«Мен көркем шығармаларды оқығанда шексіз лəззат аламын, шексіз бақытқа тап боламын. Өнер-білімнің басқа саласынан гөрі тек осы саладан ғана жан-дүнием рахат табады» – деп ғалым Энштейн айтқан пікірдің жаны бар. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын, ең құнды қазына екені əркімге де аян. Ал, сол кітапхана ішінде шаң басқан кітап сөрелерінің ортасында адам жанын рухани байлыққа бөлейтін мол қазына, кітаптарды оқырмандарға ұсынып, жаны бəйек қағатын кітапханашылардың еңбегіне тең келер нəрсе жоқ. Кітапханашы – халық қызметшісі. Міне, сондай жандардың бірі, Тұздыбастау ауылындағы кітапхананың меңгерушісі, Астана қаласындағы Челябі мемлекеттік Мəдениет жəне Өнер академиясы филиалын 2014 жылы бітірген Лаура Ильясова есімді кітапханашы. Нарынқол ауданындағы Сарыжаз ауылының түлегі Лаура он екі жылдан бері Тұздыбастау ауылында еңбек етіп келеді. «Кітап – жан азығы» – деп білетін Лаура үлкен ауылдағы кітапқұмар жандар мен мектеп оқушыларымен қоян-қолтық жұмыс жасауды дағдыға айналдырған. Оның биылғы жастар жылына орай өткізген: «Жастар – Қазақстанның нұрлы болашағы», қыл қалам шебері Əбілхан Қастеевтің 115 жылдығына орай мектепте өткен «Қыл қалам шебері» жəне «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Ə.Тəжібаевтың өлеңдер жинағы мен Əбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітаптары негізінде қолға алған «Жүректен орын алған ұлы тұлғалар» атты əдеби кештерінің оқырмандары үшін орны зор болды. Əсіресе, кітапханашы Лаура Ильясованың Тұздыбастау ауылының тұрғыны, ақын, сазгер, күйші, шежіреші Нұрғали Əмірқұлұлы жайлы өткізген: «Шежірем, енді менің басталады» атты əдеби-музыкалық кештің ауыл балалары үшін тəрбиелік мəні зор болды. «Оқу- білім ешқашан банкротқа ұшырамайтын байлық. Кітапты тышқанша кеміре берген бала түбі үлкен байлыққа кенеледі» – деп жазушы Ғ.Мұстафин айтпақшы, ауыл оқырмандарына рухани байлық көзін ұсынып отыратын Лаура Ильясованың еңбегі халық жүрегінде.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».