Кәсібін кеңейтіп келеді

Кәсібін кеңейтіп келеді

Жасыратыны жоқ бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің кілтін ұстағандардың денін нәзік жанды арулар құрап отыр. Табиғатынан талғампаз, тәуекелшіл әрі табанды әйел заты қолына алған істің қыр-сырын тез меңгеріп, кәсібін өрге дөңгелетіп әкетеді екен. Осындай кәсібінен нәсібін теріп жүрген еңбекқор жандардың қатарында көпбалалы ана Тоқмолдаева Әдемі Нұрсұлтанқызы да бар.

Әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көптеген кәсіп иелері қашықтан жұмыс жасауға көшкені белгілі. Әсіресе нәзік жандылардың үйде отырып-ақ түрлі кондитерлік тағамдар мен тәтті тоқаштар пісіріп, әлеуметтік желі арқылы саудалауы кең үрдіс алып келеді. Сұраныс бар жерде, ұсыныс та болары анық. Міне, осыны зерделей білген Әдемі Instagram  әлеуметтік желісінде өзінің @as_tort_dekor жеке парақшасын ашып, сол арқылы кондитерлік тағамдарды дайындауға қажетті түрлі өнімдер мен құрал-саймандарды ұсынып, саудасын жүргізуде. Өз ісіңді бастау мен оны ұтымды ұйымдастыра білу оңай шаруа емес, әрине. Үйдің күйбең тіршілігінен шаршамастан жанына жақын істі кәсіпкерлікпен үйлестіре білген келіншектің жеке парақшасына жазылушылардың қатары күн озған сайын көбейіп, бүгінде 4000 мыңға жуықтаған. Әсілі, жетістік пен табысқа жеткізетін жол-еңбексүйгіштік пен табандылық, ізденімпаздық болса керек. Кейіпкеріміздің бойында осынау тамаша қасиеттер қонақтағаны анық. Сұранысқа қарай кондитерлік тағамдар пісіруге арналған тауар түрлері де сан алуан, сапалы әрі қолжетімді. «Ауданымыздың шалғай елді мекендерінен, Құлжа күре жолы бойында орналасқан ауылдардан, тіпті көрші Еңбекшіқазақ ауданынан да тапсырыс жиі түседі. Тапсырыс берушілердің тауарларын «InDriver» такси қызметі арқылы тиісті мекен-жайға уақытылы жеткізіп отырамыз. Осы істі бастағалы жанымнан табылып, қолғабыс болып жүрген абысыным Асенайдың да еңбегі зор», – дейді ол ағынан жарылып.

Кәсібінің көкжиегін кеңейтуді ойлаған іскер келіншек ағымдағы жылдың басында орталық базардың жанынан жаңадан бой көтерген «Тәуіп» сауда үйінен 24 шаршы метр сауда орнын жалға алып, жұмысын жандандыруда. Уақыт талабына сай жабдықталған сауда үйінің бірінші қабатында орналасқан кондитерлік өнімдер мен тәтті тоқаш пісіретіндерге арналған сауда нүктесіне бас сұғатындардың қарасы көп. Өйткені, мұндағы сауда сөрелерінде орналасқан сан алуан кондитерлік өнімдер мен керек-жарақтар тұтынушылардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алады.

Айта кету керек, Әдемі Нұрсұлтанқызы өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» екінші бағыты бойынша «Бастау-бизнес» бір айлық курсын оқып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Өз бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан ол 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Осылайша кәсіпкер келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы тірлігін ілгерлетіп, бөлінген қаржыға тағам принтерін және пісіруге арналған арнайы пеш сатып алды.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана Әдемі Тоқмолдаеваның өнегелі ісі көпке үлгі болсын, дегіміз келеді.

Райхан Азимова.
«Талғар»