600-ден астам адам қатысқан
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Көп сараптаудың нәтижесінде таңдалынған бүгінгі рәміздеріміз Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
«Талғар-ақпарат»
Серік Құрақбаев,
аудандық Жасөспірімдер спорт —
мектебінің директоры.
Еркін күрестен «КСРО спорт шебері»
Әнұран — ғажайып әлем сыңғыры
Әуезді әуен Әнұран — жер бетіндегі ұлт пен ұлыстардың тарихи өткен өмірін, оның мәдениетін, діни нанымын, әлеуметтік тұрмыс болмысын, азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ғасырлар бойындағы күресін, жеңіс-жеңілісін білдіретін әр халықтың рухани байлығы. Әр мемлекеттің Әнұраны — сол ұлттың лүп-лүп соққан жүрегі, өмірдің қан тамырларының сарқырап аққан ағыны, сол өмірдің қаны мен жаны, жарығы мен оты. Әнұран арқылы сол халықтың ойын сезініп, арманын ұғамыз, келешекке көз тастаған үмітін танимыз. Мәселен, мен үшін сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Ж.Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» атты әнінен құдіретті нәрсе жоқ. Әсіресе Олимпиада төрінде тұрып қазақ елінің Әнұранын асқақтатқан қазақтың асыл ұлдары — Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиевтердің алабұртқан жүздеріндегі шаттықты, ішкі сезімін жасырғысы келгенімен көздеріндегі жылт еткен қуаныш тамшыларын көрген миллиондаған қазақ халқы қалай тебіренді десеңізші! Сондықтан Әнұран — жүрек тілі, ол сезімдер мен көңіл-күй әлемі арқылы бейнеленген жан сарайы, деп білемін.