ӘСКЕРИ БОРЫШЫН АТҚАРУҒА АТТАНДЫ

ӘСКЕРИ БОРЫШЫН АТҚАРУҒА АТТАНДЫ

Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылғаннан бері Қазақстанның 18 бен 28 жас аралығындағы денсаулығы мықты, Отан қорғауды перзенттік борышым деп білетін жас жігіттерді көктем мен күз айларында əскери қызметке шақыру басталған болатын. Осы аптада Талғар аудандық Қорғаныс істері бөлімінде денсаулықтары Отан қорғауға жарамды, дəрігерлік сараптамадан өткен бір топ жастарды Қазақстан Қарулы күштері қатарына аттандыру шарасы өтті. Жиынға ауғандық жауынгерлер, əскери қызметтерін абыроймен атқарып, бұл күндері зейнет демалысында жүрген аға ұрпақ өкілдері, ата-аналар мен мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Кеште сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бөлім қызметкері Ғалия Бердібаева, зейнет демалысындағы əскери маман, запастағы майор Жұмабай Əділмұхамбетов, қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің «Жауынгер» ұйымының төрағасы Серғазы Жұмаділов, немересін шығарып салуға келген Кəмила Əнесқызы, Қазақстан Қарулы күштері сапынан оралған жас сарбаз Ерік Шəріпхан, ата-ана Жұмахан Өкпебаевтар болашақ сарбаздарға ақ тілектерін айтты. Отанын қорғауға аттанып бара жатқан бозбалалардың атынан сөз алған сəмбі талдай, талдырмаш денесіндегі шыныққан бұлшық еттері біреуленіп сыртқа тепкен, спортпен ұдайы айналысқаны көзге анық шалынып тұрған Абылай Жұмаханұлы əскери борышын өтеу – əрбір қазақ баласының арманы екенін айта келіп, «сарбаз» деген атқа кір келтірмей оралатындықтарына сендірді. Талғар қаласы ҚІББнің бастығы, подполковник Айдар Болатұлы жас жігіттердің Отан алдындағы борышын адал атқарып, айбындары асқақтап қайтуларына тілектестігін білдірді. Оларға аудандық қорғаныс істері бөлімі мамандарының дайындаған шағын сыйлықтарын табыс етіп, естелік суретке түсті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».