Әкімдер есебі оң бағасын алды

Әкімдер есебі оң бағасын алды

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдердің жыл сайын халық алдында есеп беруі үрдіске айналған-ды. Осы үрдіспен аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру жиыны Бесқайнар ауылдық округінде бастау алды. Есеп беру жиынына аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрғасының орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова мен аудан әкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары арнайы қатысып отырды. Ел алдында есеп берудің мақсаты – тұрғындарды елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралар туралы хабардар ету, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау. Жеткен жетістіктермен қатар орын алған кемшіліктерді саралау. Жиылған көпшілік алдында ең алдымен ауылдық округ әкімі Мейіржан Әділбеков бір жыл бойындағы атқарған жұмыстары туралы есебін берді. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында баяндама жасаған ауыл әкімінен кейін мінберге аудан әкімі Рыскелді Сатбаев көтеріліп, өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде есепті баяндамасын жасады. Өз сөзінде аудан басшысы өткен 2017 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Ауданданымызда бүгінге дейін ауқымды істер атқарылған. Көп ретте тұрғындардың арыз-шағым, ұсыныстарына көңіл бөлініп, ел тілегі ескерілген. Ауыз су, жолдарды жөндеу, жарық, байланыс пен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда атқарылған істерді тізбектей жеткізген аудан әкімі түйткілді проблемалардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешіліп отырғанын да айта кетті. Рыскелді Ахметқалиұлының тұщымды баяндамасын мұқият тыңдаған жұртшылық жарыссөзге шықты.

Кезекпе-кезек сөз алып, мінберге көтерілген Бесқайнар ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Баян Құрманбаева, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сания Бектілеуқызы, ауыл тұрғыны Вера Георгиевналар  ауылдың бүгінгі береке-бірлігін, Елбасының саралы саясатының арқасында жүзеге асып жатқан бағдарламалар мен аудан, ауыл әкімдерінің ел игілігі үшін атқарып келе жатқан тындырымды істері туралы сөз қозғап, қос әкімнің де есебіне жоғары бағасын берді. Ауыл тұрғыны Қайрат Шаймерденов жолушылар тасымалы, су құбырларына қатысты мәселе мен ауылға дәрігерлік амбулатория салу мәселесін көтерді. Аудан әкімі жуырда Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекпен кездесіп, Бесқайнар ауылдық округіне арнайы барып қайтқан. Сол кездесуде  жолушылар тасымалдау мәселесі түбегейлі  шешімін тапқан десек те болады. Жуырда ауылға арнайы  жолушылар тасымалдайтын автобустар жүретін болады. Ал басқа мәселелерге жиын барысында қолма-қол жауап берілді. Әкімдер есебі жұртшылықтың жоғары бағасын алып, жұртшылық көтеріңкі көңілде тарасты.

Дәл осы күні түске таман аудан әкімінің есеп беру жиыны Бесағаш ауылындағы №45 орта мектептің акт залында жалғасын тапты. Мұнда да жиынды аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы жүргізіп, ел алдында есеп беру үшін бірінші сөзді ауылдық округ әкімі Марат Арынбаевқа берді. Ауыл әкімі өткен жылы атқарылған істері мен алдағы күндерге жоспарланған жұмыстары туралы баяндап, өткен жылғы ауылдастары алдындағы есебінде көтерілген мәселелердің орындалу барысын да тілге тиек етті. Ауыл әкімінің тұщымды баяндамасынан кейін аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлына кезек берілді. Мінберге көтеріліп, ел алдында есеп берген аудан басшысы бюджет қоржынына түскен түсімдер мен шығындар мөлшері, ауданымызға инвестиция тарту, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау салаларындағы атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді. Аудан басшысын мұқият тыңдап болған соң тұрғындардың өтініш-тілегіне кезек берілді.

Бірінші болып ауыл тұрғыны Базаргүл Қалиева сөз алып, ауылдың күн санап көркейіп келе жатқанын, көпшілікті толғандырып жүрген түрлі мәселелердің біртіндеп шешімін тауып, тұрғындадың тұрмысы жақсарғанын алға тартып, әкімдердің есебіне оң бағасын берді. Одан кейін сөз алған ауыл ақсақалы Тастан Бекболатов ауылдық Мәдениет үйін ел игілігіне қайтару барысында орын алған түсініспеушіліктер туралы сөз қозғап, жер, жол мәселесін көтерді. Ал ақ жаулықты ана Орынтай Сәлімбаева ауылға жаңа аурухана керектігін алға тарса, Ғабит Нұраділ көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолын салу мен ауданымыз бал арасын ұстауға қолайлы аймақ екенін айта келіп, бал брендін көтеруге ұсыныс білдірді. Қарт ана Көкен Өмірбаева аудандық жер қатынастары бөліміне қатысты сұрағын қойса, Марат Қожамбердиев аурухана мен учаскелік инспекторларға арналған тірек пунктін, әкімшілік ғимаратын салу мәселелерін көтерді. Аудан басшысы барлық мәселенің мән-жайына қанығып, кейбіріне қолма-қол жауап беріп, бірқатарын болашақтың еншісіне қойды. Зал тола жиылған көпшілік екі әкімнің де есебіне бірауыздан қанағаттанарлық бағаларын беріп, жиын барысында көтерілген мәселелер болашақта шешіледі деген үмітпен тарады.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».