Бұлағы – тәнге шипа, дұғасы – жанға демеу Әлмерек баба

Бұлағы – тәнге шипа, дұғасы – жанға демеу Әлмерек баба

Әз-Тәуке хан тұсында Албан тайпасының биі, ғұлама кемеңгері болған Әлмерек жайында Кеңес Үкіметі кезінде айтылмады. «От ауызды, орақ тілді» би-шешен Тәуел­сіздіктен кейін жарыққа шықты. Би бойындағы ерекше қасиетке қатысты: «Ұлы баба Әлмерек, шын сыйынсаң әл береді» деген дұға тәмсіл ғана халық жадында ұмытылмай сақталды. Өйткені қазақтың бойындағы «Әруаққа сыйыну, тәу ету» ел санасынан өшкен жоқ. Әлмерек өз елінде хан уәзірі дәрежесіне көтерілген Бәйдібек бидің тікелей ұрпағы еді. Албан молдалар шежіресі мұны бұлтартпай дәлелдейді және ұрпақ жалғастығы оның есімін күні бүгінге дейін жаңғыртып тұр. Албан ішінде Айт- Бозым ағайынды, бір әке-шешеден туған, туыс- бауырлар. Әрқашан екеуі қосарланып айтылып, кейін рулы елге айналды.

1916 жылғы Албан көтерілісі жа­йында «Қилы за­ман» атты кітап жазған Мұхтар Әуезовтың шығармасында Айт-Бозым ұрпақтары Әубәкір, Ұзақ және Жақыпберді Әлмеректің зәузаттары болып келеді. Бидің өз әкесі Бозымның ұлы Жаншық бір аласапыран көш кезінде шешесін тосын толғақ қысып, жаны шығып кете жаздап туғандықтан кейін Жаншық атанды. Бұл кісінің есімі бай, Қызыр шалған кісі ретінде аты аңызға айналады. Әлмеректің түп-тегі мен оның жеке басы жайында аты Алты Алашқа аян Көдек ақын былай деп жазады:

Бозымнан Сары, Жаншық анық өткен,
Жаншықты Қызыр атаң шалып өткен,
Жаншықтан Әлмерек пен Олжай туып,
Әлмерек батыр болған бағы өктем.

Айт-Бозым туралы айтқанда соғыс шапқыншылық кезінде бір-бірінен айы­рылып, кейін бірін-бірі іздеген, ағайын- туыс және іні-қарындас арасындағы бауырмалдық оқиға өрбиді. Ағайынды екі жігіттің ортасындағы жалғыз қыз Қарашаш тағдыры өз алдына әңгіме. Туыстық, сүйіс­пеншілік, бауырмалдық өнегесін «Айт- Бозым» Қарашаш оқиғасы дәлелдейді. Өйткені Әлмеректің бауырмалдығы мен мейірімділігі түп-тегі Айт-Бозымнан баста­лады. Ағайындар арасындағы алауыз­­дықты болдырмау үшін жанын салған, туыстыққа мейлінше мән берген, мейірімділікті өнеге еткен би текке әз-Әлмерек атанбаса керек.

Тарихи тұлға Әлмерек Төле би, Қазыбек, Әйтеке билер сияқты үш жүзге әйгілі болмаса да Жетісуда оған жететін би-әулие, кемеңгер және сәуегей-абыз қыдыр дарыған данагөй жоқ еді.
Әлмеректің төртінші атасы Сүйменді өте ірі тау тұлғалы, ерең күштің иесі болғанын «ұрпақ тарихы», шежіре-дерегі бізге жалғайды. Сүймендінің алыптылығына және қайрат-күштің мықтылығына бай­ланысты Таубұзар атанған. Әлмеректің тұлға, кескіні төртінші атасы Сүймендіге тартқаны анық байқалады. Құдай-Тағала айырықша жаратқан оның бір ерекшелігі тосын жағдайларда оң қолы мен сол қолы теңеліп, үйлесіп, қатар қимылдап, тез ыңғайланады екен. Жауға шапқанда бір қолына шоқпар, бір қолына найза ұстап жекпе-жекке шығатын болған.

Әлмеректің басында бағы жанған ер, кейін жүрек жұтқан батыр атанғаны бойындағы осы таңғажайып қасиеттен болса керек. Өйткені жігіт кезінде Әлмерек алдымен батырлығымен танылады. Жоңғар қолбасшысы Шонжы қалмақты шоқпар, найзаны қатар ұстап жекпе- жекте өлтіруі оның ерлік даңқын шығарады. Әлмерек жайында кітап жазған, Қытайдағы шежіре, тарихты көп зерттеген Әскер Тойғанбаевтың көркем шығармасында Әлмеректің жауын­герлігі жақсы баяндалады.


Осы жазушының баяндауынша Әлмерек отызға таяғанында Наурызбай батырдың немере қарындасына үйленеді. Дерек, оқиғаларды көнекөз қариялардан, сұңғыла ақсақалдардан естісе керек. Әлмерек қа­зақтың құда-жекжаттық салты бойынша үш жүзден қалыңдық көріп, жар сүйген. Ұлы жүзден, орта жүзден өзі ұнатқан қыздарды айттырған. Үш некелі болған Әлмеректің үшінші әйелі Рысты, Кіші жүздің қызы. Әлмерек ұрпақтары әлі күнге дейін үш жүзді байланыстырып, өрісін кеңейтуде.
Алтай мен Атыраудың, Хантәңірі мен Жайықтың арасында өрмекшінің торындай болып, тамырланып, тұтасқан ұлттық бір­лесу кезінде мықты еді. Марқұм Әлкей Марғұлан тұтасып жатқан тайпалық, елдік байланыстың осы ежелгі үрдісін жақсы білген. Қазақтың осыншама кең далаға ие болуы тамырланған бірліктің арқасы еді.

Әлмерек жігіт шағында батыр, жігіт ағасы кезінде жасақ, қол бастаған сардар, кейде дау-жанжалдарға араласқан ақылшы ретінде сол заманның барлық әскери және билік сатыларынан өтеді. Елуге келгенде әр қырынан кемелденіп, Албан тайпасының билігін қолына алады. Сары, Сүйіндік билердің жолын жалғастырады. Әсіресе, Айт Сүйіндік бидің тәрбие, тағылымы, дау шешудегі даралығы мен көрегендігі көп әсерін тигізеді.

Түбін қуалағанда Мұқағалидың түп нағашылары Айт-Бозым. «Үй жақсысы – аға­шынан, жігіт жақсысы – нағашыдан» дейді қазақ. Сондай-ақ Мұқағалидың ұлы аталары Сырымбет, Хангелді, Әлмерек ілік-жақын қарға тамырлы қазақ болғаны шежіреден белгілі. Ел ішінде Әлмерек «би, ата», Райымбек «батыр, ата» атанған. Райымбектің қандай батыр болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Әз-Әлмеректен бата алғаннан бо­лар Райымбек өте адал, соғыс кезінде түскен олжаны алмайтын, шамасы келгенше ешкімге қиянат жасамайтын рухы таза кісі болған. Сондықтан батыр өмірден өткен соң – әулие атанып кетті. Қазір оның басына келіп, дұға оқып, зиярат ететіндерде есеп жоқ. «Әлмерек-Райымбек» егіз ұғым. Бұл күнде екеуінің кесене, мазары бір өңірде Іле- Алатау алқабында, Алматы шаһарында тұр.

Ұлт көшбасшысы Нұрекеңнің шешесі пер­зентке зар болып, Әлмеректен бата алған Райымбектің басына түнеп, Нұрсұлтан атты ұл көргені жалпақ жұртқа белгілі. Райымбектің ар жағында әз-Әлмеректің тылсым рухы тұрғанын ешкім білмейді. Тәңір құдірет сыры ашылмаған жұмбақ. Райымбек Нұрекеңнің шешесінің түсіне кіріп, перзент сүйетінін меңзейді. Бата деген Тәңір тылсымы. Әлмерек бата бергенде батасы орындалатынын «батагой баба» деген сирек атқа ие болған көріпкел еді.

Әлмерек Түркістандағы хандар мен билер кеңесіне қатысып, сол жердегі диқандардың бау-бақша, егін еккенін көзімен көріп келген соң Алатау етегіндегі жазыққа Іле бойындағы сулы жерлерге егін егіп, диқаншылықты жүргізудің жолын көрсетеді. Арық, тоған қаздырады. Әлмерек дәуірінде өмірге келген су құрылысы «Әлмерек тоғаны» сұлбасы қазір Талғар ауданындағы Қызыл Ту өңірінде әлі бар. «Әлмерек қорым-зиратының» күн шығыс жағында жатыр. Оның Баба атты баласының ұрпақтары қазған «Баба — тоған» Шелек өңірінде жер-су атауы болып, Әлмерек рухын жаңғыртып тұр. Бұл күндері Алматы шаһарының шығыс бөлігіндегі қалаға сұғына енген «Покровка» аулының күншығыс жағындағы ескі қорымда күмбезі жарқырап Әлмеректің сегіз қырлы кесенесі тұр. Рух пен құрылыс үйлесіп, мәңгілікке белгі болып қалды.

Дайындаған: Тұрсынбек Жалғасбаев.