ЕСКЕРТКІШТЕР – ҰЛТ ЖӘДІГЕРІ

ЕСКЕРТКІШТЕР – ҰЛТ ЖӘДІГЕРІ

18 сəуірде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні аталып өтіледі. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мəселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен болатын. Содан бері бұл күн халықаралық деңгейде аталып өтіп, аталмыш мереке арқылы ескерткіштерді сақтауға қоғам назарын аудартып келеді.

Осындай ұлт байлығын өскелең ұрпаққа наси хат тап, тарихи мəнін ашу мақсатында 18 сəуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнінде қаламыздағы еліміздің біртуар азаматы, алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың ескерткіші жанында игі шара ұйымдастырылды. Игілікті шараға аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов, аудандық Мəдениет үйінің директоры Берік Шағаев, аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев пен аудан жастары жиналды. Аудандық кітапхана қызметкерлері ескерткіш жанына Т.Рысқұлов туралы жазылған кітаптар мен суреттерін қойды.

Қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов өзі өмір сүрген кезеңде туған елінің болашағы үшін көп нəрсе жасады. Рысқұловтың артына қалдырған өшпес мұрасы – саясат, экономика жəне рухани құндылықтар тақырыбына жазған публицистикалық, терең зерттеу еңбектері мен мақалалары бүгінде өз ұрпағына қызмет етуде. Əсіресе, солардың ішінде экономика жəне қаржы-қаражат мəселелеріне арналған еңбектерін ойшылдар мен жас ғалымдар əлі күнге дейін іздеп оқиды. Биыл ұлы тұлғаның туылғанына 125 жыл толып отыр. Бұл туралы өз сөзінде аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысов пен аудандық Мəдениет үйінің директоры Берік Шағаевтар жастарға айтып өтті. Қасиетті Талғар топырағында дүниеге келген Алаш арысының қазақ елінің болашағы үшін күресіп, елі үшін жанын қиғанын жастар жақсы біледі. Сондықтан да ескерткішке күтім жасап, айналасын тазартып жүрген жастарымыз қолдарына гүл шоқтарын алып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етуге көптеп келеді. Алдыңғы буын ағаларының тағылымды сөздерінен кейін бір минуттық үнсіздік жариялап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар»