Екі мектептің аты ауысты
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №303 қаулысымен Талғар ауданына қарайтын №31 мектеп әл-Фараби атымен, ал №49 мектеп Ы.Алтынсариннің атымен аталатын болды. Бұл тарихи оқиға іргелі білім ордаларының мерейін асқақтатып қана қойған жоқ, шәкірттерді де қуанышқа бөледі.
Енді олар аты қазаққа белгілі, ағарту саласында болашақ ұрпақтың шамын жағуға еңбек еткен тұлғалардың атымен аталатын білім ошағында оқымақ.Жалпы екі мектептің де білім көрсеткіштері көш ілгері. №49 мектептің ғимараты 1971 жылы салынып, ал мектеп болып 1993 жылы құрылды. Осы жылдан бері 12 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестат» иегерлері, халықаралық, республикалық, облыстық білім додаларынан 10 оқушы жеңімпаз атанса, тағы 10-ы ҚҒА «Құрмет грамотасымен» марапатталғандар. Биылғы оқу жылын 410 оқушы аяқтап, оның 110-ы үздіктер қатарында. Мектептегі 46 мұғалімнің 42-сі жоғары білімді.
Дәл осындай ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш №31 мектепке де тиесілі. Үш тілде білім беретін мектеп 1000 орынға лайықталған. 2020-2021 оқу жылын 2144 оқушы тамамдады. 11-сыныпты аяқтаған 83 оқушының 7-еуі «Алтын белгіге» үміткер болса, үшеуі «Үздік аттестаттарын» қорғамақ. 198 мұғалімнің 175-і жоғары білімді.
Меруерт Бөлек,
»Талғар»