«Нұр Отан» партиясына – 20 жыл

«Нұр Отан» партиясына – 20 жыл

      Жаңа жобалар жүзеге асуда

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы, Партия төрағасы Н.Ә. Назарбаев партияға жаңа жобалар мен міндеттерді тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде аймақтық кітапханаларды жаңғырту аясында жастарға арналған білім орталықтарын және «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптарын» ашуды тапсырды. Бұл жобаларды қолға алудағы басты мақсат — барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып  кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру және компьютерлік сауаттылықтарын арттыру  болатын.

Жаңа жыл қарсаңында ауданымызға арнайы іссапармен келген  «Нұр Отан» партиясы «Алматы» облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев партияның 20 жылдығына орай, 20 бастамашыл жоба аясында Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының қабырғасында ашылған «Коворкинг» орталығы мен заманауи үлгіде жабдықталған ІТ сыныптың ашылу рәсімінің куәсі болды.

Білім ошағында «Коворкинг» орталығы ашылды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі — халықтың білімге деген құштарлығын арттыру болса, «Нұр Отан» партиясы осы орайда еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай қайта құру жобасын қолға алып, «Коворкинг» орталықтарын ашуда. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, түрлі семинар-тренинг, түрлі дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосып, уақыттарын тиімді өткізетін білім орталығына айналуы тиіс. Осындай орталықтарды мазмұнды да мәнді дүниелермен толтырып, кітапханаларға жастарды барынша тартып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуына жағдай туғызу мақсатын көздеген білім ошағының игілікті ісі көпке үлгі боларлық.

Мектеп қабырғасындағы «Коворкинг» орталығы мен «ІТ сыныптың» ашылу салтанатына  облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевпен бірге аудан әкімі, аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Рыскелді Сатбаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, білім бөлімінің басшылары келді. Алқызыл лентаны қию рәсімі жасалған соң, жиылған көпшілік мектеп кіткапханасы жанынан ашылған «Коворкинг» орталығының жұмысымен танысты. Кітапханада он сегіз мыңнан аса кітап қоры бар. Олардың ішінде тарихтан сыр шертетін құнды дүниелер де кездеседі. Оқушыларға арналған  оқу залы да қарастырылған. «Coworking»   деген сөз – «бірлесіп жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан орталықта жастар тек кітап оқып қана қоймай, қолөнермен айналысып, сурет салады, шахмет, тоғызқұмалақ сынды интелекті дамытатын ойындар ойнап, ұстаздарымен бірге сабаққа дайындалуына да болады. Мұнда оқушыларға ыстық шай да ұйымдастырылған. Жоғары деңгейде жабдықталған орталықтың жұмысына көңілі толған Ғалиасқар Төлендіұлы ендігі кезекте орталықта түрлі игілікті шаралар ұйымдастырып, өскелең ұрпақтың санасыа ұлттық құндылықтарымызды сіңіру керектігін айтты.

«ІТ сыныбы» жоғары деңгейде жабдықталған

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағанда жастардың бәсекеге қабілетті болуына ерекше мән берген болатын. Ол үшін жастардың санасын жаңғыртумен қатар, олардың білімін жетілдіру керектігін де алға тартты. Қазіргі заманда сұранысқа аса жоғары IT саласының білгірлері қажеттігін  айтты. Бүгінгі жаһандану заманында осы саланы дамытар болсақ әлемдегі дамыған 30 елдің  қатарына қосылатын күніміз де алыс емес екенін ескерткен еді. Елбасының осы тапсырмаларынан кейін және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде мектептерден жаппай IT сыныптары ашыла бастаған болатын-ды. Басты мақсат – өскелең ұрпақ арасында аталған ғылымға деген қызығушылықты арттырып, оны меңгеріп алуға жағдай жасау. Қазіргі ақпараттық технология ғасырында жастардың әлемдік стандартқа сай сапалы білім алуы үшін ІТ сыныптарының ашылуы маңызды. Оқушыларды инженерлік математика, роботехника және түрлі модель бағытында жобалар жасауға бейімдеп, ІТ-мамандар даярлап, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да баста назарда.

Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясы ауданымыздағы ІТ сыныптарын ашуға мүмкіндік алған мектептердің алғашқысы. Аудан бюджетінен 9,5 миллион қаржы бөлініп, сыныпты жабдықтауға қажетті техникалар сатып алынған.  Мұнда қуаттылығы жоғары бірнеше компьютер, 3D принтер, 3D сканер, мультимедиалық тақта, жеке модельдерді құрастыруға арналған құрылғылар, робототехникаға қажетті құрал-жабдықтар бар. Бұл сыныптың ашылуы инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас таланттардың білімін арттырып, шеберлігін шыңдап, түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндіктерін кеңейтеді. ІТ сыныбының озық техникалармен жабдықталуы, балаларға білім беретін оқытушының біліктілігі, қонақтарға өздерінің көрген-түйгендерін тақылдап айтып берген 9 сынып оқушылары Аяулым Мелисова, Айберген Болат, Шыңғыс Телібаевтардың білімге құштарлығы Ғалиасқар Төлендіұлы бастаған қонақтардың көңілінен шығып, тәнті етті.

                    Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра

Дәл сол күні Ғалиасқар Төлендіұлы бастаған топ Белбұлақ ауылындағы №32 орта мектептің акт залында аудан тұрғындарымен кездесіп, Елбасының жуырда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттады. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы жиылған қауымға ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі, өткен жылдағы жеткен жетістіктері туралы айта келіп, Жаңа жылдарымен құттықтады. содан кейін баяндама жасау үшін сөз кезегін облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевқа берді.

— Елбасы әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән береді. Кезекті Жолдаудың негізгі мәні – «Адами капиталды дамыту», әлеуметтік саланы серпілтіп, тұрмыс пен табысты жақсартуға бірлесіп күш жұмсауға үндеу болды. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі – бұл ең алдымен өмір сүру сапасы мен деңгейін, еңбек пен тұрмыс жағдайын, инфрақұрылымды, әлеуметтік мәселелерді шешуді жақсартуды білдіреді. 21 қарашада Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын жариялап, қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Тарихымыздың жеті қырын атай отырып, өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зер­делеуге үндеп отыр. Біздегі мақсат – өздеріңізбен ой бөлісіп, ақылдаса отырып, бірге істейтін алдағы шараларымызды айқындап алу,-деп сөзін бастаған Ғалиасқар Төлендіұлы Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс екенін айта келіп,  Ұлы даланың жеті қырына тоқталды.

Ұлы даланың жеті қырының кез келгені – Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ елінің рухани бай­лығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген − Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ елінің ұлт­тық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар екенін тарқата айтқан партия басшысы жаһандану кезеңінде ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі екенін де еске салды. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жалғасы болатын Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға ба­ғытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне сенім артып, тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа жол тауып жетістіктерге жететінін айтып баяндамасын аяқтады.

Елбасымыз халыққа Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,- деп атап өткен болатын.  Өткен жылдың аяғына дейін елімізде 8-16 жас аралығындағы оқушылар үшін 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылып, онда жалпы саны  450 мың баланы оқыту жоспарланған екен. Ал Алматы облысында 20 ІТ сыныбы ашылса, соның үшеуі біздің ауданымызда ашылды. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».