Жадыраған жаздың жаймашуақ күндері артта қалып, күрең күздің қара суығы да келіп жетті. Күз айларында ауа-райы құбылмалы болады. Қыркүйек айы жылы шырай танытқанымен, қазан айында жауын-шашын жиілеп, күн суыта бастайды. Тауға қар түсті, күндіз күннің көзі ашық болғанымен, өңмеңіңнен өтер күздің ызғары қыс қыр астында екенін еске салып тұрғандай.
Жалпы жылу жүйесін іске қосу кестеге сай қазан айының 15 жұлдызында басталады. Бұл, әсіресе, әлеуметтік маңызға ие бюджеттік сала мекемелеріне, мектептер мен балабақшаларға, ден-саулық сақтау нысандарына қатысты. Дана халқымыз: «Қыстың қамын жаз ойла», «Қыс шанаңды жаз сайла» деп тегін айтпаған. Расында да, ертерек қам-данып, отын-суын алдын ала дайындап алғандардың қобалжуға жөні жоқ. Ал, салғырттық танытып, арқаны кеңге салған жандар қапыда қалары анық. Иә, «Қамдансаң қапыда қалмассың» демекші, ауданымыздың жылыту маусымына дайындығы қандай деңгейде? Жылыту қазандықтары мен жылу жүйелерінің жай-күйі көңіл көншіте ме? Көмір, сұйық отын қоры жеткілікті ме? Бағасы шарықтап кеткен жоқ па?
Осы сауалдарға жауап іздеп аудандық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Шамаевқа жолыққан едік. Аталған мәселелерге қатысты сала басшысының жауабы төмендегідей болды. Биылғы жылдың жылыту маусымына дайындық ойдағыдай жүргізілді деуге негіз бар. Талғар ауданында 97 бюджеттік сала нысаны жұмыс істейді: оның ішінде – 57 білім беру мекемесі, – 16 денсаулық сақтау, 5 мәдениет, 5 спорт, 2 әлеуметтік нысандары, 12 әкімдік ғимараты.
Жылу қазандықтары сұйық отынмен жағылатын 36 нысан бар. Атап айтсақ, 21 білім беру нысаны, 7 денсаулық сақтау нысаны, 1 мәдениет нысаны, 3 спорт нысаны, 2 әлеуметтік нысан. Аталмыш мекемелерді жылытуға бөлінген сұйық отын лимиті – 1 113 524 литр жеткізілген. 17 нысанның (оның ішінде: 1 білім беру нысаны, 5 денсаулық сақтау нысаны, 3 мәдениет нысаны) жылыту пештерінде тас көмір жағылады, лимит – 475 тонна. Бүгінгі күнге дейін қатты отын толықтай жеткізілді. Табиғи газбен жылытылатын 42 объектідегі тұтынылатын көгілдір отынның мөлшеріне қарай төлемақы ай сайын төленеді. Жылу жүйесі табиғи газға қосылған 4 денсаулық сақтау нысаны, 1 мәдениет, 1 спорт, 34 білім беру нысаны бар. Бір білім беру нысаны Алматы қаласының орталық жылу жүйесіне қосылған. 1 спорт нысаны «Алатау» биатлон кешенінің ғимаратын жалға алады. Білім беру нысандарына бөлінген сұйық отын лимиті – 882 576 литр, қатты отын лимиті – 8 тонна. Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарына қарастырылған сұйық отын лимиті – 160 000 литрді құрап отыр, бүгінде аталған көлемде сұйық отын 100 пайыз жеткізілді. Лимит бойынша бөлінген 207 тонна қатты отын да толық көлемде арнайы қоймаларға тасымалданды. Сұйық отын жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде. Мәдениет нысандарына тиесілі сұйық отын лимиті-44 263 литр, қатты отын лимиті 260 тоннаны құрады. Спорт нысандарына 26 685 литр сұйық отын қарастырылған. Жоғарыда аталған нысандарға жоспарланған сұйық отын мөлшері толық көлемде жеткізілді.
Біздің сараптамалық есептеуіміз бойынша жеке сектордың қатты отынға қажеттілігі шамамен 82 000 тоннаны құрайды. Ауданда 3 отын базасы бар. Олар: ЖК «Гасанов», ЖШС «Шамалған Көмір» және ЖК «Нұрбек». Қазіргі уақытта ауданның отын базаларында 5 430 тонна көмір бар, тұрғындар 71 600 тонна көмір сатып алды, бұл жалпы қажеттіліктің 87,3 пайызын өтеп отыр. «Шұбаркөл» маркалы көмірдің құны – 15,5 мың теңге, ал «Қаражыра» – 14,5 мың теңге мөлшерінде. Бюджеттік сала мекемелеріндегі жылыту маусымы уақтылы басталды, дәлірек айтсам жылу жүйесі қазан айының 15-інде толықтай іске қосылды.
Талғар қаласында үш жақты келісім-шартқа сәйкес жеке инвестор «Өркениет Констракшн» ЖШС 15 блокты-модульды қазандық орнату жұмыстарын жүргізуде. 2019 жылдың 15 қазанында 8 қазандықта дизель генераторлар күшімен сынамалы іске қосу жұмыстары басталады. Көпқабатты үйлердің жылу жүйесін табиғи газға қосу және жылу бері толықтай қазан айының соңына дейін жүзеге асырылады деп күтілуде.
Иә, сала мамандарының сөзіне сенсек ауданымыз жылыту маусымына сақадай сай дайын көрінеді. Десек те, қылышын сүйретіп келетін қаһарлы қыста қапыда қалмауымыз үшін атқарылған жұмыстарға тоқмейілсімей, тағы да бір тиянақтап, пысықтап алғанымыз жөн болар. Қыс қыр астында. Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді.
Райхан Азимова,
«Талғар».