«ҚАЙ ТІЛДЕ ЖАЗСАМ ДА ӨЗІМ БІЛЕМІН» деу орға жықпасын

«ҚАЙ ТІЛДЕ  ЖАЗСАМ ДА ӨЗІМ БІЛЕМІН» деу орға жықпасын

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің мамандары БАҚ өкілдерімен бірлескен кезекті тексерістерін қаланың орталық көшелерінен бастады.  Тіл жанашырлары көшедегі көлемді бильбордтан бастап қарапайым дүңгіршектің маңдайшасына дейінгі атауларды қалт жібермей қарады.  Бұған дейін де жарнамадағы сауатсыздықтар айтылып, жазылып, тіпті, суреттеріне дейін беріліп, сыналғандықтан болар бұрынғы «ала-құла» жарнамалар бір жөнге келіп қалғандай. Қазақ әріптерін оңды-солды «қолданып»,  қалаған жеріне «қыстырып» қоятын әдеттерден арылып қалыптық.

Өткен жылы қаламыздағы сыртқы жарнаманы және жарнама мәтіндерін тексеру бойынша 92  рейдтік  жұмыстары жүргізіліп,  нәтижесінде 258 қате анықталған болатын.   Заң бұзушылық орын алған мекемелердің иелеріне заң актілеріне сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту қағаздары берілген-ді. Он күн ішінде 115 нысан көрсетілген қателерін түзеп,   Қазақстан Республикасы­ның «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары­ның талаптарына сәйкес ретке келтірген-ді.

Десек те, мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтындардың қатары азаймай тұрғандары ащы да болса шындық. Ол «ниеттерін» жасырмай көрсету де қылаң беріп қалады. Тексеру барысында өткен жылғы ескертпелерден қорытынды шығармаған қызмет көрсету орындарын тағы байқадық.  Берілген ескертуден, айтылған сыннан айылын жимай отырған өзге ағайынның әрекеті ашындырып-ақ жібереді. Оларға тағы бір мәрте ескерту беріліп, болмаған жағдайда құзырлы мекеме арқылы жаза қолданылатыны айтылды.  «ИП Жанабаев», «Гауһар» сән салоны, «Ароматный мир» супермаркеттеріндегі қазақша баламасы жоқ жарнамалар назарға алынып, қожайындарына жазбаша ескерту таратылды. Ал «Әйгерім Жаңабаеваның» сән салонына, жеміс-жидек сататын дүңгіршекке маңдайындағы латын әрпінің ескі нұсқасын өзгерту туралы ұсыныс айтылды.

Т.Бокин көшесіндегі базар маңын аралағанымызда, «менмұндалаған» өрескел қателерге ұрындық. Ұсынатын қызмет түрлерін орысша жазып, қазақшаға келгенде Заңның солқылдақтығын пайдаланғандай жылы жауып қойған дүкен иелерін сөзге тартқанымызда, бар кінәні жарнама агенттіктеріне сілтеп, өз бастарын ала қашады.  Жарнаманың тілі жарнама берушінің ыр­қында екенін біз білмейтіндей көрді-ау деймін. Мысалға, «ИП Тленчиев», «Сезім» шаштаразы, «ИП Измаилова» сынды жеке кәсіпкерлер тіл сақшыларының айтқан сынынан құтыла алмады. Оларға он күн ішіндегі кемшілікті жойып, сыннан нәтиже шығару тапсырылды.    Қарап тұрсаңыз, жарнаманы реттеп, қайта жаздырту олар үшін шығын. Ақша үнемдегеннің астарында жауапсыздық тұрған жоқ па?

Осындай шетінен жауапқа тартып, айыппұл салуға сұранып тұрған көз көрген бассыздықтарды  тү­бегейлі жою жөніне келгенде мәселе тағы да заңға келіп тіреледі.  Яғни тілге қатысты жауапты  бөлім мамандары бірден жазалап, жауапқа тартып, оларға белгіленген мөлшерде айыппұл сала алмайтындарын айтады.

– Кез келген дүкен желісі мен сауда маркеттердің аттарындағы қателіктерге ең алдымен қожайындары жауапты. Дүкендердің маңдайшаларындағы қателерді түзету үшін арнайы ескертпе жасалады. Екі рет ескертуден соң ғана құзіретті орган өкілдеріне шағым хат түсіріп, айыппұл салғызуға мүмкіндігіміз бар,- дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев.

Тек бір өкініштісі, бір жарнама немесе көрнекі ақпарат туралы шағым түсіріп, оны прокуратура тексеріп, оларға ескерту жасап болғанша қаланың басқа тұсында небір сорақы қателерге жол берген бірнеше жарнама қылтиып шыға келетіні бар.  Осыдан келіп  ең алдымен ҚР «Жарнама туралы» Заңы мен ҚР «Тіл туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі сөзсіз туындайды.  ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау мақсатында жарнама беруші өнімінің (немесе ұсынатын қызмет түрінің) жарнама мәтінін алдымен жергілікті тілдерді дамыту бөліміндегі  мамандарға тексертіп, «мақұлданған» деген мөр соқтырып алса дейсің. Бұл ретте, әрине, олар тиісті мекеменің қызметі үшін қаржы төлеу арқылы сауатты жарнамаға жол ашса, екіншіден, жауапты сала өкілдерінің құзыретін арттырып, ел бюджетіне аз да болса қаржы түсірер еді.

Аудан мен қала әкімдігінің бас мамандарынан және БАҚ өкілдерінен құралған комиссия мүшелері мұндай тексерістерді алдағы уақытта да жалғастыра беретіні сөзсіз.  Кез келген сыртқы жарнама тіл сақшыларының назарынан тыс қалмақ емес. Өйткені сауатты жарнама — қала көркі екенін түсінеді.

Меруерт Бөлек,

Талғар-ақпарат.