Ұстаз атты ұлы мамандық иелерінің еңбегін Талғар халқы өз деңгейінде ескере біледі. Əсіресе нұралықтардың бұл жолдағы жұмыстары елеулі, істері ілкімді. Олардың санаға құяр сансыз өнегесі өмір соңына дейін жетер рухани азық екенін тəппіштеп таныстырып жатпайды, жүректерімен ұғынып құрмет көрсетеді.
Үлкен-кішінің санасына солай сіңіп, жатталып қалған. Жуырда №12 орта мектеп қабырғасында өткен шара соның бір айғағы дер ек.
Саналы ғұмырының 53 жылын ұрпақ тəрбиесіне арнаған Алтын Түменбайқызына өзі қызмет істеген мектептен арнайы сынып бөлмесі ашылды. Жалпы Нұра ауылында №12 мектептің аты аталғанда Алтын апайдың еңбек жолы бірге айтылады. Өйткені сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында маман жетіспеушілігі салдарынан жоғары сынып оқушысы Алтын Түменбайқызы бастауыш сыныптарға сабақ берген екен. Мектеп бітірген соң алдымен педагогикалық училищеге, кейіннен қазіргі Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданып, диплом алысымен туып-өскен жері Нұрадан қызметін бастайды. Бір жерде табан аудармай жарты ғасырдан астам ғұмырын сарп еткен Алтын апай білімділігі мен біліктілігін көрсете білген ұлағатты ұстазға айналады. Сыныптың ашылу салтанатына келген көпшілік солай деп жылы естеліктерімен бөлісті. Сол жылдары бірге қызмет істеген əріптестері мен көзін көрген бүгінгі ұстаздар қауымы, жылылығын көрген шəкірттері Алтын апайдың атына заты сай алтын адам болғанын мақтана, шаттана айтып жатты.
Ауылдың əр жақсылығының əрін келтіріп жүретін Семейхан Дəріпхан тізгінін ұстаған кештің лента қию рəсімі зейнеткер ұстаз Г.Сарсекова мен білім ошағының басшысы А.Бекенқызына бұйырды. Көңілі толқыған ардагер ұстаз бірден сөз алып, Алтын Түменбайқызымен бірге істеген жылдардағы ыстық естеліктерді еске алып, өзі өмірден озса да көзін көрген азаматтардың абыройлы бастамаларына береке тіледі. Сыныптың бір қабырғасына ілінген тақтадан көненің көзіндей сайрап қоя берген фотосуреттерді көргенде кеш қонақтары көздеріне жас алып, тебіреніп, орны толмас ұстаздарының ұлағаттылығына бас иді. Өмірлік жары Кемал Баялбайұлы екеуі бір ұл, үш қыз тəрбиелеп өсірген мерейлі отбасылардың бірі екендігін атап өтті. Сөз алған қыздары мен келіндері де аналарының тəрбиесі мен тəлімін сіңіріп өскен ұрпағының бүгінде тамырын жайған бəйтерекке айналғанын сөз етті. Өнегелі істі жүзеге асырып жатқан №12 мектептің басшылығы мен ұжымына толайым табыстар тіледі.
Алтын апай көзі тірісінде саналы шəкірт тəрбиелеумен қатар, елдің жүгін көтерер ұрпақ өсіре білді. Соның жемісі болар, бүгінде ұстаз жолын қуған Ж.Бекбосынқызы Еңбекшіқазақ ауданындағы орта мектептің мұғалімі.
– Осы мектептің табалдырығын аттаған күнді өмірімнің бақытты кезеңі деп білемін. Анам қолымнан жетектеп сыныбыма алып кіргенде алдымнан күлімсіреп қарсы алған апайдың бейнесі жадымда жатталып қалды. Кейіннен екінші анамызға айналған Алтын Түменбайқызы еді ол кісі. Əсіресе, мына естелік ойымнан шықпайды. Қыстың күні үйден мектепке жеткенше қолым суықтан қарысып қалды. Дірдектеп, тоңып келген мені апайым қарсы алып, кеуде тұсын ашып жіберіп екі қолымды бірден жыпжылы денесіне баса қойды. Сол сəтте ұстазым екеуміздің жүрегіміз бірге соққандай сезілді. Балалақ шақты, мектепті есіме алғанда үнемі сол ұстазымның бейнесі көз алдымда тұра қалады. Сағынышпен еске аламын, – дейді шəкірті Ж.Қожамқұлова.
Əдемі естеліктерден соң мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек берілді. Ұстаз туралы өлең жолдарын мəнерлеп оқыған балдырғандар Семейхан ағаларының сүйемелдеуімен «Ұстазым» əнін нақышына келтіре шырқап берді. Алтын апайдың немере қызы, аталмыш мектептің оқушысы Əлия да апасына деген бала тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Кешті қорытындылаған мектеп директоры А.Бекенқызы мұндай өнегелі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, ұстаз мəртебесін көтеру – ұлт мəртебесін көтерумен тең екенін түсіндіріп берді.
Меруерт БӨЛЕК,
«Талғар».