Тіл тазалығын сақтау – парыз

Тіл тазалығын сақтау – парыз

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамаймыз. Қа­зақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» – деген болатын. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп бо­латын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Сондықтан да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тазалығын сақтау баршамыздың борышымыз.


Ауданымызда «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы жүріп жатқаны баршаға аян. Жақында Талғар ауданы әкімінің өкімімен бекітілген жұмысшы топ «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акция аясында Талғар қаласындағы Д.Қонаев, Абай, Бокин, Төлебаев көшелері бойындағы халыққа қызмет көрсету орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өткен тексеру барысында Абай, Т.Бокин және Ломоносов көшелері бойынша анықталған кемшіліктер түзетіліп, он күннің ішінде өзгертілген. Ескерту берілген нысан иелері заңға сәйкес нысан маңдайшалары мен жарнамаларын түзетіп ілгендігі көңіл қуантты. Ал Қонаев, Абай және Төлебаев көшелеріндегі кемшілігі бар нысан иелері осы аптаның соңына дейін кемшіліктерді жоюға уәде берді. Кейбір сауда орындары дүкендерінің атауын заңға сәйкестендіру үшін жаңа маңдайшаларға тапсырыс беріп қойғандығын алға тартты. Абай көшесіндегі «Бочка» дүкенінде дүкен маңдайшасы латын әліпбиімен жазылған. Десек те, «дүкен» сөзіндегі ноқаты түсіп қалған, нысан иелеріне дереу ескертілді олар оны дереу жасатуға тапсырыс берді.

Перизат Ауғанбайқызы,
«Талғар».