«Адамгершілік – ол жанының құнары бар, санасының шырағы бар жанға тән қасиет», – деп халық даналы-ғында айтылғандай, ғұмыр бойы Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында колхоз-совхоз басқарып, партия-кеңес органдарында басшылық қызмет етіп, өзі өмір сүрген қоғамның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Сайлыбай Босқымбаев есімді ел ағасын Жетісу өңірінің халқы жақсы білетін болар.
1941 жылы 2 наурызда дүние есігін ашқан Сайлыбай 1958 жылы Қаракемер орта мектебін бітірген жылы комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия заводына барған еді. Ол кезде тұңғыш «Қазақстан магниткасы» атанып, Кеңестер Одағы ғана емес, социалистік елдер – Польша, Руминия,
Венгрия, Болгария, Герман Демократиялық Республикасы елдері мен көршілес Украина, Беларуссия, Чубашия, Мардова, Ресей республикасынан мыңдаған жастар жиналған Теміртау қаласы алып құрылыс
алаңына айналған болатын. Ауылдан бірге барған Тау Түргеннің баласы Бəзікен Смағұлов пен Қаскелең қаласынан қосылған Əбдіразақ Сыздықов үшеуі барғаннан-ақ вагон-палаткада өмір сүріп, тұрғын үйлер,
жатақхана, түрлі мемлекеттік мекемелердің іргетасын қалап, жастық жігермен құлшына еңбек етті. 1960 жылы Сайлыбай арнайы жолдамамен Свердловск қаласындағы темір жол училищесінің қысқа курсын оқып келіп, келген соң Теміртаудағы үлкен заводтың теміржол цехында жұмыс жасайды. Үш жыл бойы қайнаған еңбектің ортасында əбден пісіп-жетілген Сайлыбай Босқымбаев 1961 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының аграномдар дайындайтын бөліміне түсіп, оны 1966 жылы бітіріп шығады.
«Өз есіміңді мəрмəр тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз»- деп көне грек жазбаларында айтылғандай, оқу бітірген жас агроном еңбек жолын Павлодар облысы, Ақтоғай ауданына қарасты «Рассвет» совхозында бастап, адал еңбектің арқасында бас агроном дəрежесіне көтеріледі. Бірақ туған жерінің қасиетті топырағы өзіне тартып, ол 1968 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы темекі өсіретін Балтабай совхозында бөлімше меңгерушісі, бас агроном, сосын кəсіподақ ұйымының төрағасы болып, бес жыл еңбек қазанында қайнайды. «Бақыт іздеп, аласұрып алқынба, бақыт сенің, өз ішіңде, адамшылық қалпыңда», – деп шығыс данышпаны Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, қашан да сабырлы мінезімен, кішіпейіл қасиетімен елжұртқа сыйлы болған Сайлыбай 1973 жылы өзі туып- өскен Саймасай ауылында ауылдық Кеңестің төрағасы, арада екі жыл өткен соң Азат, Қайназар, Красный Восток, Рахат ауылдарын біріктірген В.И.Ленин атындағы колхоздың партия ұйымының хатшылығына сайланады. Жас коммунист төрт ауылдың коммунистерін ортақ іске бастай біліп, өзінің алғыр парторг екенін дəлелдейді. «Ұлы жол – үйіңнің табалдырығынан басталады» – демекші, қылшылдаған 40 жастың үстіндегі жас маман 1983 жылы Талғар ауданында жаңадан құрылған «Қапшағай»
совхозына директор болып тағайындалады. Жас директор тусырап жатқан Шеңгелді аймағына пияз бен картоп дақылын егіп, тың жерге егілген дақылдан мол өнім алып, екі-үш жыл бойы бұл басқаратын
шаруашылық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Қай жерге жіберілсе де абырой биігінен көрінетін Сайлыбай 1991 жылы Жамбыл ауданының Сүйінбай атындағы совхоздың директорының бірінші орынбасары, арада үш жыл өткенде Талғар ауданындағы «Алматы» мал бордақылау шаруашылығына директордың орынбасары болып келеді. «Бақыт – бағасын білгеннің ғана басында тұрады» – дегендей, қашанда сабырлы мінезімен елге жағатын Сайлыбай 1994 жылы Талғар ауданының Фрунзе (қазіргі Туғанбай) ауылына директор болып барады. Жылдар өте тəжірибесі мол, іскер басшы Сайлыбай Босқымбаев Талғар ауданының Қайнар, Нұра, Кеңдала ауылдарының əкімі болып, абыройлы еңбек етті. 2006 жылы зейнет демалысына
шыққан Сайлыбай Босқымбаев аға бұл күндері Талғар ауданының сыйлы қарияларының бірі. Елге сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Тəуелсіздігінің 10-20 жылдық медальдарымен, Алматы облысы əкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, кеудесіне Талғар ауданының «Құрметті азаматы» белгісін жарқырата таққан Сайлыбай Жантүгелұлы бұл күндері 3 ұлынан тараған 14 немере мен 3 шөберенің атасы. Құдай қосқан қосағы
Гүлсара Байжұманова екеуі немерешөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. «Қарты бар елдің, қазы-насы бар» демекші, қазір тұғырдан таймай аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы болып, өз білген-көрге-нін жас ұрпаққа өсиет етіп айтып отыратын Сайлыбай Босқымбаев ағаны ел-жұрт мақтан етеді.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».