Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының 2018 жылғы қорытындылары туралы алқа отырысы өткен болатын.
Алқа отырысын «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қуаныш Қанатұлы жүргізді.
Шара модераторы алқа отырысында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының өткен жылғы қорытындысы мен алдағы мерзімге алған бағыттары, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру мен қоғаммен тығыз байланыста болатын есеп беруші, жұмысы жария, сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекеттік аппарат құру міндеттері туралы ой қозғады.
Жыл қорытындысын тыңдап, ой түюге облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдері, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, арнайы мониторингтік топтың, мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, облыстық басқарма, департамент басшылары, облыс әкімі аппараты мен аудан, қала әкімдері аппаратының басшылары, ауылдық округ әкімдері, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының қызметкерлері, бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдауға бағытталған «Protecting business and investments» жобасының қатысушылары, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері мен жұмыс топтарының жетекшілері, «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебінің тәлімгерлері, үкіметтік емес ұйым және республикалық, облыстық БАҚ өкілдерімен бірге 350-ге жуық адам қатысты.
Алқа отырысы үйреншікті форматтан бөлек, диалогтық алаң түрінде, президуимсыз, мінберсіз өтті.
Алқа отырысы екі бөлімнен тұрды, бірінші бөлімі «Атқарған жұмыстар қоғам көзімен» деп аталды, бұл кезеңде БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мемлекеттік қызмет саясаты туралы ой бөлісіп, талқылауға қатысты. Ал екінші кезеңі – ресми түрде жалғасты.
Бірінші бөлімде Файзуллин Баниямин Джихангерович Арнайы мониторинг тобының мүшесі ретінде 2018 жылы атқарған жұмыстарды тілге тиек етті.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің адал жұмыс істеуі үшін алдымен материалдық тұрғыдан қамтылуы тиіс екенін айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудағы БАҚ рөлі, мемлекеттік мекемелердің «төртінші билік» өкілдерімен қарым-қатынасы туралы «Жетісу» газетінің заң және саясат бөлімінің меңгерушісі, журналист Алжанбай Мәди Әсетұлы сөз қозса, мемлекеттік қызметшілердің желідегі бет-бейнесі туралы қоғам белсендісі, журналист, блогер Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметкер өзін қалай ұстауы керектігіне тоқталып, негативті бағыттағы жаңалықты қалай ұтымды пайдалана білу қажеттігімен бөлісті.
Ал, Үштөбе қаласының әкімі Рүстем Бекбосынов тұрғындарға бір орталықтан қызмет көрсету тиімділігі туралы өз ойын ортаға салса, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев аталмыш кеңсенің атқарған шаруасы мен алдағы мақсаттары, жоспарлы шараларына тоқталып өтті.
Он минуттық үзілістен кейін, алқа отырысының ресми бөлімі басталды. Бұл бөлімді облыстағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Мұрат Мәдіғұлов ашты. Модератордың облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы қашан өсетіндігі, үстеме жұмыс және телеарнада мемлекеттік қызметті дәріптейтін арнайы хабар ашу туралы сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова өз жұмыс тарихымен бөліссе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облыстық филиалының директоры Ермек Бекжүнісов мемлекеттік тізілімдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тұтынушылар арасында сұранысқа ие түрлері туралы өз ойы ортаға салды.
Ал алқа отырысының негізгі спикері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрғисаев Серікбай Өрікбайұлы жыл басынан мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне енгізілген өзгерістер, тұрғындардың мемлекеттен алған қызметтерінің сапасымен қанағаттану деңгейін арттыру мәселесі, мектептердегі ақша жинаудың алдын алу мен қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмыстары туралы айтты.
Алқа отырысының соңында Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев пен «Oi – Qaragai Lesnaya Skazka» ЖШС өкілі Заур Халафов арасында және «АгроМелиоСтрой» ЖШС басшысы Байболов Бақытбек арасында Келісімге қол қойылды.
Осылайша, жалпы жоба жүзеге асқалы бері Департамент қорғауына жалпы құны 450 млрд. теңгеден асатын 19 инвестициялық жоба қолдауға алынды.
Шараға қатысушылар тарапынан алқа отырысының өзгеше форматы ерекше әсер қалдырғаны, ашықтық пен жариялылық қағидасының бір көрінісіне куә болғандықтарын естідік.
Талғар-ақпарат