Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 Наурыз – Халықаралық əйелдер күні мерекесі де келіп жетті. Көктемнің алғашқы мерекесі ананың аялы алақанындай жүректерге жылулық ұялатады. Адамзаттың нəзік жандарына арналған мереке табиғаттың оянуымен бірге келіп отыр.
Ана – тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кəусар бұлағы. Ананы ардақтамайтын халық
жоқ. Біздің қазіргі қоғамымызда əйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет-тік істерге жəне саяси мəселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде əйел адамның əлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Тəуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, əлем таныған абыроймен жетуіне əйелдер қауымының да өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тəрбиесін жəне қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп
əйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мəселесінде шешуші рөл атқарып келеді. Осындай əйел затына қандай құрмет көрсетіп, қанша ықылас танытсақ та артық етпейді.
Жуырда қаламыздағы «Ақниет» арнайы қоғамдық қызмет көрсету орталығында «Ана – тіршіліктің тірегі» атты мерекелік шара өткен болатын. Аталмыш ұжымда ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысында отырған ақ жаулықты аналар мен ұжымның нəзік жанды қызметкеріне арналған мерекелік кеште алғашқы
құттықтау сөзді мекеме басшысы Тұрлыхан Сұлтанов алып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Кеш қонағы болған аудандық кəсіподақ ұйымының төрағасы Жарылқасын Шакиев та өз кезегінде ақжарма тілегін ақта-рып, мекеме қызметкерлерінің бірқатарына сый-сияпатын жасап құрмет көрсетті. Əрі қарай мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Əуезді əнмен əрленген шарада ұжымның ер азаматтары зейнеткер əріптес-теріне сый-сияпаттарын табыс етіп, ақ тілектерін арнады. Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің
биші қыздары мың бұрала билеп берсе, қорғаудағы қызмет алушы Даниярдың анасы Орынгүл Сырбайқызы, Талғар Агробизнес жəне менеджмент колледжінің аға оқытушысы Жəнібек Бекбауов, мекеме қызметкері Бақыт Кайыржан, кештің кішкентай қонағы Ақбөпе мен мекеме қызметкері Гүлім Айтуған, колледж студенті Ұлжан Дүнгенбаева, жас əнші Қанағат Меченбайлардың тарту еткен əсем əндері көпшіліктің көңілін көктем етіп, құлақ құрышын қандырды. Мерекелік кештен əйелдер қауымы зор əсер алып, көтеріңкі көңілде тарасты.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».