Исі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі – Құрбан айттың басталуына санаулы күн қалды. Ұлық мерекені дүние жүзінің мұсылмандары жыл сайын зор қуанышпен тойлайды. Жылына бір рет келетін қасиетті Құрбан айт мерекесіне талғарлықтардың дайындығы да қызу.
Әзірден бастап құрбандық малын таңдап, ниеттерін оңдап жатыр. Аудан имамдары да күні кеше бас қосып, рәсімді өткізуге болатын орындарды анықтап, олардың санитарлық талаптарға сай болуын қадағалау керектігін ортаға салды. Биылғы жылы аудан бойынша үш құрбандық шалатын орын белгіленіпті. Ол аудандық орталық мешітте, Бесағаш және Қызыл-Қайрат ауылдық мешіттерінде орналасқан. Ел ішінде мал ауруларының таралуы жайлы өтірік-шыны аралас қауесет өріп жүргендіктен мал дәрігерлері де сол арада жүреміз деп бірауыздан келісіп отыр.
– Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде малға қатысты аурулардың өршіп жатқаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Сондықтан халық негізсіз алаңдамас үшін құжаттары бар, тексерілген, сырғаланған малдарды сою керектігін қадағалаймыз, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Айболат Жұмақын.
Сондай-ақ белгіленген орыннан тыс жерде мал сойылып, қан-жынын тазаламай ластайтын, тәртіп бұзатын адамдар болса әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы да мамандар тарапынан қатаң ескертілді. Бұл жөнінде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Зайноллин толыққанды түсіндіріп берді. Жұқпалы аурулар мен тамақтан улануды болдырмау үшін мал сою ережелерінің қатаң қадағаланатынын қадап айтты. Мүмкін болса округ имамдары тарапынан тұрғындарға алдын-ала хабарланып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе нұр үстіне нұр болатынын жеткізді.
Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, түйе, сиыр союға рұқсат етілген. Нақтысы, бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ, мүйізі сынған болмауы тиіс. Ұсақ малдың сауабы бір отбасыға тисе, сиыр мен түйені 7 жанұя қосылып шалуына болады. Құрбандық малдары арнайы орындарда сойылып болған соң еті мұқтаж отбасыларға таратылғаны сүннет.
– Сойылған малдың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігін өз отбасымен жейді. Екінші бөлігін туыстарына, көршілеріне береді. Үшінші бөлігін жағдайы төмен отбасыларға, азаматтарға тарқатып, садақа ретінде береді. Бірақ мүмкіндігінше, көбірек бөлігін садақа ретінде таратқаны абзал, – деп ауданның бас имамы Мұсабек Тағанұлы тағы бір мәрте нақтылап өтті.
Аудандық мешіттен бөлек басқа мешіттер маңында құрбандық шалынбайды. Тек мұқтаж жандарға тарату мақсатында ғана таза сойылған мал етін әкеліп таратуға рұқсат. Сонымен қатар, мал бауыздау тек айт намазы оқылып болғаннан кейін басталуы тиіс. Құрбандықты 85 грамм алтыны немесе соған тең қаражаты бар адамның шалуы міндетті. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік: арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. 11 тамыз күні сағат таңғы 07:00-де облыс көлеміндегі барлық мешіттерде Айт намазы оқылады.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».