Тілшінің бір күні қалай өтеді ?!

Тілшінің бір күні қалай өтеді ?!

Газеттің бір күні. Қым-қуыт қамасқан қарбаласқа толы. Әрбір санаулы сағаттарды асқан жауапкершілікке жұмсай білу журналистердің мінсіз міндетіне баланады. Әлімсақтан қалыптасқан қағиданы, алдыңғы аға газеттерден бастап, облыстық, аудандық баспасөздер де бір ізбен, бір жолмен бүгінге дейін ұстанып келеді. Осы үрдісті үзбей алып жүрген аудандық «Талғар» газетінің ұжымы апта бастар алғашқы күнді апталық жоспарға арнайды.

Ол алдымен редактордың қатысуымен өтетін редакциялық жиналыста көтеріліп, талқыланып, күн тәртібіне қойылады. Аудан тыныс-тіршілігіне арналған жиындар, басқосулар, жаңалықтар тілшілер тарапынан әзірленіп, өз уақытын газет бетіне жіберіледі. Мұнымен қатар, шалғай ауыл, елді мекендерден келетін хат-хабарлар қорытылып, газет тіліне келтіріліп, мерзім, уақытына байланысты мақалалар қорына қосылады. Мұның сыртында тосыннан болатын жиналыстар, кездесулер де назарадан тыс қалмайды. Уақыт пен жауапкершілікті ұтымды пайдалануды журналистің шеберлігі шешеді. Өйткені жаңалықты дәл уақытында кешіктірмей, маңызын жоғалтпай оқырманға ұсыну оқырмандардың газетке деген сенімділігін арттырады. Ол үдеден шығып жүрген әріптес­тердің еңбектері де ерен.

Әрбір газет номеріне дайындалған мақалалар алдымен шағын макетте жоспарланады. Жоспарланған макет арнайы бағдарлама орнатылған компьютер орталығына жолданады. Ол жерде дизайнер-беттеуші маман макет бойынша мақалаларды қажетті беттерге, белгіленген орындарға орналастырады. Барлық мақала компьютерге түскеннен кейін кезекші редактор мен корректор үш қайтара қатесін оқып, газетті баспаға дайындайды. Барлық беттер әзірленген соң редактор қол қояды, сөйтіп кезекті номер баспаға жөнелтіледі. Баспадан шыққан газеттің оқырман қолына тапсырылуы пошта қызметкерлеріне жүктелген міндет. Оқырман мен журналисттер арасында алтын көпір орнатып, газеттің уақытылы жетуін қамтамасыз етіп жүрген пошта қызметкерлерінің еңбегін ескермеу бізге сын.

Қай дәуір, қай кезеңде болсын,бұқаралық ақпарат құралдарының уақыт үнімен үндесе отырып, қоғамның қозғаушы күші ретінде өзінің мақсат-міндетінен табыла білгендігі ақиқат. Сол арқылы тіршілік тынысына жан бітіріп, заман талабын қанағаттандыра алғанын өткен тарихымызға үңіле, бүгінгі қоғамның саяси өміріне назар аудара отырып аңғарамыз. Мұндай абыройлы биіктен көріну қиын да, жауапкершілігі салмақты міндетті арқалап, мамандығын мақтаныш ете білген журналистер қауымының ізденісті істері мен қарымды қаламының жетістігі екені талас тудырмайды.
Даму сатысына табан тіреп, болашағын айқындап алу жолында жаңаша бастамаларды басты бағдар етіп ұстанған тәуелсіз елімізде бүгінгі күнге дейін бүкіл әлемді мойындатқан жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып, тиісті жемісін беріп жатса, осынау табысқа журналистердің қосқан үлесі де қомақты екенін жоққа шығара алмаймыз. Қалың елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, жақсылығына қуанып, қиындығын көтерісе білуді, ақиқаттың ақ жолынан таймай, шындықтың шырайын кіргізіп, әділетті ту ете көк төріне желбірете көтерудегі ұстанымның болашақта да тиісті нәтижесін беретініне сенім мол.

Бір сөзбен айтқанда, аудандық «Талғар» газеті өміршеңдігін жоғалтпай, алдағы кезеңдерде көркем де кестелі тілмен, терең де бай мазмұнда оқырманынның көңіл көкжиегін кеңейте бермек.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»