«Жетісу 360» жобасы заман талабына сай үлкен ауқымды жұмыс. Қолы тие бермейтін, я алыс қалалардағы тұрғындар болсын бұл жоба арқылы қалаған мұражайларына емін-еркін саяхат жасай алады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Тәуелсіз Қазақстанның кеңістік көкжиегіне күн санап қадам басып келе жатқаны – бүгініміз бен кешегіміздің жемісі әрі жеңісі деп ұғамыз. Азаттық ауасын аңсаған арда халықтың арман-тілегі бір арнадан тоғысып, егеменді елде емен-жарқын ғұмыр кешудеміз. Қатпар да қатпар тарихтың тарғыл беттерінде қаймана қазақтың даты қалды, хақы қалды… Бірақ та, аты өшпеді. Оның өшуі де мүмкін емес. Замана жаңарып, жаңашылдыққа жарқын қадам жасағалы бері, елімізде едәуір өзгерістер орын алып жатыр. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы сол өзгерістердің алдыңғы көшін бастап, ел экономикасының дамуына елеулі үлес тигізетін бастамалардың бірі болып табылып отыр.
Орта мерзімді перспективада Қазақстан Республикасының экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ болашақта цифрлық экономиканы құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшу – заман талабына айналды. Әрине, біз мемлекеттік үдерістен қалып қалмақ емеспіз. Себебі, республикамыздың негізгі қозғаушы күші болып саналатын жастар қауымы – берілген тапсырмалар мен міндеттелген жүктемелерді орындауға әбден қауқарлы. Уақыттың өзі бізден осыны талап етуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының 2020 жылға дейінгі интернет қолданушыларының санын 80 пайызға дейін арттыру және тұрғындардың 95 пайызын цифрлық хабар таратуымен қамтып, сауаттылықты 80%-ға дейін арттыруды көздейтінін ескерсек, аталмыш жобаның берерінің көп екені айдан-анық. Осы ретте Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ықпалымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып отырған «Жетісу 360» жобасына толығырақ тоқталмақпыз.
Аталмыш жоба авторы М.Толкуновтың айтуынша: – «Жетісу 360̊» жобасы — мемлекет бекіткен «Цифрландырудың» жарқын көрінісіне, айқын айғағына айналып отыр. Себебі, кез келген уақытта қолданушыға тегін әрі сапалы қызмет көрсетуімен қатар, танымдық, тағылымдық пәрменде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Яғни, әрбір адам өзіне керекті мағлұматты жылдам әрі түсінікті тұрғыда ала алады. Үйден шықпай-ақ Алматы облысында орналасқан 22 мұражайға кез келген уақытта саяхат жасауға әбден мүмкіндік бар. Пайдаланушы компьютер немесе смартфон құрылғысы арқылы мұражайды тамашалай алады. Виртуалды мұражайды кез-келген уақытта сандық мультимедиа көмегімен экспонаттарды суретке түсіруге және ол туралы ақпарат алуға қолайлы. Ол үшін http://zhetysu360.kz/ сайтына кіріп, қалаған мұражайды таңдау арқылы 3 тілде ақпарат алуға болады. 3D форматта жасалған бағдарлама толығымен тегін жұмыс істейді. Оны VR көзілдірінің көмегімен көре аласыздар. Бейнелер 360 градуста бұрылса да сапасы төмендемейді. Бағдарламаның кіре берісінде виртуалды гидтің сыпайы дауысы нысанды толықтай таныстырып, тарихына қысқаша тоқталып өтеді. Сонымен қатар, жол сілтеу арқылы келесі бөлмеден басқа бөлмеге өтуге болады.
- «Жалпы, қасиетті Жетісу жері табиғат атаулының тамыршысы, сұлулығы көз жанарыңды баурап, бар дүниеңді жан рақатына айналдыратындай – әсем де, көрікті мекен ғой, шіркін! Бұл сөзімді біздің өңірге аяқ басқан әрбір азамат дәлелдеп береді. Ендігі менің ойға алып отырған басты мақсатым – сол киелі жерлерімізді кеңінен насихаттап, күллі облысқа тарайтындай аудитория қалыптастыру, тарихымыздан сыр шертетін деректі фильм түсіру» дейді ол. Одан бөлек, бастаманың тиісті деңгейде жарнамаланып, мектептерде өтетін сынып сағаттарынан көрсетілгенін қалайтынын атап өтті. Өйткені, кішкентайынан туған жерімен, туған елімен таныс бала – өсе келе патриотизмді, Отанды, отбасыны сүйетін жанашыр ұрпақ болып қалыптасады» деп сөзін қорытындылады 26 жастағы жоба авторы, өңірдегі белгілі фотографтардың бірі М.Толкунов.
Талғар-ақпарат