қаласы мен 10 ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі мамандар бар. Жастарды уақытша жұмыспен қамту мақсатындағы аудандық «Жасыл ел» штабы 3 жыл қатарынан «Үздік штаб» және «Үздік орталық» номинация иегері болып келеді. Бүгінгі күні жастарды жұмыспен қамтамасыз ету шаралары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асырылуда. Атқарылған ақпараттық-насихаттау жұмыстары есебінен 2021 жылы аудан бойынша жұмыспен қамту орталығында 29 жасқа дейінгі 11000 жас жұмыспен қамтылған. 640 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. 2021 жылы аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде электрик, шаштараз, тігінші, бала күтуші және т.б мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен жастар қатарынан 64 адам оқытылған. Ал екінші бағыты шеңберінде жастар санаты қатарынан 150 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 8 азамат шағын несие алған. Қоғамдық жұмыстарға 310 адам жолданса, «Жастар практикасы» жобасы аясында 86 жас түлек 51 мекемеге тәжірибе алуға жолданған айтқан орталық жетекшісі басқа да аудан жастарымен жасалып жатқан жұмыстарын тілге тиек етіп, облыс әкімдігінің қолдауымен Талғар қаласында жастарға қызмет көрсету орталығының ғимараты салынуы жоспарланып отырғанын, қазіргі уақытта жерге қатысты құжаттары рәсімделу үстінде екенін айтып жағымды жаңалықпен баяндамасын аяқтады.

Тұрақты комиссияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе «Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген міндеттері мен іс-жоспарлары туралы» Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолдановтың есебі болды. Баяндамашы ауылдық округте биылғы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстары туралы айтты. Оның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарынан бастап, ауылдағы жарық, ауыз су, көшелерді жарықтандыру, жол белгілерін орнатуға қатысты мәселелердің шешілу жолдары мен әлеуметтік мәселелерге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарын тізбектей жеткізді. Күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер бойынша есеп берген азаматтарды мұқият тыңдаған депутаттар өз кезектерінде сұрақ-сауалдарын қойып, мәселелер көтеріп отырды. Әрбір баяндамашының жұмысына оң бағаларын беріп, қаулы қабылдады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»