Антына адал азамат

Антына адал азамат

Талғар аудандық ІІБ-ның тергеу­шісі лейтенант Ернат Керейқұлов жас та болса білікті маман ретінде танылып келеді. Кеген ауданы, Қарқара ауылында дүниеге келген Е.Керейқұлов ұлағатты отбасында тәлім-тәрбие алып, еңбек пен зор жауапкершілік жүгін сезініп өсті.

2007 жылы Таусүгір орта мектебінен түлеп ұшқан жас жігіт, сол жылы Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы Гуманитарлық институтының «құқықтану» факультетіне түседі. Аталмыш оқу орнын 2011 жылы тәмамдаған ол, димломалды даярлық тәжірибесін Алматы қаласының полиция департаментінің тергеу бөлімінде өткізеді. Осы бір уақыт ішінде жауапкершілігі мол мамандық иелерінің қиын да қажырлы еңбегін көріп, тергеу ісінің қыр-сырынан сусындаған жас жігіт болашақта осы салада жұмыс жасауды ойлайды. Сол арманы 2017 жылы жүзеге асып, Талғар ауданы ІІБ-на тергеуші болып жұмысқа орналасқан ол қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұған дейін де Медеу аудандық сотында сот көмекшісі болып бірнеше жыл қызмет атқарған тәжірибесі тағы бар.

Бүгінде жас та болса кәсібіне қажетті қасиеттерді бойына жинақтай білген білікті тергеуші Ернат Ерболатұлы бірқатар ауыр қылмыстар бойынша тергеу амалдарын тиімді де дәйекті жүргізіп, қылмыскерлердің тиісті жазасын алуына, сол арқылы қоғам қауіп­сіздігі мен адамдардың құқықтық тұрғыда қорғалуына өз үлесін қосып келеді. Тек 2020 жылдың ішінде тергеуші Е.Керейқұлов жүргізген тергеу амалдарына қатысты айыптау қорытындысымен сотқа 45 қылмыстық іс жіберіліп, бірде-бірі қосымша бақылауға қайтарылмауы маманның іскерлігін көрсетеді. Адам өлтіру, зорлау, тонау, алаяқтық, ұрлық сынды түрлі деңгейдегі ауыр қылмыс­тарды ашудағы тергеушінің кәсіби біліктілігі Алматы облыстық полиция департаменті тарапынан да оң бағасын алды.

– Иә, тергеу жұмысы өте ауыр әрі күрделі. Жауап алуда болсын, беттестіру, оқиға болған жерді қарап тексеруде, түрлі сараптамалар тағайындау, жинақталған материалдарды терең зерттеу сынды маңызды шараларды жүзеге асыру логикалық ойлауды, білімділік пен жан-жақтылықты талап етеді. Қиын да маңызды, жауапкершілік жүгі өте ауыр бұл салада жұмыс істеу үшін ең алдымен ынта мен ниет керек. Тек ынтамен кіріскен істің нәтижесі болады, — дейді Ернат Керейқұлов.

Әрбір азаматтың өмірі мен қауіпсіздігінің, қоғам тыныштығының күзетінде жүрген өз ісінің майталман маманы, тергеу­ші лейтенант Ернат Ерболатұлына кәсіби мерекеңіз құтты болсын дейміз!

Райхан Болатханқызы,
«Талғар»