Имандылықты жүрекке ұялатайық

Имандылықты жүрекке ұялатайық

Халқымыз бала тәрбиесіне терең мән беріп, өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы мол өнеге бере білген. Себебі дана халықтың дәстүрі діннен, салты сүннеттен бастау алады. Кешегі ата-әжелердің айтқан әңгімелерінен де әдет-ғұрпымыздың негізі дінде екендігін байқаймыз. Қазақтың салт-санасында кішіпейілдік, мейірімділік, ар мен ұяттың рөлі өте үлкен. Демек діліне берік ұрпақтың ардан алшақ, дінге дұшпан болмайтыны белгілі.

Иман амалдарының бірі – ұялу. Бұл мінез адамды жақсылыққа бастайды, жаман істерден алыстатады. Халықта «ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Қазақ балаларын «ұят болады» деген бір-ақ сөзбен-ақ ұятсыздықтан тиып, имандылыққа тәрбиелеген.
Сонымен қатар өтірік айту мәселесіне де асыл дініміз қатаң тыйым қойған. Бұл жөнінде халқымыз «Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ» деп, халық иманды адамның әділетті, шыншыл болатынын атап айтады.
Ал осы қасиеттердің бала бойына берілетін негізгі ортасы – ол отбасы. Отбасындағы адамдардың бір-біріне деген мейір-шапағаты бүлдіршіннің бірінші көтеретін тәрбиелік мысалы.
Елбасымыз «Егеменді еліміздің ертеңі, болашақ – жастардың қолында!»,– деп әркез сенім білдіреді. Ата-баба мұрасын жалғастыру — біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз. Болашақ ұрпақты имандылық тәрбиеге баули отырып, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып, санасына құю – бүгінгі білім мен тәрбиенің басты міндеті.

Мөлдір Абатайқызы,
аудандық жастар ресурстық
орталығының маманы