Мәнсіздіктен мән іздеп сабылған ақын…

Мәнсіздіктен мән іздеп сабылған ақын…

Ауданымызға қарасты Нұра ауылдық округінде жан дүниесі ерекше, бітім-болмысы бөлек,  өмірге  шексіз ғашық  жан тұрады.   Өмірге ғашықтығын өлеңмен жеткізіп, сонау ес  біліп, етек жинағаннан бастап асқақ арманның жалына жармасып, ішіндегі бар ойын ақ қағазға төгіп,  поэзиямен сырласып келе жатқан бұл  жан қазақ поэзиясына қосылған жаңа леп іспетті.  Өлеңдерінен нәзіктік пен мөлдір мұң, тау суының сарынындай өршіл де сырлы сарын естіледі. Ол – өзіне тән қолтаңбасымен танылып, қалыптасып үлгерген нәзік жанды жерлесіміз Баршын ІЗБАСАР.

Жуырда аудандық кітапхананың оқырмандар залында ақынның 2018 жылы жарыққа шыққан «Жібек сезім» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараның өтуіне мұрындық болған аудандық жастар ресурстық орталығы мен кітапхана ұжымы. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңіп жүрген  жандарды құрметтеп, кейінгі буынға үлгі етуден жалықпайтын кітапхананың  оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева шараның тізгінін  өзі ұстап, кез келген басқосуды шырайландырып жіберетін қасиетінен жаңылған жоқ.  Кездесуге жиналған №1 мектептің ұстаздары мен оқушыларына қонақтарды таныстырып, шараның бас кейіпкері туралы көрсетілген слайдты сөзбен жетелеп отырды. Өмірбаяны мен өмір аяңы  қатар өрілген көрнекіліктен ақынның бар қырын көрмесек те нар қырына қанық болдық. Ол — бүгінгі құрмет пен беделге адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында қол жеткізгендігі еді.

Баршын Ізбасар  деген атпен таныс Кеңесбаева Гүлбаршын Ізбасарқызы — ақын, журналист, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі. 1997 жылы Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №115 орта мектепті тәмамдап,  1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, «Мерзімді баспасөз» кафедрасында дәріс алады. 2004 жылы журналист-магистр мамандығы бойынша оқу орнын үздік аяқтап, университет қабырғасында жүріп «Жетісу» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп, «Бикеш», «Адам ата- Хауа ана», «Көзқарас» газеттерінде әдеби қызмет атқарады. Ал барлық  әдебиет өкілі сынды поэзияға құмары бала кезінен ауса да, алғашқы өлеңін 13 жасында жазады. Оған қамқоршысы, тірегі, асқар тауы әкесінің өмірден озғаны түрткі болады. Әкеге деген сағынышы, айта алмаған ән-жыры өлең болып төгіліп,  дүниеден көшкенмен сана­дан өш­пейтін абзал бейнемен қалам арқылы тілдесіп, мұңдасады.  «Дү­ние ту­лақтай тозған қазіргі тұста да әке рухы мүлтіксіз таза­лы­ғымен, кір­пияз ізгілігімен  жанымды­ сер­гітіп, қапас­тан арылтып шыға­тын алып күшке айналды» дейді ақын қыз ағынан жарыла.

Бұл сөзінің жаны бар. «Жібек сезімнің» кез келген бетін ашып, оқысақ, қайраттың, ар-намыстың нышанындай болған түркі аруының бейнесін көреміз. Әр жолынан тағдырға тәуелділік, біреуге бағыныштылық ақынға  мүлдем жат қылық екенін аңғара аламыз.   Ақын жайлы сөз алған қонақтар да бұл қасиетті байқаған екен. Ардагер-ұстаз, байырғы журналист Ахмет Қожаберген, аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысов, Нұра ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлнәр Ахад, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова  ақын өлеңдерінің басты ерекшелігі неде деген сұрақ төңірегіндегі пікірлерін айтып, Баршын Ізбасар  өлеңдеріндегі өзіне ғана тəн стильдік өрнекті әңгіме етті.

Сөз ақынға берілгенде, «ақынға қара сөзден өлең оңай» екендігі тағы бір мәрте дәлелденді. Баршын ақын ой мен сезімнің бірлігінен туған бірнеше өлеңін оқып, сан түрлі сәттік сезім мен мәңгілік тәтті сезімнің шуағына шомылдырды. «Махаббат  пен мейірім», «Бақытыңды бағала», «Сіздерден үйрендім», «Құдайым жүрегімде» сынды өлеңдерінен әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем екенін айқын аңғардық. Бүгінде үлгілі келін, адал жар, аяулы ана атанып отырған Баршын әпкеміз Алладан әйелге берілген парызды абыроймен ақтап келеді. Отбасы, ошақ қасында жүріп қаламын тастамай, поэзия сырына үңіле білу әйел ұлылығын дәлелдесе керек. Өз ұрпағынан бөлек сан ұрпақтың санасына сара ойдың дәнегін егіп келе жатқан ақынның өлеңін мәнеріне келтіре оқыған оқушылар да қазақ қызының жан сырына, терең сезіміне үңіле білді.  Салтанат Баймұханбет, Серік Әлинұр сынды оқушылар ақын апайлары жайлы ақ сезімдерін білдіріп, ақындық жолдағы ұстаз ретінде үлгі тұтатындарын жеткізді.

Кеш соңында оқушылар сұрақтарын қойып, еркін тақырыпта әңгі-дүкен құрды. Замира Нұрланқызы ақындың шалқар шабытының таусылмасына тілектестігін білдіріп, сый-сияпатын ұсынды. Азаматтық ұстанымын  сыршыл өлеңдерімен жеткізіп келе жатқан Баршын Ізбасардың қаламынан талай жинақтың туатынына күмәнсіз сеніп тарқастық.   Өлеңі осылай дейді.

Дарысын десек егер құшаққа құт,

Сөйлемейік, төмендеп, ұсақталып.

Жүрейікші ағайын адалдықпен,

Тек қазаққа лайықты іс атқарып.

 

Сөз айтылмас наламен, жаламенен,

Қазағымның қашаннан қамалы өлең.

Бекзаттықпен, мәрттікпен бағалы ел ең,

Мен қазақпын! Қазақ боп қала берем!

Меруерт Бөлек