Орта және шағын бизнесті дамыту – ел әлеуетін жақсартудың негізі болып табылады. Бизнес өркендесе, жұмыссыздық азайып, халықтың тұрмыс-тіршілігі арта түсері анық. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Бүгінде белгілі бір кәсіптің кілтін ұстап, өзіне де өзгеге де пайдасын тигізіп отырған жандар көп-ақ. Солардың бірі – Байбұлақ ауылының тұрғыны Фарида Сейсенбекова дер едік.
Фарида Жүнісқызы Талдықорған өңірі Сарқант ауданына қарасты «Қарабөгет» совхозында 1959 жылдың тамыз айының 15-ші жұлдызында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бойжеткен, 1976 жылы Талдықорған қаласындағы кооператив училищесіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Тумасынан зейінді, табанды бойжеткен сол жылы Алматыға келіп еңбек жолын бастайды. Алматы мақта-мата комбинатына жұмысқа орналасып, осы кәсіпорында табаны күректей 15 жылдан аса еңбек етеді. Үлкен шаһарда өмірлік жарын кездестіріп, шаңырақ құрады. Жарық дүниеге екі перзент әкелген ата-ана өмірдің талай қызығы мен қиындығын қатар көріп, тұрмыстарын түзеуге күш салды. Сол бір жылдары Кеңестер Одағы ыдырап, еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет атанып тыңнан жол іздеген уақыт еді. Қайта құру, оңтайластыру кезеңі де халыққа оңай тимеді. Іргелі зауыт, фабрикалар жабылып, колхоз-совхоздар тарқай бастады. Тұрмыс –тіршілігімізге нарықтық қатынастар дендеп еніп, сауда-саттыққа кең жол ашылды. Фариданың да жұмыс орны ауысып, азық-түлік дүкенінде сатушы болып бес жылдай еңбек етті. Тиянақты адамның еңбегі де көрікті. Жалданып жұмыс істей жүріп, сауданың қыр-сырын меңгерген келіншек отағасымен ойласа келе, өз алдына шағын дүкен ашуды қолға алады. Сөйтіп 2000-шы жылы Байбұлақ ауылына қоныс аударып, шағын дүкен құрылысын бастайды. Көп ұзамай барлық құжаттарды тіркеуден өткізіп, саудаға ден қояды. Сұраныс бар жерде ұсыныс та болары анық. Талғар қаласынан біршама қашықтықта, тамылжыған тау бөктерінде орналасқан аталмыш ауыл ішінде жүгіріп шығып, қалағаныңды алатын дүкендер жоқтың қасы. Міне, осындай жағдайда Фариданың ашқан шағын дүкені тұрғындарға көмекке келеді. Ешқайда сабылмастан тұрмысқа қажеттіні осы жерден таба алады. Ұсынылған тауарлардың аясы кең. Дүкеннің сөрелерінде тұтынушыларға қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар да молынан жайғастырылған. Олардың бағасы да қолжетімді. Кәсіпкерліктің көзін тапқан нәзік жан еңбексүйгіштігінің арқасында шаңырағының берекесін осылайша кіргізіп отыр. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, отбасының тірегі болған жары Ылғар Таипов жүрек талмасынан 2006 жылы көз жұмған еді. Амал қанша, бар ауыртпалық Фариданың өзіне түсті. Балалар да әлі аяқтана қоймаған. Кәсібін нәсіп ете жүріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде қос перзентінен тараған немерелерінің балдай тәтті қызығына шомып отырған аяулы жанның бар тілегі – бала-шағасының амандығы, елдің тыныштығы. Алдағы уақытта да деніңіз сау болып, еңбегіңіз жана берсін, ойлаған арман-мақсаттарыңызға жетіңіз, деп тілейміз біз де!
Райхан БОЛАТХАНҚЫЗЫ,
«Талғар».