Талғардың жері тарихқа бай. Әсіресе Талғар өзенінің оң жағалауында орналасқан Талхиз қалашығының орны тіптен бөлек. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі он қаланың бірі болған Талхиздің тарихын аға буын жібін тарқатып айтып берсе де бала буынның бұл тарихтан толыққанды хабары бар деу артық сияқты. Дегенмен, осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген жергілікті әкімшілік өкілдері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапханамен бірлесе отырып, «Талғарымның тарихы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Кітапхананың кең залында өткен басқосуға аудан әкімі аппаратының басшысы-әдеп жөніндегі уәкіл Ахмет Әшімахұнұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет саласының өкілдері, жастар мен БАҚ қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысов жылнамашылар жазып кеткен Талғардың өткеніне аз-кем тоқталды. Сонау VII-XIII ғасырда транзитті сауда орталығы болған Талхиз (Талхир) қаласының зерттеушілер тапқан бүгінгі орны 2014 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Осы құнды жәдігерді көздің қарашығындай сақтау бүгінгі жастың еншісіндегі дүние. Дөңгелек үстелдің негізгі өзегі де осы болғандықтан жастар айтылған ақпараттар мен деректерді жүректеріне құя отырды.
«Талғарымның тарихы» тақырыбында баяндама жасаған Ахмет Әшімахұнұлы сөзінің төркінін мемлекеттік қызметкерлердің заман талабына сай қасиеттерге ие болуы керектігіне ойыстырды. Соның ішінде туған жер, ел тарихын жетік біліп, іссапарларға шыққан кезде мүдірмей жауап бере алатындай рухани бай болуы қажеттігін де еске салды.
– Қазақ тарихы өте терең, бай. «Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу де – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет», – деп атақты ақын, саясаткер Олжас Сүлейменов ағамыз айтпақшы, қазіргі жаһандану заманында өз тарихыңды біліп, құрметтеудің маңызы барған сайын артып барады. Сондықтан заманауи бола жүріп өткен тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді де білудің мемлекеттік қызметші үшін маңызы зор, – деген баяндамашының сөзінен әр адам өзгерісті өзінен бастау керек екендігін түсінді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да «Өзгерістерді өзіңнен баста!» деген тармақтың болуы бәсекеге қабілеттілікті арттыратынын, сонымен бірге, Әдеп кодексі нормаларын сақтап, заң талаптарын бұзбау – қойылатын басты талаптың бірі екендігін жеткізді.
Аппарат басшысының және бір көңілге қонған жаңалығы – бірнеше дәуірлердің куәгері болып отырған ескерткіш-белгілердің басын қосып, ауқымды бір өлкетану мұражайын ашу жоспарда бар екендігі. Мұражай бір жағынан шетелдік туристерді тартып, еліміздің бай тарихын танытуға септігін тигізсе, екінші жағынан жергілікті бюджет қорының молаюына да пайдасы болмақ. Әзірге осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жүйелі жүріп жатқандықтан, болашақта Талғардың өзінің тұщымды тарихын қамтыған мұражайының болатынын сендік.
Шараның көркі тек қызыл сөзбен қызған жоқ, күміс көмей әнші Надхан Манайдың орындауындағы «Ауылым-ай» әні мен А.Бекеновтың орындауындағы «Алатау» күйі көтерілген тақырыптың өзектілігін байқатты. Ақын Дәулетхан Карбозұлының жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа шақырған сөзі мен «Талғар тау» өлеңі шараның тұздығы бола білді. Кітапхана ұйымдастырған үш бөлімнен тұрған кітап көрмесі де келушілердің қызығушылығын тудырып, туған жердің тарихын білгісі келгендер үшін таптырмас кітаптардың бар екендігінен хабардар етті.
Иә, өткенге үңілмей, тереңнен тартқан тарихымызды түгендей алмасымыз айдан анық. Атадан аманатқа айналған құндылыққа адалдық таныту бүгінгі ұрпақтың басты парызының бірі екендігін тағы бір мәрте еске салған бұл шара түйткілді ойды да түртіп кетті. Шынымен де бұл уақыттың өзі қаншама көне шаһарлар мен тарихи ескерткіштерді жым-жылас қылды емес пе. Біз де тарихи қалашығымыздың орнын сипап қалмауымыз үшін қолда барда алтынның қадіріне жете білейік. Көне мәдениетке көңіл бөлсек көңіліміз тоқ болар дейміз де…
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».