Соғыстан кейінгі жылдары елдің тұрмысын көтеру, тың жерді игеру, сауаттылық пен мәдениеттілікті арттыру сияқты науқанды жұмыстар қай салада болмасын жанданып жатты. Мұндай халық үшін маңызы зор игі істе баспаның, журналистердің атқарар жұмысы, көтерер жүгі ауыр болғаны анық.
Сол жылдары дүркіреп шығып жатқан Талғар аудандық «Сталин туы» газеті де сол мақсатты ұстанды. Сол мезетте редакторлық қызметті абыроймен атқарған Түменов Мәжит Белғожаұлы туралы көп оқырман біле бермейді.
Түменов Мәжит Белғожаұлы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Аңырақай ауылында 1914 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Мәжит 1923-1930 жылдары Абай атындағы №8 тәжірибелі-үлгілі мектепте оқыды. 1934 жылы жаңадан ашылған журналистерді дайындайтын жоғары оқу орнына түседі. Бұл жоғары оқу орнында Алаш арыстары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Асфендияров сабақ берген. Алғашқы түлектер араб, латын, қытай, орыс тілдерін жетік меңгеріп шыққан. Орталық компартиядағы үгіт-насихат бөлімі жас мамандарды жан-жаққа жұмысқа орналастырады. Мәжит Орталық радиокомитетте балалар бөлімін басқарады. Сонымен қатар «Вожатый» деген журналдың редакциясында жұмыс істейді. 1938 жылы Зәуре Олжабайқызымен отбасын құрады.
1938 жылы Орталық комитет Мәжитті Қызылорда қаласына, 1939 жылы жаңадан құрылған Жамбыл облысына, «Коммунист» газетінің редакциясына жұмысқа жібереді. 1941 жылға дейін осы редакцияда бөлім басшысы болып қызмет атқарады. «Коммунист» газетінің редакциясында қызметте жүрген жерінен соғысқа аттанады.
Соғыста 118 зеңбірек-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болады. Москва, Орловск, Ржевск қалаларын фашисттерден қорғады. 1944 жылы жарақат алғаннан кейін ауылы Самсыға келіп емделеді. 1951-1953 жылдары Орталық Комитет Жоғары партия мектебін бітіреді. Жарақатынан жазылған соң Орталық партияның үгіт-насихат бөлімі Мәжитті Талғар қаласына «Сталин туы» газетінің бас редақторы етіп тағайындайды. Бұл жерде 1953 жылға дейін қызмет атқарады.
Соғыстан келген Мәжит қыл қаламын қолына алып, баспасөз қызметіне қайта оралады. Тумысынан еңбекқор ол, мәнсап қуып, көкірегін көкке көтермеді. Ел басшылары сенім артып тапсырған қызметін абыроймен атқаруға тырысатын. Ерінбей-жалықпай ізденуінің арқасында өз ісінің нағыз журналист маманы бола білді. Бұған бір дәлел, соғыстан келген оған, Жақыпбек Жанғозиннің, Орталық партияның нұсқауымен Талғар аудандық «Сталин туы» газетіне редакторлық қызметі ұсынылып, біз сонда көшіп бардық. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп жүрген халыққа рухани азық, ертеңгі күнге деген үмітінің отын маздататын нәрсе қажет еді. Ол газет болатын. Қан майданнан хабар күткен халық елегізіп жүретін де, газет беттерінен жақсылық хабарын іздейтін. Мәжит осыны түсініп, сезіне білді. Сол себептен де өзі басқарып отырған басылым бетінде халықтың рухын жандандыратын, келер күнге сенімін оятатын мақалаларды жариялап тұрды.
Талғар аудандық «Сталин туы» газетінде үздіксіз 8 жыл редактор болған кезінде, Мәжит елге де, достарына да сыйлы болды. Сол кезде қалыптасқан достық пен сыйластық сол азаматтардың бүгінгі ұрпағының арасында жалғасып жатыр. Ал көзі тірі ағалары, түрлі басқосуларда Мәжиттің істеген жақсы істерін өз отбасында да, Мәжиттің балаларына да үлгі етіп айтып отырады.
Жылдар өтіп, отбасымыздың да саны көбейіп, саналы ата-ана қатарына біз де қосылдық. Әйтсе де, өмір деген бір қалыпта тұрмайды. Қызығы мен қыңыры қатар жүретіні бар емес пе? Талғарда 1952 жылы «Сталин туының» кезекті саны «Сталин уы» болып басылып шығады. Таңертең газет қолына тиген Мәжит те, баспа жұмысшысы (печатник) еврей жігіт те, үкімет адамдары да әбігерге түседі. Тексере келгенде еврей жігіті «Т» әрібінің түсіп қалғанын байқамапты. Дегенмен, үкімет мұндайды кешіре ме, жігітті түрмеге қамап, ал Мәжитті қайта-қайта жиналысқа салып, сөгіс берді. Бірінші хатшы Д.Берәлиев пен заворготделом Т.Қатаев Мәжиттің бұл жерде кінәсіз екендігін айтып жеткізді. Осы кісілер, Мәжитті партия қатарынан шығармау керек, ол жоғары білімді, сауатты, балалы-шағалы, үлгілі отбасы екендігін ескеріп, қатаң сөгіс беруге шешім шығарды. Сөйтіп Нарынқолға «Советтік шекара» газетіне редакторлық қызметке жіберді. Бізге мейірімділік танытқан тағдырымызға, рахымшылық еткен үкіметімізге шүкіршілік етіп өз ісімізге кірістік.
Түменова Сәуле Мәжитқызы,
профессор